МәдениетСұхбат

Бауыржан ӘНДІРЖАНОВ, бас-баритон, «Астана Опера» театрының жетекші солисі: МЕН ҮШІН «ОЛИМП» ДЕГЕН ТҮСІНІК ЖОҚ

DSC_6674

Оның өмірі ұшумен, көшумен, жұмыспен және оқумен өтіп жатыр. Бауыржан Әндіржанов Алманиядан келе салып, «Астана Операда» Дж. Пуччинидің «Богема» операсының премьерасында ән шырқады да, қайта жолға шықты. Ол атақты «Teatro dell’ Opera di Roma» (Рим, Италия), «Aalto Musik-Theater» (Эссен, Алмания), «L’Opera Theatre de Saint-Etienne» (Сан-Этьен, Франция) сияқты бірнеше театрларда өнер көрсетті. Алда әлі Россини фестивалі («Rossini in Wildbad Belkanto» Opera Festival, Алмания) және «Aalto Musik-Theater» (Эссен, Алмания) театрының төрі күтіп тұр. Сапар алдында әншімен аз-кем сұхбаттасып қалған едік.

– Шығармашылық жолыңыз қалай басталды?

– Бала күнімде көптеген конкурс­тарға қатыстым. Маған үнемі анам бағыт-бағдар беріп отыратын. Сөй­­тіп, бойымдағы музыкаға деген сүйіс­пеншілігімді оятты. Кейін музы­­камен кәсіби тұрғыда айналыса бастадым. Бірде Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрына экскурсияға барудың сәті түсті. Театрдың босағасын аттағаннан-ақ маған керегі музыка екенін түсін­дім. Сөйтіп, ұстазым Қанат Әбдіқа­діровтың класына оқуға қабыл­дан­дым. Кейін Италияның Озимо қаласындағы халықаралық Вокал академиясында білімімді жалғас­тырдым. Осылайша италиялықтар тілін мең­геріп, жап-жақсы сөй­лейтін болдым. Қазір шет тілдерді білген өте маңызды. Мен сондай-ақ, ағылшын тілін білемін, немісше үй­реніп жатырмын. Әрине, мұны­мен тоқтап қалмаймын.

– Опера олимпіне көтеріліп, сол биіктен төмендемес үшін не керек деп ойлайсыз?

– Мен үшін «Олимп» деген түсінік жоқ, себебі ненің болса да шарықтау шегі деген ұғым – белгілі бір биікке жетесің де, сонымен тоқтайсың деген сөз. Бұл дұрыс емес. «Опера Олимпінде тұрақтап қалу» дегеннен гөрі, менің жаныма «қозғалу» сөзі жақын және ол қозғалыс тек алға қарай болуы керек. Мен үшін опера – бұл өмір. Маған сахнада тағдырларды сомдап, олардың өмірін бастан кешкен ұнайды. Әрі үнемі алдыма мақсат қоямын және соған ұмтыламын. Өнерде жолым болды дей аламын. Өйткені, өз кәсібімді жақсы көремін. Және жұмыстың қанша пайда әкелетіні маңызды емес, өзімді сол жұмыста қажет әрі пайдалы сезінген маңызды. Егер бір нәрсе ұнамаса, қолымнан келіп тұрса да, онымен айналыспаймын.

– Өнер саласындағы бәсеке­лес­тікке қалай қарайсыз?

– Әр театрда, әр мамандықта міндетті түрде бәсекелестік болуы керек деп есептеймін. Онсыз ешқашан табысқа қол жеткізбейсің. Бұл бәрінен бұрын алға жылжуға мүмкіндік береді, бойыңдағы күш-жігеріңді оятады.

– Өз кейіпкерлеріңіз жайлы не айтасыз, сізге олардың барлығы ұнай ма? Табиғатыңызға кереғар, алайда ойнауға мәжбүр болған рольдер бар ма?

– Менде ұнамсыз кейіпкер жоқ. Ол басты роль ма, екінші орында ма, маңызды емес. Мен тағдырға сенемін, бізге бұйыратын нәрсенің бәрі бекерден-бекер емес.

– Репетицияны былай қойғанда, қойылым алдында өз алдыңызға бөлек дайындық жүргізесіз бе, дауыс гимнастикасы, ерекше диета деген сияқты…

– Табыстың негізін үш нәрсе құрайды: жақсы физикалық форма, көтеріңкі көңіл-күй және тәртіп. Таңертең гимнастика жасау, жүгіру – осының барлығы өмірімнің ажырамас бөлігі.

Сұхбаттастқан Еркежан Сәтімбек

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button