Sport

«АСТАНА» КОМАНДАСЫ УЕФА-НЫҢ ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫНДА

ассссссстанааааа

Футболдан биыл Қазақстан чемпионы атанған елордалық «Астана» командасы 2015 жылы УЕФА-ның Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайтын болады.

Алғашында, атап айтқанда, 2009 жылы  «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қолдауымен құрылған «Астана» клубы еліміздегі жас командалардың бірінен саналады. Елордалық команда болған соң алғашқы маусымда-ақ осы ұжымда ойнауға жақсы ойыншылар бірден ықылас танытты. Сөйтіп, салған жерден «Астана» ұлттық чемпионаттың күміс жүлдесіне ие болды. 2010 жылы Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. 2011 жылы ел чемпионымен сынға түсіп, әр жылдың маусымашар ойынында Суперкубокты ұтып алды. 2012 жылы біріншілік медалін алуға жақын қалған-ақ еді. Алайда, соңғы ойындардағы жоғалтқан ұпайлар жүлдегерлер қатарынан көрінуге мүмкіндік бермеді. Есесіне 2013 жылы өте жинақы ойын өрнегін көрсете білді. Осылайша «Астана» қысқа тарихында екінші рет күміс жүлдеге қол жеткізді.

Көп  ізденген, алдына биік мақсат қойған команда бүгінде «Астана» Президенттік кәсіпқой клубтың мүшелігіне қабылданған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен жүзеге асырылатын клубқа тек халықаралық аренада Қазақстан абыройын көтеретін командалар немесе спортшылар қабылданатыны белгілі. Сондықтан да «Астана» футбол клубы алдына да айрықша мақсаттар қойылып отыр. Осы орайда, елордалық команданың УЕФА-ның клубтық турниріндегі алғашқы ойындарын жақсы көңілмен атап өтуге болады. Мәселен, биыл жазда «Астана» командасы Еуропадағы  клубтық турнирде тұсаукесер маусымын өткізіп, қалың жанкүйерін қуанышқа бөледі. Атап айтсақ,Еуропа лигасының бірінші айналымында Ереванның «Пюник» командасымен сынға түсіп, екі ойында қатарынан ұтса, екінші айналымда Израильдің «Хапоель» клубын да айқын басымдықпен тізе бүктіріп, үшінші раундқа шықты. Бұл жолы  Швеция футболының лидері АИК командасына қарсылас атанды. Еуропалық футболда өзіндік дәстүрі қалыптасқан командаға қарсы жан-жақты дайындалған елордалық «Астана» барша қазақстандықтарды, тіптен еуропалық мамандардың өзін таңқалдырып, АИК асуын да бағындырып қайтты. «Астана Арена» стадионында өткен бірінші ойы­нда есеп 1:1 болып аяқталған еді. Қалай дегенмен азулы қарсыласпен осылай ойнағанымызға да қанағат еткенімізді несіне жасырамыз. Алайда, біздің команданың бүкіл потенциалы толық ашылмағанын аңғармаған екенбіз. Стокгольмде өткен қарымта ойында «Астана» керемет ойын көрсете білді. Швеция астанасында астаналықтар қарымтасыз үш гол соғып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Осылайша, «Астана» УЕФА Еуропа лигасының плей-офф сынына түсті. Ал бұл сында осалдар болмайтыны анық. Қарсыласымыз Еуропадағы үздік командалардың бірі «Вильяреал» болды. Испания командасымен болған ойын шынымен де біздің жас команда үшін оңайға соқпады. Екі ойынның қорытындысында Чемпиондар лигасының топтық турниріне испандықтар өтті. Осы ойындардың бәрі біздің команда үшін ең бастысы өлшеусіз тәжірибе берсе, сонымен қатар жеңіске деген жігерді көтерді. Демек, бұл нәтижелерді келешектен күтетін үлкен жеңістердің игі бастамасы деп білеміз.

Ал ұлттық чемпионатта алтыншы рет бақ сынаған «Астана» тұңғыш рет алтын медаль иегері атанды. Болгарияның білікті маманы Станимир Стойлов баптаған елордалық ұжым сонау ерте көктемде басталған чемпионаттың әр ойынында командалық жинақылық көрсетіп, өзімен үзеңгілесіп шапқан «Ақтөбе», «Қайрат» және «Шахтер» командаларын чемпионат соңындағы шешуші ойындарда шаң қаптырып кетті десе болады. «Астана» командасының бірнеше ойыншылары «Қазақстан чемпионатының үздік 33 ойыншысы» қатарынан көрінді. «Астана» құрамында ойнайтын Оңтүстік Африка Республикасы құрамасының ойыншысы Фокси Кетевоама Қазақтан чемпионатында 16 гол соғып,  үздік мерген футболшы әрі үздік легионер футболшы болып танылды.

«Астана» командасының бірнеше футболшысы Қазақстан ұлттық құрамасында да жақсы ойын өрнегін көрсетіп көзге түсті. Қайрат Нұрдәулетов, Танат Нөсербаев, Ба­уыржан Джолчиев, Дмитрий Шомко, Абзал Бейсебеков, Валерий Коробкин, Елдос Ахметов сынды жігіттер ел намысын қорғайтын ойындарға қатысты.

Бүгінгі таңда «Астана» командасы 2015 жылғы чемпионатқа әзірлікті бастап кетті. АлғаЖелтоқсан айының 10 – 20 аралығында Анталияда алғашқы оқу-жаттығу жиынын да өткізіп келді. Негізгі ойыншылармен қатар бірнеше жас футболшыларды сынақтан өткізді. Алдағы жылдың 4 – 24 қаңтар аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде екініші жаттығу жиындарын өткізуді жоспарлап отыр.

2014 жылдың чемпионы «Астана» командасы үшін 2015 жыл үлкен мақсаттар жылы болмақ. Біріншіден, ел УЕФА-ның Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайтын болады. Сонымен қатар, Қазақстан чемпионы атағын сақтап  қалуға күш салады. Ал, біз болсақ, сүйікті командамыздың жеңісті сәттеріне қуанып жүре бергіміз келеді. Олай болса, жылдың үздік спорт ұжымы атанған «Астана» командасына сәттілік тілейміз.

        

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button