Тағзым

АДАМДАР ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАБАТЫН

Көпке танымал журналист, публицист, Есіл өңірінің даңқты адамдары туралы көптеген деректі кітаптардың авторы Геннадий Павлович Терец көзі тірі болса биылғы жылдың 31 наурызында 80 жасқа толатын еді.

img20160309_15181426

Ардақты азамат Ақмола облысының Шортанды ауданында дүниеге келген. Совет армиясы қатарынан оралған соң туған ауылының орта мектебінде тарих, география пәндерінен сабақ берді. Одан соң алдымен Тың өлкелік комсомол комитетінде нұсқаушы қызметін атқарып, кейіннен хатшылыққа тағайындалды.
Геннадий Павловичтің журналистикаға толық бет бұруы Алматыдағы Жоғарғы партия мектебінің журналистика бөлімін бітіріп шығуымен басталған. Державин аудандық «Целинная земля» газетінің редакторы, Целиноград облыстық радиосының бас редакторы қызметтерін атқарды. Бұл жылдары талай-талай қызықты материалдар дайындады. Оларда Геннадий Терецтің айқын да белсенді өмірлік позициясы, принциптілігі, болып жатқан оқиғаларға жеке көзқарасы айқын танылып отырды. Арқа өңірінің мақтан етіп ардақ тұтатын адамдары, олардың ел игілігін арттыру жолындағы қажырлы еңбегі мен тағдыры туралы көпке жеткізе жазды. Социалистік Еңбек Ерлері Нұрғабыл Малғаждаров, Михаил Довжик, Сағила Есенжолова сынды еңбек адамдарын, ауыл шаруашылығындағы жаңалықтарды қаламына арқау етті. Атақты механизатор Жансұлтан Демеев жайындағы мақаласында ол былай деп жазады: «Соғыс кезінде егін алқабындағы жер жыртатын ерлердің орнын 14-15 жастағы балалар ауыстырды. Үш түренді соқа сүйреген трактор рычагынан өздері көрінбейді. Осылайша еңбекке ерте араласқан Жансұлтанның 44 жасындағы механизаторлық еңбек өтілі 29 жыл екен. Бұл жылдары ол бастырған астық 250 мың центнер болыпты, ол деген 9 теміржол эшелонына тең. Өз өміріндегі отызыншы егін ору науқанына дайындық үстіндегі Демеевтің комбайнының бункерінде ақ жұлдызшалардың суреті салынған. Әрбір жұлдызша – мың центнер астық орғаны үшін берілген».
Цифрмен өрілген осы бір шағын суреттеме көз алдыңызға аңыз адамның бейнесін әкеледі. Әкеліп қана қоймайды, портретін салып береді. Геннадий Терец адамдар жүрегінен жол табатын тың дүниелер жасады. Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс белең алған замандағы өмірлік ма­ңызы зор өзекті тақырыптарды көтере білді.
Социалистік Еңбек Ері, мол астық алудың нағыз шебері Кенжебек Алпыспаев, Жақсы ауданы «Рентабельный» совхозының директоры Әубәкір Жылқыбаев, Владимир Дитюк сияқты сайыпқырандар жайындағы мақалаларында жеке адамның образы арқылы егін шаруашылығының қыр-сырын да ашатын тұстары мол.
Құрылғанына сегіз жыл болған «Рентабельныйда» 4 директор ауысып үлгерген. Астық өнімінің түсімі төмен, совхоз қазынасы бос, қарыз көп, мал азығы жоқ, техника жеткіліксіз. Ал, Әубәкір Жылқыбаевтың дәл осы совхозға директор болып келгенде өзіндік мақсаты болды. Ол – қалыптасқан жағдайды түпкілікті өзгертіп, проблеманы басқа қырынан тану еді. Алайда, директор шаруашылықтағы жұмысшылар, бригадирлер мен орта звенодағы мамандардың өз істеріне бейжай, немқұрайды, тіпті, селқос қарайтындарына көз жеткізді. Істің тетігі де осында екен. Очерктің аты да затына сай, «Сердце, отданное людям» деген атаумен жарық көрген.
Міне, бұл – Геннадий Павлович Терец туралы кезінде замандастарының: «ол бүгін бар, ертең жоқ кеудемсоқтарды емес, нағыз еңбек адамдары туралы жазды» деген сөздері рас екендігінің бір дәлелі. Қаламгер радио саласында да жемісті еңбек атқарғанын қаламдастары ғана емес, бұрынғы Целиноград тұрғындары да жақсы біледі.
Ұлы Отан соғысында амбразураны кеудесімен жауып ерекше ерлік көрсеткен Совет Одағының батыры Александр Матросовпен бір полкта шайқасқан Атбасар ауданының «Красная заря» колхозының механизаторы И.М.Носов туралы «Однополчанин Матросова» атты радиоочеркі тыңдармандарының көңілінен шыққан болатын. Сондай-ақ, «В должности бойца», «Земля на всех одна…» материалдарының соңы пікір таластарға ұласатын.
Геннадий Терецтің «Там где живут фламинго» деректі фильмі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Жағасын қамыс жайлаған Теңіз-Қорғалжын көлдерінен ұшып-қонған сирек құстарды таспаға түсіру әдістерін меңгерген. Қазақтар қоқиқаз деп атайтын фламингоның отаны саналатын бұл өңірдегі көлдерді мекен ететін 220-ға жуық құстардың біразын жіті бақылап, олар туралы әдемі картиналарды беруге тырысқан. Ителгі, шағала, бірқазан секілді құстардың Қорғалжын қорығындағы ұшып келгенінен бастап балапандарын қанаттандырып қайта ұшып кеткендері жайлы суреттеледі. Әсіресе, қоқиқаздың тым сақ та үркек құс екені туралы сюжет бар. Әлдеқалай құсты шошытып алса, ол ұясына оралмауы мүмкін. Шіріген жұмыртқалар – бүтін бір ұрпақ өнбей қалды деген сөз.
Сұлулығы жағынан қоқиқазға ғана жол беретін бірқазанның тіршілігінен біраз қызықты жайттарды көрсетеді. Адамдардың бірқазандарды балық аулауға пайдалануға бейімдеген тұстары өте ұтымды шыққан. Бірқазан доғал тұмсығымен суды қарпып сүзгенде алқымында бірнеше балық қалады. Ал мойынға кигізілген сақина бірқазанның балықты жұтуына жол бермейді. Бір қызығы бірқазандар адамдарға тез үйренеді екен.
Көрерменіне осындай көркем суреттер ұсынған Геннадий Павлович Терец –құстар әлемін камерамен бейнелеуге атсалысқан бірегей журналист. Оның басқа да тақырыптарға жазылған, әлі жарық көрмеген шығармаларын зерттеймін деушілер болса, Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатында Г.П. Терецтің жеке қоры бар екендігін хабарлаймыз.

Шара Батталғазиева

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button