Басты ақпаратБілім

Кәсіптік білімнің болашағы қандай?

Қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының негізгі міндеттерінің бірі. Биылғы тамыз конференциясы білім саласына ерекше талаптар қойып отырғаны белгілі. Колледжде балалардың тегін білім алып, білікті маман болып қалыптасуы – мемлекеттің айрықша бақылауында.

Астанада «Қаз­тұты­нуодағының жоғары колледжі» білім мекемесінің базасында «Қазақстан Республикасындағы орта білімнен кейінгі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың заманауи тенденциялары» тақырыбындағы «Экономика және маркетинг» бағыты бойынша панельдік сессия өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасындағы кәсіптік білім беруді жаңғырту шеңберінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесін дамытудың негізгі стратегиялық бағыттарын талқылау және жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестікті нығайту.

Мамандықтар сұранысқа ие ме?

Жиынға ҚР Оқу-ағарту минис­тр­лігінен, қалалық мәслихаттан депутаттар, Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасынан, «ТаIаp» КЕАҚ, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығынан, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан, елордалық Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес мүшелері, Астана қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығынан», ТжКБ әлеуметтік серіктестері, бизнес-қауымдастықтың жетекші мамандары, колледж педагогтары, ата-аналар, студенттер қатысты.

Астана қаласының «Қазтұтынуодағының жоғары колледжі» білім мекемесінің директоры Мырзабек Күжімов кіріспе сөз сөйлеп, жиынға модератор болды.

Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Олжас Омар құттықтау сөз сөйледі.

«Атамекен» ҰКП адами капиталды дамыту Департаменті директорының орынбасары Ләззат Шонаева «Еңбек нарығының сұранысына сай кәсіптік білім беру сапасы» тақырыбында баян­дама жасады.

ҚР ОАМ техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің мазмұн және әдістеме басқармасының басшысы Гүлвира Ошакбаева «ТжКБ-де академия­лық дербестікті ескеретін білім беру бағдарламалары» тақырыбында осы саладағы өзекті мәселелерді қозғады.

«WorldSkills – негізгі міндеттері және даму перспективалары» туралы ТжКБ саласында сарапшы Санжар Татибеков айтты.

«Кәсіпорындардың сұранысы бойынша кадрларды мақсатты даярлау – жоғары сапалы тәжірибеге бағытталған кәсіптік білім беруді дамыту факторы ретінде» атты баяндамасында «СКИФ ТРЕЙД» ЖШС Солтүстік өңірлік HR директоры Камила Жумадилаева «Жұмыс беруші кәсіпорын қажетті мамандарға сұраныс беру арқылы өз өндірісіне сай даярланған кадрларға ие болады. Оқу нәтижесі бойынша кәсіпорын студенттерден қорытынды емтихан қабылдайды. Сондай-ақ кәсіпорын «колледж-студент-кәсіпорын» үш жақты келісімшартына сәйкес, оқуын аяқтаған студентті жұмысқа орналастыруға міндетті» деді.

Астана қаласы әкімдігінің Astana Polytechnic жоғары колледжінің арнайы пән оқытушылары А.Маматжанова мен М.Сембина «Академиялық еркіндік – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында баяндама жасады. Astana Polytechnic жоғары колледжі 2018 жылы және 2021 жылы колледж Астана қаласы бойынша колледждер арасында «Үздік колледж» атанып, 10 000 000 теңгеге әкім грантын ұтып алған оқу орны. Колледжде IT-технологиялар бойынша құзыреттілік орталығы ашылды. Бұл – цифрлық сала бойынша мамандарды даярлау жүргізілетін орталық. Ол – сарапшылар пулын, басқа колледждердің және тіпті басқа өңірлердің оқытушыларын кәсіби тұрғыдан жетілдіруге арналған, сондай-ақ WorldSkills әлемдік жұмысшы мамандықтар чемпионатына қатысушыларды даярлайтын жаттықтыру базасы.

Сонымен қоса, колледжде орналасқан «КНАУФ», «BOSCH», «ТехноНиколь», GROHE атты ресурстық орталықтар жұмыс жасайды. Bosch Thermotechnik оқу орталықтары материалдық-техникалық базаны толықтыра отырып, студенттердің тәжірибелік машықтарын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Астанадағы автомобиль электроникасы және электромобиль бойынша жалғыз  «ExtLab» зертханасы» жұмыс жасайды.

Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің арнайы пәндер педагогы К.Ахметов «Маркетинг мамандарын даярлаудағы заманауи тенденциялар» туралы айтса, ВТБ/Казахстан банкінің жеке тұлғаларға қызмет көрсету бөлімінің басшысы, Астана қаласы Д.Қонаев атындағы колледжінің әлеуметтік серіктесі Самғат ­Айтжан «Кәсіби ұтқырлық – еңбек нарығында мамандардың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастырудың негізі» тақырыбында өзекті мәселелермен бөлісті.

Артықшылықтары неде?

Шын мәнінде, әсіресе экономикалық және жеке, кәсіби тұрғысынан қарағанда артықшылықтар өте көп. Колледжде 2 немесе 3 жыл оқудан кейін жасөспірімнің нақты мамандығы болады, яғни ол белгілі бір салада жұмыс істеу үшін қажетті білімдер мен дағдыларды толық меңгереді. Оның үстіне, колледжде ұсынатын көптеген мамандықтар өте сұранысқа ие. Ал маманның дипломы – бұл өз бетінше ақша табу мүмкіндігі, сол арқылы отбасындағы қаржылық жағдайды жақсарта отырып және де ата-аналарға оқыту процесінің өзі үшін ақша берудің қажеті жоқ, өйткені оқушы бюджеттік негізде стипендия ала отырып оқи алады. Бірақ, бұл колледжге түсудің барлық оң жақтары емес.

Қаржылық тәуелсіздікпен бірге жас жігіт немесе бойжеткен неғұрлым сапалы тұлғалық өсудің бірегей мүмкіндігін алады, өйткені оқыту шарттары оқушыларда жауапкершілік, ұйымшылдық, дербестік, қиындықтарды жеңе білу және өз уақыты мен ақшасын бағалай білу сияқты қажетті қасиеттерді дамытады.

Міне, 2-3 жылдан кейін, әлі мектеп парталарында отырған немесе жоғары оқу орнында оқуда ұзақ жолын бастап жатқан оның құрдастарына қарағанда, біздің алдымызда ересек білікті маман тұрады. Бұл ретте колледж түлегіне университетке түсуге ешнәрсе кедергі келтірмейді, колледжде оқу – арманына арман қосып, мақсатына жаңа мұраттарды межелейді.

Ең бастысы – қоғамда жоғары сұранысқа ие жас маман иесі өзіне ғана емес, еліне де пайдалы еңбек жасап, мемлекетіміздің көркеюіне өз үлесін қосады. Ендеше, кәсіптік білім алған жастарды, мамандарды даярлайтын колледждер – жаңа талаптарға заманға сай жауап беретін зор мүмкіндіктер алаңы деп бағалауға әбден болады.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button