Басты ақпаратСараптама

Цифрлық теңге: Ол туралы не білеміз?

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пирматовтың қатысуымен брифинг өткізілді. Негізгі әңгіме алдағы уақытта еліміздің бюджетіне цифрлық (сандық) теңгені енгізу мәселесі төңірегінде өрбіді. Қазіргі инфляцияны ауыздықтау нағыз бас ауруына айналып тұрған кезде мұндай бастамалардың түп негізі – ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, нақты ақшаның айналымын бәсеңдету сөйтіп, теңгенің нығаюына ықпал ету.

Ұлттық төлем жүйесі жаңармақ

Ұлттық банктің тұжырымынша, цифрлық теңгенің өмірге келуі «смарт-контракт» тетіктерін пайдалана отырып, нарықтық қарым-қатынастардың үдемелі мүмкіндіктері жағдайында жаңа төлемдер сервисін қалыптастыратын болады. Бұл нарықтағы төлем қызметтерінің өсуіне жол ашатын бірден-бір қадам деп бағалануда.

Егер бұл жоба жүзеге асатын болса, Қазақстан өз валютасын сандық негізге көшірген елдердің көшінен қалмай, әрі бұдан былай зейнеткерлер де зейнетақыларын киберформатта алар еді.

Цифрлық теңге – жаңа үлгі. Ол қолма-қол ақшаның да, карточкадағы ақшаның орнына жүреді. Былайша айтқанда, қатар қолданыла береді. Мамандар оның айналымға енуі – ұлттық төлем жүйесін жақсартып, ақшамыздың құнсыздануын тоқтатады деп отыр. Цифрлық теңге криптовалютаға жатпайды. Оның қағаз ақшаға айырбастаудағы бағамы – 1-де 1 болмақ. Оны тек Ұлттық банк басып шығарады әрі Қазақстан Республикасының ішкі айналымында ғана жүреді.

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, қазір әлемнің 39 орталық банкі сандық ақшаны тәжірибе жүзінде сынақтан өткізуде. Еуропа мен Жапонияның бас­ты банктері «Stella» жобасын бірлесіп жүзеге асыруға ынталылық танытып отырса, Қытай «DC/EP-ді», Канада «Jasper-ді», Сингапур «Ubin-ді», Украина «e-Hryvnia-ді» шығарып, 2016-2017 жылдан бері цифрлық ақшаны пайдаланудың түрлі тетіктерін байқап көріп, халықтың талқысына салуда. Ал Багама мен Камбоджа мемлекеті биыл сандық ақшаны бірден пайдаланбақшы.

Цифрлық теңге блокчейнге енгізіліп, ақша қатаң бақылау­ға алынады. Бұл көлеңкелі экономиканың жолын кеседі

Осы елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, бұл жерде халыққа тиімді болып келетіні – сандық «әлеуметтік әмиян». Ол мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін шұғыл төлеуге немесе әлеуметтік төлем аясында шығындарға бақылау жасау­ға мүмкіндік береді. Екінші сөзбен айтқанда, бюджет қаржысының ашықтығына, оның мақсатты жұмсалуына ықпал етеді. Мәселен, Е-теңге жаңа мектептің қабырғасын қалау үшін кірпіш сатып алуға жоспарланса, оны ешкімнің де басқа мүддеге пайдалануына еш мүмкіндік болмайды. Бәрі айнадағыдай көпшіліктің көз алдында ап-айқын көрініп тұрады. Сондықтан бұл жерде көлеңкелі экономиканың да жолы кесіліп, Қазақстан экономикасының қоржыны толығады. Салық айналымы базасы ұлғаяды деп нақты тұжырым жасап отыр сарапшылар.

Бас банктің үш ұсынысы

2021 жылы Мемлекет басшысы үкіметке азаматтардың «әлеуметтік әмиян» есепшотын ашуды тапсырды. Бұл – елдің әр тұрғынына e-Gov. тұғырнамасында автоматты ашылуы керек жоба. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы есепшотқа зейнетақы, төлемақы, өтемақы, тағы да басқа әлеуметтік төлемдерді аударып тұруы қажет.

– Осы тапсырма қазір біртіндеп жүзеге асырылып келеді. «Әлеуметтік әмиян» ұялы телефондағы қосымша ретінде қолданысқа енгізіле бастады. Бір шоттан екінші шотқа ақша аудару, телефон теңгерімін толтыру, дүкендерден сауда жасағанда картамен ақша төлеу – осының барлығы цифрлық ақшаның алғы шарттары «әлеуметтік әмиянға» жатады, – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Цифр­ландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаментінің директоры Әлихан Әбілғазинов.

Енді банк шоттарынан бөлек халыққа мақсатты әлеуметтік көмек көрсету міндеті тұр. Аталған министрлік Ұлттық банкпен бірлесе отырып, осы жылы жобаны жүзеге асырудың барлық мүмкіндіктерін қарастыратын болады.

Ұлттық банк әзірге цифрлық ақшаны енгізудің нақты бір тұжырымын айқындаған жоқ. Бірақ үш нұсқаны алға тартып отыр.

Біріншісі – тікелей емес мүмкіндіктегі қарапайым екі деңгейлі жүйе. Мұнда Орталық және коммерциялық банк делдал ретінде көрінеді. Реттеуші банкіні бақылайды, қалғандары жеке және заңды тұлғалармен жұмыс жүргізеді.

Екіншісі – тікелей делдалсыз тек орталық банкпен жұмыс жүргізу. Жүйе пирамидаға ұқсайды. Бірақ тұрақты. Әсіресе, шағын кәсіп ашқан кәсіпкерлер үшін мүмкіндігі жоғары.

Ал Ұлттық банктің үшінші ұсынысы – гибридтік үлгі түрінде. Орталық банк пен делдал көтерме банктер резервтік инфрақұрылымдарды қатыстыра отырып, базалық басымдықты қалыптастырады.

Бұған қоса, жаңа валюта ақшалай немесе қаржылық тұрақтылыққа әсер етпеуі керек, ақшаның қолданыстағы түрлерін толықтыруы тиіс, төлем тиімділігін арттырып, инновацияны дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.

Міне, осының барлығы – цифрлық теңгені жан-жақты қолданысқа енгізу жолындағы Ұлттық банктің алға тартып отырған ұсыныс жобалары. Бұған осы саланың майын ішкен, қаржыгерлер мен банк қызметкерлері тиісті бағасын беріп, өздерінің ой-пікірлерін айтады деп ойлаймыз. Әйтпесе, мұндай тың нәрсеге қатардағы қарапайым салымшының немесе тұтынушының тісі бата бермейді. Жұртшылыққа керегі – күнделікті қолданысқа ыңғайлы, тиімді де тұрақты ақша қаражаты ғана.

Тұжырым – мамандарда

Халықаралық «Exnte» инвес­тициялық компания­сының сарапшысы Болат Санаевтың айтуынша, цифр­лық валютаның бірнеше түрі бар көрінеді.

– Мәселен, қазірдің өзінде азаматтар оның кейбір түрлерін пайдаланып та жүр. Бірақ ол әлі сандық ақша деп айқындала қойған жоқ. Ал енді оның «қытайлық нұсқасына» көшкен кезде өз алдына бөлек әмиян ашылуы керек шығар? Бұл транзакция бағасын төмендетіп, «операциялық күн» деген ұғымды жояды. Банкілерде барлық жүйе автоматты түрде адамның қатысынсыз жұмыс істейтін болады.

Цифрлық теңге блокчейнге енгізіліп, ақша қатаң бақылау­ға алынады. Бұл көлеңкелі экономиканың жолын кеседі. Қазақстан Президентінің «көлеңкелі экономикаға тұсау салу үшін пәтерді де, машинаны да нақты ақшаға алуға тыйым салу керек» деген сөзінің жаны бар. Бізде қазір әлі баспана сатып алатындар бір қап ақшасын өздерімен бірге көтеріп жүреді. Нақты ақша жүрген жерде сыбайластықтың да, қылмыстың да көлеңкесі байқалады. Ал цифрлық ақшада бәрі алақандағыдай көрініп тұрады. Әрі аптасына 7 күн, 24 сағат қаржылық қызметі үздіксіз қолжетімді цифрлық экожүйеге бір тиын да үстемеақы (комиссия) алынбайды. Мәселен, ірі мегаполистердегі қоғамдық көліктердің жолақысын төлеу түгелдей сандық теңгеге көшіріліп еді, кейбір кэшбекте отырғандардың қарсылығына қарамай, автопарктер оны бірден өндіріске енгізіп, пайдаланып кетті. Расында да цифрлық ақша үдерісі оның қайдан келгені, қайда түскені, неге арналғаны барлығы көрініп тұрғандықтан, бақылауға оңай, әрі тиімді» дейді қаржы сарапшысы.

P.S:Әрине, бұл төңіректе пікір де сан алуан, алып-қашпа әңгімелер де жетерлік. Соның бәрін қаржыгерлер мен экономистер, банк мамандары мен сарапшылар тұжырымдап, жұртшылыққа кеңінен ұсынса дейміз. Сонда Ұлттық банк те қанатқақты жобалар аясында цифрлық ақшаны тезірек сынақтан өткізіп, халықтың игілігіне пайдалану үшін айналымға шығарар еді.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button