Басты ақпарат

«7-20-25»: Үйсіздердің үміті ақтала ма?

«7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2018 жылғы 10 қыркүйектегі жағдай бойынша қарыз алуға 26,7 млрд теңге сомасына 2255 өтініш қабылданды. Оның ішінде 18 млрд теңге сомасына қарыз беруге 1514 өтініш мақұлданды» деп хабарлады жуырда Ұлттық банктің баспасөз қызметі. Демек, 741 адамның өтініші мақұлданбаған. Елбасының өзі жариялаған барша қазақстандықтарға қолжетімді болуы тиіс бағдарламаға қатысуға өтініш берген 741 адамның үміті неге үзілді? Бұл бағдарлама да бұрынғылардың кебін киіп, баспанасыздардың басты мәселесін шешуге қауқарсыз ба? Елімізде «7-20-25»-тің талаптарына жауап беретін дайын тұрғын үйлердің тапшылығы құрдымға құлатпай ма? 25 жыл бойы ипотекамен үй алған адам бірнеше баласымен өмір бойы 1 бөлмелі пәтерде тұра бере ме? Осындай сауалдарға жауап іздеп, сараптама жасауды жөн көрдік.

Қолжетімді ипотека алу неге қиын?

Біз бұл тақырыпты газе­тіміздің өткен сандарының бірінде («Арзан ипотеканы кім алады?», «Астана ақшамы», №57, 15 мамыр, 2018 жыл, 3-бет) егжей-тегжейлі жазғанбыз. Одан бері төрт ай уақыт өтіпті. Нәтиже қандай? Ең әуелі осы бағдарламаны жүзеге асырумен айналысатын «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-қа хабарластық. Сыртқы коммуникациялар қызметі «Құзырлы мекемеге 6 қыркүйекке дейінгі ахуал бойынша 24 млрд теңгеге 2008 өтініш түскен, соның ішінде 16 млрд теңгеге 1300-ден астам несие мақұлданды» деген ресми мәлімет берді. Арзан ипотеканы алуға өтініш бергендердің көшін Астана, Алматы, Ақтау қалалары бастап тұр. Алайда үйден үміттілердің бәрінің өтініші қанағаттандырылмаған. Мәселен, Астанадан 475 адамның 135-інің, Алматыдан 701 адамның 219-ының, Ақтаудан 182 адамның 77-сінің ғана өтініші мақұлданған. Павлодардан 9 адам, Атырау мен Маңғыстаудан 1 адамнан өтініш бергенімен, ешқайсысы мақұлданбаған.
Ал 10 қыркүйек күні Ұлттық банктің баспасөз қызметі ­«7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2018 жылғы 10 қыркүйектегі жағдай бо­йынша қарыз алуға 26,7 млрд теңге сомасына 2255 өтініш қабылданды. Оның ішінде 18 млрд теңге сомасына қарыз беруге 1514 өтініш мақұлданды» деген басқа ақпаратты жария етті. «Қазақстандағы құрылыс компанияларының салып жатқан үйлері қымбат. Солардың бірі – «BI Group» компаниясы. Алматы мен Астанада «7-20-25» бағдарламасымен үй алуға өтініш бергендерге тек «BI Group»-тың үйлерін сатып алуды міндеттеп жатыр» деген ақпаратты құлағымыз шалған. Осы сауалды «Баспананың» баспасөз қызметіне тікелей жолдадық. Айбар есімді азамат «BI Group» бойынша ондай міндеттеме жоқ. Алматы, Астана, Атырау, Ақтау қалаларында 25 млн-нан, өзге өңірлерде 15 млн-нан аспайтын жаңа бастапқы үй болса, кез келген құрылыс компаниясының пайдалануға берілген үйлерін сатып алуға болады» деп жауап қайырды. Қош делік.

Кімге сенеміз: «Баспанаға» ма, банкке ме?

«Біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей, еліміздегі миллиондаған баспанасыздардың арасынан 1514 адамның ғана жолы болғанына таңданып отырғанбыз. «Баспана» ипотекалық ұйымы Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасы бо­йынша сатып алуға болатын бар-жоғы 1500 пәтер қалғанын хабарлады. «Қазіргі кезде бізде «7-20-25» бағдарламасы бо­йынша тұрғын үй тапшылығы байқалады. Нарыққа жасалған талдау көрсеткендей, 2018 жылдың шілдесінде еліміздегі 3000 пәтер бағдарламаның талаптарына сәйкес келді. 1500-ден астам адамның өтініші мақұлданды, яғни қалғаны 1500 пәтер ғана» деп мәлімдеді «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-тың басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков ОКҚ-дағы брифингте. Тығырықтан шығатын жолды табу үшін бағдарламаға өзгеріс енгізілді. «Баспана» компаниясы жергілікті атқарушы органдарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша жаңа үйлер нарығындағы ұсыныс­тарды ұлғайту мақсатында 150 млрд теңге бөлмекші.
Бұған қоса, «Баспана» ипотекалық ұйымы екінші нарықтағы (бұрын пайдаланылған үйлер) үйлерді сатып алуға мүмкіндік беретін «Баспана хит» арнайы жобасын дайындады. Алғашқы жарна баспана құнының 20 пайызын құрайды, пайыздық мөлшерлеме – 10,75 пайыз, несиелеу мерзімі – 15 жылға дейін. Айт­пақшы, Қ.Алтынбеков қазақстандықтардың жоғары табысты талап етуге қатысты сауалына жауап берді. «Мамандарымыз мынадай талдау жасады: егер екі адамнан тұратын отбасы 10 млн теңгенің үйін аламын десе, 2 млн теңге алғашқы жарнасын төлейді. 8 млн теңгені банктен несиеге алады, ай сайынғы төлемақысы – 56 мың теңге, олардың табысы 120 мың теңгеден кем болмауы тиіс. 300000 теңгені ешкім сұрамайды» деді ол.
«Мен не деймін, домбырам не дейді?» депті біреу баяғыда. Сонда баспаналы болудан үмітін үзген 741 адамның өтініші неге мақұлданбады? Тағы бір дерек. 2018 жылдың 28 тамызына дейінгі ахуал бойынша ең көп өтініш қабылдаған банк – «Центркредитке» 1758 адам өтініш беріп, нәтижесінде 653 адамға қарыз берілген. Ал 1105 адамның өтініші неге мақұлданбаған? Мұны банктің өзінен білмек болып, Астанадағы Қабанбай батыр даңғылындағы «Центркредитбанк»-ке бас сұқтым. Өзін «несиелік менеджермін» деп таныстырған Сымбат Мұратов өтініш бергендердің көпшілігінің несиелік тарихы, табысының аздығы, басында баспана тіркелгендігі кедергі болатынын айтты. «Ең алдымен қарыз алуға өтініш берген адамның несиелік тарихына, айлық табысына қараймыз. Басқа банктерден алған несиесін төлемейтін адамдар болады. Олар бұл бағдарламаға үміткер бола алмайды» деді банк қызметкері. Оның айтуынша, «7-20-25» бағдарламасымен үй алуға үміті бар адамның айлық табысы 300000 теңгеден кем болмау керек. Кеше бір адам құжат тапсырыпты. Ай сайын 200000 теңге жалақы алады. Екі баласы бар. Жұбайы – декреттік демалыста. Жаңадан салынған үйден үш бөлмелі пәтер алғысы келген. Айлық табысын 25 жылға 7 пайызбен есептесек, ай сайынғы төлемі 141355 теңге болады. Төлемдердің жалпы сомасы 42406751 теңгені құрайды. 200000 теңгеден 141355 теңгені шегерсек, 58000 теңге қалады. Бұл ақша ай сайын өзін, отбасын асырауға жетпейді. Сол себептен қоса қарыз алатын адам іздеу керек. Оның табысы 300000 теңгеден кем болмауы тиіс.

Банкке де «таза» адам керек

4 шілдеде іске қосылған «7-20-25» бағдарламасының кемшіліктері көбейіп келеді. «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ та бұйырмайды» дегеннің нақ өзі емес пе? Ұлттық банк әуелі басында құжырасы бар, табысы төмен отандастарымызды бұл санатқа кіргізбей тастады. Ол аз десеңіз, қарапайым азаматтарға несиелік тарихы, зейнетақы аударымдары да кедергі болуда. Астаналық Аслан Әбілов – жұбайымен бірге ақша жинап, үй алуға жол ашатын бағдарламаны ұзақ күткендердің бірі. «2018 жылдың наурызынан бері ай сайын 240 мың теңге жалақы аламын, жұбайымның табысы маусымнан бастап 250 мың теңгені құрайды. Біз екінші деңгейдегі төрт банкке (Центркредитбанк, Цеснабанк, АТФ және RBK банк) қарыз алуға арыздандық. Барлығы да бас тартты. Бұған жұмыс берушінің зейнет­ақы аударымдарын ай сайын түсірмейтіні себеп болыпты. Сөйтіп, табысы расталмаған тұлғаға айналдым. Ал несиені жұбайымның атына алайын десек, 14400000 теңгені қайтару үшін ай сайын 100000 теңге төлеуге қабілетсіз көрінеді. Осылайша бағдарламадан үмітімізді үздік» деп жазды Аслан Facebook-тегі парақшасында.
Алматылық Жанар Бекенованың да басындағы жағдай осыған ұқсас. Күйеуі – 245000 теңге, өзі 256000 теңге айлық алады екен. Банктен қарыз алуға екі нәрсе кедергі келтіріпті: бірі – дер уақытында зейнетақы аударымдарының түспегені, екіншісі – кредиттік тарихтағы қалып қойған «таңба». «Бір жолы несиемді 92 күнге кешіктіріп төлеген едім. Біз 15000000 теңгенің үйін 50 пайызын төлеп, қалғанына банктен қарыз алмақ болдық. Банктегілер «таза» адамды тауып, ипотеканы соған рәсімдеңдер деп кеңес берді. Сонда әрбір қазақстандыққа қолжетімді бағдарлама дегені қайда?» дейді көңілі қалған Жанар.

«Баспана хит» не ұсынады?

«7-20-25» бағдарламасына қатыса алмаған қазақстандықтар «Баспана хит» жобасына елең ете қалғаны анық. Енді есептеп көрелік. Егер пәтердің құны 12 млн теңге болса, Астанада оған тек бір бөлмелі пәтер сатып аласың. Алғашқы жарнасы 2,5 млн теңгені құрайды. Пайыздық мөлшерлемені 10,75-пен санасақ, ай сайын 107611 теңге шығады. 25 жыл бойы осындай соманы төлеп отырасың. Экономистердің есептеуінше, осы қарыз бо­йынша 9800000 теңге артық төленеді екен. Тағы бір есеп-қисап. Мәселен, бір адам банктен 11,6 млн теңгеге 7 пайызбен 25 жылға қарыз алды делік. 25 жылда төленетін пайыздардың сомасы 12995916 теңгені құрайды. Түптеп келгенде, 24595916 теңге төлеу қажет. Ай сайын 81986 теңгеден төлегенде, 300 төлем жасалады. Демек, қарыз алушы адамның жалақысы кем дегенде 165000-280000 теңге болуы шарт. Ал еліміздегі орташа жалақы көлемі 158000 теңгені құраса, кейбір азаматтар 60000-84000 теңге айлық алатын болса, олар бұл бағдарламаға қалай қатысады? Ал 25 млн теңгеге ипотекалық несиені рәсімдеймін десеңіз, қалтаңызда 6 млн 250 мың теңге болуы шарт. 25 жыл көлемінде: 300 ай бойына 170000-нан банктің қарызын қайтарасыз, 300-ді 170000-ға көбейтсек, 51000000 теңге шығады. 26000000 теңгені артық төлейсіз. Әрине, мұндай қаражатыңыз болса…

Пайызын неге азайтпаймыз?

Қит етсе Ресейдегі жаңалықты көшіруге, үлгі тұтуға құмармыз ғой. Онда неге көп балалы отбасыларға арналған ипотекалық бағдарламасын үлгі етпейміз. 2018 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін екінші немесе үшінші баласы дүниеге келген ресейлік отбасылардың жылдық мөлшерлемесі 6 пайызбен берілетін ипотеканы алуға мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда ипотека бірінші нарықтан (жаңадан салынған үйден) пәтер сатып алуға рәсімделеді. Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін ипотекаға үй алған отбасы 2022 жылдың соңына дейін 2-нші немесе 3-інші баласын туатын болса, несие бойынша қалған қаражатын 6 пайызбен қайта қаржыландырады. Екі жағдайда да 6-дан жоғары пайыздық мөлшерлеменің жауапкершілігін мемлекет өз мойнына алады. Ал 7 маусымда «Тікелей желіде» көп балалы отбасы мүшесінің сауалына жауап берген Ресей президенті Владимир Путин 2018 жылға дейін туған, яғни бағдарламаға кірмейтін отбасыларға да 6 пайыздық ипотеканың ауқымын кеңейтуге тапсырма берді. Бұдан былай тек 2-нші, 3-інші бала ғана емес, 4-інші, 5-інші және т.б. бала туғандар да аталған бағдарламаға қатыса алады. Ресей үкіметі бұл мақсатқа 9 млрд рубль бөлді.
Біз де неге осылай етпейміз? Бір немесе екі бөлмелі пәтерге 25 жылға қарыз алып, қартайғанша күткеннің несі дұрыс? Қазақ – ежелден көп бала өсіріп келген ұлт. Бірақ сол жылдар бойы армандаған баспанасын алғанда 1 бөлмеде қысылып өмір сүре бере ме? Мысалы, халқы тығыз қоныстанған Түркістан облысы мен Шымкент қаласында бір немесе екі бөлмелі пәтерлер сатып алу өте тиімсіз. Және «7-20-25» бағдарламасының шарттары бойынша шектеулі сома – 15 млн-ға дейін. Шымкентте мұндай ақшаға тек екі бөлмелі пәтер ғана аласың. Екі бөлмелі пәтерде 5-6 баламен қалай тұрасың? Елімізде, әсіресе үлкен қалаларда қазір қаншама үйлер салынып, қаңырап бос тұр. Сол үйлерді үйсіз қазақтарға арзандау етіп неге үлестірмейміз? Тым болмаса Ресейден үлгі алып, әр бала туған са­йын ипотеканың пайызын неге азайтып отырмаймыз? Мысалы, Оңтүстік Корея, Жапонияда мемлекет үйді 1 пайызбен қарызға береді. Біздің Үкімет пен Ұлттық банк неге сондай бағдарлама жасамайды?
Мақаламыздың басында Атырау, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстарында бірде-бір адам «7-20-25» бағдарламасымен үй алмағанын сөз еттік. Солтүстік Қазақстан облысында – 1, Қызылорда облысында 2-ақ адамның өтініші мақұлданған. Ұлттық банк да­йындаған бағдарламаның нақты жағдайды толық ескермей, кедергілермен атқарылып жатқанын Парламент депутаттары да ашық айтуда.

Сөз түйіні
Елбасы «Бес әлеуметтік бас­тамасында»: «Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық несиеге пәтер алып, арманы ақиқатқа айналады» деп еді. Шағын сараптамадан түйгеніміз, «7-20-25» бағдарламасы әзірше әрбір қазақстандыққа қолжетімді емес. Бір ғана дәлел келтіре­йін, 2018 жылдың 1-жартысындағы еліміздегі орташа жалақы мөлшері – 152,4 теңгені, жан басына шаққандағы ақшалай табыс көлемі 82-84000 теңгені (Статистика комитетінің ресми мәліметі) құраған. Демек, ресми статистиканың өзі «7-20-25»-тің әрбір қазақстандыққа қолжетімді еместігін айқын көрсетіп тұр. Біздің уәжімізге ресми тараптан үн қатамын десе, тыңдауға әзірміз.

Әсет ИСЕКЕШЕВ, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, Астананың бұрынғы әкімі:

– Біз Астанадағы қалалық қызметте (мұғалімдер, дәрігерлер, полиция, өрт сөндірушілер және басқалар) жоғары санатты мамандар дайындау­ға көмектесу үшін арнайы бағдарлама әзірледік. Міндет – тұрғын үй сертификаты есебінен 1 млн теңгеге «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы адамдардың үй алуына көмектесу. Банк жеңілдетілген пайызбен 15 жылға несие береді. Бірінші кезеңде 10 мың пәтер беру көзделді. Ол мамандар қалалық құрылымдарда 5-7 жыл жұмыс істеуі шарт. Болашақта пәтерлер саны 20 мыңға дейін өсуі мүмкін. Бізде 9 мың мұғалім болса, оның 5 мыңы үйсіз жүр. Біз мектептер салып жатырмыз, таяудағы 5 жылда бізге 5 мың жоғары санатты педагог-маман қажет болады. Осындай жағдай полиция мен дәрігерлерде де бар. Біз қала мекемелерін маман кадрлармен жабдықтауымыз керек.

Берік ДҮЙСЕМБИНОВ, Мәжіліс депутаты:

БАҒДАРЛАМАНЫҢ БІР «ҚАЙНАУЫ» ІШІНДЕ…

– Еліміздегі баспанаға мұқтаж жандардың саны 2,5 млн-нан асады. 2018 жылдың 29 тамызында Ұлттық банк пен «Баспана» ипотекалық компания­сы таратқан ақпаратқа сүйенсек, үй алуға небәрі 1803 адам өтініш беріп, оның 1190-ы ғана мақұлданған. Бұл деген 1 пайыз да, промилле де емес. Көп болса промилленің жартысы. Әрине, мұндай көрсеткіштерге көңіл толмайды. «Ақ жол» партиясының депутаттары сайлаушылармен кездескенде осынша мардымсыз нәтижелердің себептерін анықтадық. Шындығында, оған жергілікті мемлекеттің органдар мен бағдарламаның өзіндегі кейбір шарттар кедергі. Жергілікті атқарушы органдардың қолында баспанаға мұқтаж мыңдаған жандардың тізімі бар. Ендеше, неге тізімдегі азаматтарға қоңырау шалып, бағдарламаның қыр-сырымен таныстырмайды? Үйдің кезегінде тұрған адамдардың тым болмаса 1 пайызы қатысқанның өзінде бүгінгідей 1-1,5 мың емес, кем дегенде 25 мың адамды үймен қамтамасыз етер едік. Кейбір аймақтарда бағдарламаның шарттары жергілікті ерекшеліктерге сай келмейді. Мысалы, еліміздегі ең халқы көп, орташа жалақысы ең төмен өңірлердің бірі – Түркістан облысы, Шымкент қаласы. Ал бағдарлама шарты бойынша үйдің бағасы 15 млн-мен шектелген. Шымкентте ондай бағаға 2 бөлмелі пәтер сатып аласыз. Бұл – әділетсіздік. Шымкентті Алматымен теңестіріп, мегаполис деп жарияладық қой, неліктен үйдің бағасын екі есеге дейін төмендетіп отырмыз? Бір қуанарлығы, еліне жанашыр әкімдер шамасы келгенше бағдарлама шартындағы осы олқылықтардың орнын толтыруға тырысуда. Мысалы, Шымкент қалалық әкімшілігі кейбір әлеуметтік топтарға көмек қолын созып, алғашқы жарнаның жартысын төлеуді өз мойнына алған. «Қала салушылар» қауымдастығы соңғы жарты жылда негізгі құрылыс материалдарының бағасы күрт өскенін хабарлады. Мысалы, цемент бағасы екі есеге, қорытылатын металл екі жарым есеге қымбаттаған. Мұндай жағдайда бағдарламада көрсетілген бағамен үй салу өзін-өзі ақтамайды.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button