Басты ақпаратРуханият

Әмбебап Әубәкір

Қазақстанға және одан тысқары шет елдерге кеңінен танымал суретші, актер, режиссер, биші-хореограф, Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайылов – Сәкен Сейфуллин бағын ашқан талант, тұңғыш кәсіби маман суретшінің бірегейі.

Ол – қазақ халқының эпосы «Қамбар батыр» тақырыбына салған акварель циклдері ел есінде сақталып, ғасырлар бойы жырланып келе жатқан аңызға жан бітіріп, образдарды бейнелеу шеберлігіне ұлттық ерекшелік колоритін қалдырған қылқалам шебері. Фольклор жинау тақырыбын туған жердің тарихын зерттеумен қатар жүргізген суретші майлы бояумен ұлттық тарихтағы қилы заманды бейнелейтін «Қазақтардың ұлы босуы» атты триптихын, «Исатай-Махамбет», «Балуан Шолақ» пен «Түйе палуан» акварельдерін, азамат соғысының батырлары: Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин, ұлы ақын Абай, тұңғыш рет қазақтың соңғы ханы Кенесары мен ұлы күйші Құрманғазының бейнесін кескіндеген портреттер салды.

Сонымен қатар оның елімізде кенжелеу дамыған би өнерін өркендетуде қосқан үлесі ұлан-ға­йыр. Ол Алматы филармониясы жанынан тұңғыш қазақ халық би ансамблін ұйымдастырды. Би ұжымының репертуарын «Қара жорға», «Ақсақ киік», «Қарасай», «Дауылпаз», «Өрмек биі», «Қылыш ойыны», «Айжанқыз» биімен байытты. Кино актері ретінде «Тақиялы періште», «Көгілдір маршрут», «Біздің сүйікті дәрігер», «Көкжиектер» фильмдеріне түсіп, айрықша актерлік дарынымен көрермен қошеметіне бөленді.

Әубәкір аға шебер домбырашылығымен қатар пианино, гармонь және гитара аспаптарында еркін ойнай беретін. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі халық ауыз әдебиетіндегі аңыз-әңгімелерді жинақтап, өте әсерлі етіп әңгімелеуші еді деп еске алады кейінгі әріптес інілері.

Әубәкір ағамыз – елордамыз Астанаға көшкенде «байғазым» болсын деп өзінің қылқаламынан шыққан 50 туындысын Астана көркемсурет галереясына тегін тарту еткен атымтай жомарт, ұлтжанды тұлға

Әубәкір Ысмайыловтың (1913-1999) өмірбаянын өз аузынан жазып алған журналист, энциклопедист-жазушы Асан Жұмаділдинге жүгінсек: «Мен документ бойынша 1913 жылы, ал шынында 1910 жылы туғанмын. Шерубай-Нұра туған жерім, Жартас деген жер, №6 ауыл (қазіргі Қарағанды облысы Тельман ауданы). Әкем Ысмайыл Спасскіде жұмыскер болған. Шешемнің аты Мәриям, руы Тоқа, Сәкенге жақын туыс болады. Әкем Нілдіде жұмыс істеген. Бала кезімде Нілдіде жүргенде-ақ сурет сыза бастаған едім. Қарсақпайға Нілдіден, Спасскіден саймандарды көлікпен тасыды. Сонда погонщик – көлік айдаушы болдым, 1925 жылы Қызылордаға бардым. Сәкен мені ала кел деген екен. «Еңбекші қазақ» газетіне 15 жасымда график-суретші болып орналастым. Абай мектебінде оқыдым. ҚазЦИК жанындағы Ғани Мұратбаев атындағы пионер отрядында вожатый болдым. Бір жарым жыл Сәкеннің үйінде бірге тұрдым. Сәкен мені ИЗО консультативный кружоктарға қатыстырды, Петропавлдың деткоммунасына оқуға жіберді. Онда ИЗО кружогы бар екен, 1927 жылдары «Қазкоммуна» деп аталады. Ол мектептің ИЗО кружогы Мәскеумен байланыс жасап тұрады. Онда Г.Савицкий деген профессионал художник арнайы сабақ берді. Қойшыбаев, Шегебаев, Сәрсенбаев сияқты талантты жігіттер бар еді. Бурабай, Көкшетауға апарып, табиғат суретін салдыратын.

Петропавлдың музейі мен театр клубында суретші болып істедім («Қара жорға» биін Дос­кей Әлімбаевтан үйреніп, 1928 жылы Ә.Ысмайылов суретші досы А.Шегебаевпен бірге Петропавл Мәдениет үйінің сахнасында «Қара жорға» биін билеген – автор). Картограф болып істедім. 1928 жылы Қазақстанның бірінші жылжымалы көркем суреттер көрмесі ашылды. Соған қатыс­тым. Бұл үлкен көрмеге алғашқы қатысуым еді. Онда «Сарыарқа даласы», «Бетпақдаладағы мерген», «Батырақтар», т. б. 20-дан астам сериялы қарындашпен салынған картиналарым, «Нілді», «Спасск», «Бурабай» (Сәкен Горькиймен бірге Бурабайда дем алды) деген суреттерім қойылды. Осы көрме әуелде Петропавлда, одан Павлодар, Семейге түйе керуенімен қыдырып жүрді. Содан Қарсақпайға дейін бардық. Н.Крутильников, Ф.Болкоев, М.Белов, В.Уфимцев сияқты қадау-қадау талант иелерінің ұйымдастыруымен өткен жылжымалы көрме көпшілік құрметіне тез бөленді. Н.Крутильников бастаған 8 адамбыз. Ішіндегі қазағы – мен. Жалғыз ат бар. Оған мен мінемін де керуенді бастап отырамын. Ол заманда мұндай Мәдениет үйлері жоқ. Көрмені киіз үйлердің арасына бақан құрып, соған ілеміз. Халық көп жиналады. Әлі жеңсігі қанбаған, сана-сезімі балаң халық анау не, мынау не деп сұрап білгенше құмартады.

Сәкен аға 1928 жылы Омбы қаласындағы жоғары оқу орнына студенттер даярлайтын М.Врубель атындағы көркем-кәсіптік техникумның қазақ жастарына арналған 3 айлық курсқа жіберді. Содан Мәскеудегі көркемсурет институтының көркем графика факультетіне түстім. Профеc­cионалдық жағынан тез өсуіме игі жәрдемін тигізді. 1931 жылы Мәскеуде өткен жас суретшілердің айтулы көрмесіне Б.Пророков, Ф.Решетников пен С.Урусевский және кейін өнердің ірі қайраткерлері болған басқа да жастармен бірге қатыстым. Бұл оқудан кейін Мәскеуде актер, режиссер дайын­дайтын жоғары оқу орнында оқыдым» деп жаздырыпты өз өмірбаянын (М.Спатаева. «Біздің үйдің қонақтары». Естеліктер. Алматы, 1999 жыл).

1932 жылы Ә.Ысмайылов Қазақстанға жоғары білімді кәсіби маман болып оралып, республиканың мәдени өміріне бірден араласып кетеді. Ол туған өлкесіндегі шахтерлер еңбегі тақырыбымен көбірек әуестенді. Кеншілердің бейнеті мол, ауыр еңбегін ол жастайынан біліп өсті, байырғы Қарағанды кеншілерінің көп жылдар өткен соң жаңа өмірін көрді, шахталар механикаландырылған, қайла мен күректің орнын техникалық құралдар басқан адал еңбектің куәсі болды. Осы әлеуметтік өзгерістерді Ысмайылов өзінің суреттері мен этюдтерінде көрсете білді.

Ысмайылов сол кезде өзіне атақты бельгиялық график ­Ф.Мазерельдің қолтаңбасы қатты ұнағанын, оған қатты еліктегенін еске алады. Сондықтан оның туындыларында белгілі қылқалам шеберлері А.Дейнека, Ю.Пименов және басқа белгілі қайраткерлердің ықпалы болуы – заңды құбылыс. «Қарағанды шахтерлері забойда» атты живопись еңбегі 1934 жылы Мәскеуде Шығыс мәдениеті музейінде өткен «Қазақстан өнері» көрмесінде көрсетіліп, жоғары бағалануы Қарағанды туралы суреттер циклінің мәнін бірден жоғарылатты.

1930 жылдардың бірінші жартысында Ысмайылов сая­си карикатура мен плакат жанрында көп еңбек етті. 1936 жылы суретші Мәскеуде өткен қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. А.Бортников, Ә.Қастеев, Н.Крутильников, А.Риттих, Н.Хлудов, Қ.Қожықов шығармаларымен қатар, Үлкен театр фойесінде Әубәкір Ысмайыловтың да шығармалары қойылды.

Мәскеудегі театр университетін бітірген ол халық хореографиясын жете зерттеп, Қазақ КСР халық биі ансамблін құрып, оның бірінші жетекшісі болды. Бишілік өнер Әубәкірге атасы мен әкесінен мирас болған деседі көнекөз қариялар. Халық билеріне тән әрекет, қимыл-қозғалысын салған альбом-оқулық, кейін балетмейстер Д.Әбіровпен бірігіп «Қазақтың халық биі» деген кітап баспадан шықты. 1964 жылы С.Сейфуллиннің 70 жылдық торқалы тойында Жаңаарқа ауданының Мәдениет үйінде киноактер, режиссер, хореограф, суретші, жан-жақты өнер иесі Әубәкір Ысмайыловтың сурет көрмесі ашылды. Сурет галереясын тамашалаушылардың легі толастамай, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Көрмеге қойылған 40-тан астам графикалық суреттерді көріп тамашалады.

Әубәкір ағамыз – елордамыз Астанаға көшкенде «байғазым» болсын деп өзінің қылқаламынан шыққан 50 туындысын Астана көркемсурет галереясына тегін тарту еткен атымтай жомарт, ұлтжанды тұлға. Биыл туғанына 110 жыл толатын халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың 100 жылдық торқалы тойы 2013 жылдың қыркүйек айында халықаралық конференцияға ұласты. Оған алыс-жақын шет елдерден көркемөнер корифейлері мен өнертанушы-ғалымдар келіп, пікір бөлісті және осы ауқымды шара аясында Астанадағы Тәуелсіздік сарайының көрме залында оның шашырап жүрген 100-ден астам туындысы жинақталып, суретшінің мерейтойлық көрмесі ашылды. Ғасырлық мерейтойы қарсаңында Астанада атына көше берілді. Бұл көше Рес­публика даңғылынан басталып, М.Ғабдуллин көшесін қиып өтіп, Ш.Иманбаева көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 498 м.

Серік ОСПАН,

өнер зерттеуші

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button