Мәдениет

1032 орындаушы – 1 күй

Физика-математика бағытындағы елордалық Назарбаев зияткерлік мектебінде 1000 оқушы бір мезетте бірнеше күй орындады. Іс-шара оқу жылының соңында «Ең ауқымды домбыра сабағы» атауымен Гиннесс рекордтар кітабына енеді.

[smartslider3 slider=3058]

 Рекордтар кітабына енуге өтінімді былтыр желтоқсан айын­да берген. Нәтижесінде сабақты 25-тен астам стюард пен 2 куәгер қадағалады. Олар қатысушылардың домбыра шертіп отырғанына көз жеткізді. Оқушылар «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» танымал күйлерін күмбірлете орындады.

Сабақты Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған өткізді.

– Біздің оқушылар физика, математика бағытын тереңдетіп оқыса да, өнерден құралақан емес. Балалар домбыраны тез меңгеріп алды. Оларды нотамен емес, тек қағыс­тарды көрсету арқылы үйреттік. Пандемияға дейін көп күй тартып үйренген едік. Кейін дайындық онлайн болды, сәл нашарлап қалдық. Келесі жылы ұстаздармен бірге оқушыларға «Сарыарқа» күйін үйрету ойымызда бар, – деді Айтжан Тоқтаған.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш ­Шәмшидинованың айтуынша, негізгі мақсат – балаларға домбыраны үйрету.

– Бұл арқылы балаларға ұлттық тәрбие беріп, ұлтжанды азамат тәрбиелегіміз келеді. Оқушылар жас болса да қазақтың домбырасын дүние жүзіне танытты. Осы арқылы әр бала өз үлесін қосты. Сондай-ақ бүгін барлық Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу жылы домбыра сабағымен аяқталып жатыр, – деді Күләш Шәмшидинова.

8-сынып оқушысы Әлтайыр Жұмаш ауқымды шараға көп уақыт дайындалғанын айтты.

– Қыстан бері дайындалдық. Бәріміз қобалжыдық. Бірақ барлығы жақсы өтті деп ойлаймын. Домбыраның әуені әдемі. Алдағы уақытта жалғастыру ойымда бар, – дейді ол.

Еліміздегі барлық НЗМ-де «100 күйдің тарихы» жобасы аясында барлық мектепте домбыра ансамбльдері мен студиялары жұмыс істейді.

Баян асылбекова

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button