Мәдениет

АБАЙ МҰРАЛАРЫНА АРНАЛДЫ

ERA_8789

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде А.Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толуына арналған «Абай мұрасы» атты ғылыми конференция өтті.

Мәйекті мәдени-рухани шараға белгілі абайтанушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және Астана қаласындағы білім мекемелерінің ұстаздары мен оқушылары қатысты.

«2015 еліміз үшін тарихи оқиғаға толы ерекше жыл болғалы тұр. Қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл, Шоқан Уәлихановтың туғанына – 180 жыл, Абай Құнанбайұлының туғанына – 170 жыл, фашизмге қарсы соғыстағы Жеңіске – 70 жыл, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ата Заңымызға – 20 жыл. Әрине, тарихымызда лайықты өз орнын алған бұл атаулы оқиғалардың ешқайсысы да ұлттың ұлылығын ұлықтайтын Ұлттық музей назарынан тыс қалмайды. Кемеңгер ойшыл Абайдың (Ибраһим Құнанбайұлы) туғанына 170 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған  бүгінгі конференция осы атаулы іс-шараның беташары деуге лайық. Бұл ғылыми жиынның ортаға салар ойы көп, өрісі кең, толғауы терең, бүгінгі жас ұрпаққа берері мол болады деп үміттенеміз» деді Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай.

Конференцияда абайтанушы, профессор Мекемтас Мырзахметов, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Тұрсын Жұртбай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың«Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанғара Дәдебаев, тарих ғылымдарының докторы, академик Оразақ Смағұлов, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов сияқты белгілі ғалымдар ақын мұрасы жайлы арнайы баяндама жасады. Басқа да зиялы қауым өкілдері, абайтануға енді-енді ат басын бұрып жүрген магистранттар осы тақырыпқа байланысты өзекжарды ой өрбітті.

Басқосу барысында Абайдың алғашқы шыққан еңбектері, шет тілдеріне аударылған туындылары жиынға қатысушылар назарына ұсынылып, бейнефильм көрсетіліп, Ұлттық музей қорындағы оның портреттерінен шағын көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар Абай оқулары байқауының жеңімпаздары ақылгөй аталарының қара сөздері мен өлеңдерін оқыса, әншілер әндерін шырқады.

Ырысбек ДӘБЕЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button