Басты ақпаратҚоғам

Әскери қызмет – абыройлы міндет

Әлемдік геосаяси ахуал күрделеніп, жедел, тіпті сағат сайын өзгеруде. Осындай сәтте елдікті сақтап, Отанды қорғау маңызды. Әсіресе жастардың патриоттық тәрбиесіне мән беріп, отаншылдық қасиетін арттыру керек. Міне, осы тақырыпты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры Сейітжан ­ҚОЙБАҚОВПЕН сұхбатымызда тарқаттық.

– Қазір жастар әскери борышын өтеуге асықпайды. Дұрысы, қызықпайды. Әскери қызметтің имиджін қалай арттыруға болады?

– Жастардың барлығы бірдей Отан алдындағы міндетін адал орындамай жүр деп айта алмаймыз. Өз еркімен әскерге барып, одан кейін қызмет жолын жалғастыратын жастармен мақтана аламыз. Алайда елдегі жастардың жалпы үлесімен салыстырмалы түрде алсақ, ондай жастар көп емес.

Кеңес кезінде әскерге бармаған жігітке қыздар сенімсіз қарайтын. Нарық қатынасына бет бұрып, қоғамның көңіл кү­йіне базардағы баға әсер ететін заманда патриотизм тақырыбы екінші орынға ығысты.

Негізі, әскери қызмет атқаруды идеологияның бір құралына айналдыру керек. Жүйелі жұмыс мектеп оқушыларына түсіндіруден басталуы тиіс. Яғни алғашқы әскери дайындық пәні өз деңгейінде өтіп, азаматтық борышты өтеудің мән-маңызын жан-жақты ұғындыру маңызды.

– Әскери маман ретінде осы бағытта іс-шаралар атқарып жүрген боларсыз?

– Әрине, зейнеттеміз деп үй­де жатқан жоқпыз. Қоғамдық жұмыстарға белсенді атқаруға мән беріп келеміз. Астанада «Батырлар» клубын құрдық. Мақсат – жасөспірімдер мен жастарды жауынгерлік рух пен әскери машыққа баулу. Бізге «Мичурин» тұрғын алабындағы ескі мектеп берілді. Нысанды клубтың базасына айналдырып, сонда оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарда бар.

Мектеп оқушыларымен, колледж, жоғары оқу орнының студенттерімен кездесу өткізіп, әскери қызмет атқару арқылы техникалық және тактикалық білімді игеріп, әскери өмірді жан-жақты танып, тұлға болып қалыптасуына ықпал ететінін түсіндіріп жүрміз.

– Үгіт-насихат жұмысыңыз туралы тарқата айтсаңыз.

– Көп жас әскери қызмет саласында әлеуметтік пакет бар екенін біле бермейді. Мәселен, жалақысы жоғары және пәтермен қамтамасыз етеді. Сауықтыру және медициналық ем алуға мүмкіндік мол. Зейнет­ақысының өзі жақсы. Мәселен, ұлттық қауіпсіздік саласында зейнетке шыққаным үшін ай сайын 700 мың теңге зейнетақы аламын. Әскери борышын өтеген жастар жоғары білім алуда жақсы мүмкіндіктерді пайдалануына болады.

Енді патриоттық тұрғыда айтатын болсам, даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген ұлағатын талдап, түсіндіруге тырысамын. Физикалық тұрғыда отқа түскен адам күйіп, жанады. Бірақ Отанды қорғап, ерлікпен өлген батырларды ел ұмытпайды, қашанда ұлықтап, жадында сақтайды. Баукеңнің «күймейсің» дегенінің мәні – осы. Ажалы келген адамның бірі жол апатынан, екіншісі есірткі тұтынып, үшіншісі кәріліктен көз жұмады. Бірақ Отан үшін опат болғандар халықтың жадында мәңгі қалады. Қысқасы, әскери қызмет абыройлы міндет екенін түсіндіреміз.

– Ұзақ жыл Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қыз­мет еткен азамат ретінде жердің тұтастығына, елдің қауіпсіздігіне теріс әсер ететін факторларды айта аласыз ба?

– Тарихтан талай мемлекеттің империялық қуаты асып, жер-жаһанға ықпалды болғанын көруге болады. Бірақ ішкі бірлігі әлсіреп, тұрақтылығы шайқалған тұста жойылып, өзге елдердің құрамына енді немесе ұлт ретінде жойылып кетіп отырғанын жақсы білеміз.

Ел тұтастығына қауіп төндіретін құбылысқа жемқорлықты жатқызар едім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, жемқорлық ел потенциалын толық пайдалануда кері әсерін тигізіп отырғанын ашық айтты.

Әлеуметтік маңызды салаларды монополиялап, қомақты қаржыны сырт елге тасыған олигархтардан келетін қауіпті жоққа шығара алмаймыз. Үкімет осы бағытта жұмыс жүргізіп, шетел асқан қаржыны қайтаруға күш салуда. Енді мұндай ретсіздікке жол бермеу керек. Тіпті мемлекеттік тілді құрметтемеу елді құрметтеумен тең деп қабылдаймын. Бойдақ­тар санының көбеюі дұрыс емес. Соның салдарынан ұлт демографиясының саны шектеледі. Статистика бойынша ажырасудан әлемде алғашқы ондықтың ортасынан орын алдық. Мұның арты жақсы емес. Әке сұсын көріп өспеген ұл Отанды қорғауы қиын.

– Қарапайым азамат ретінде ұсынып жүрген мәселеңіз бар шығар.

– Израильде ер азаматтар түгіл, қыздар да әскерге тартылады. Мұны мемлекеттік деңгейде шешіп, жастарға ортақ талап қояды. Әрі еврейдің ұлы да, қызы да бұған бағынады.

Біздің елдің әскери доктринасы әскери қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз етуге құрылған. Яғни шекаралас және алыс-жақын шетелмен бейбіт қарым-қатынас ұстану жолында өмір сүреміз.

Қазақстанда 18 жасқа толған әрбір азамат әскери ант беруі керек. Осыны заңдастыруды біраз жылдан бері көтеріп жүрмін. Сонда жастар Отан алдындағы жауапкершілігін сезініп жүрер ме еді?..

– Өзіңіздің еңбек жолыңыз­ға келсек, әскери қызметке қалай келдіңіз?

– 1974 жылы әскери борышты Польшада атқардым. Әкем Мелдебек жолға шықпас бұрын Бауыржан Момышұлынан бата алуымды тапсырды. Халық батыры «Әскери борышыңды адал орында. Халық үшін жан пида. Мен сондай жауынгер болдым. Менің ізімді жалғайтын өздерің» деп батасын берді.

Батырдың батасына адал болуға тырысып, әрдайым жадымда берік ұстадым. Кейінгі таңдауыма да әсері болды. «Генерал боламын» деген мақсат болған жоқ, тек елге, жерге адал қызмет етуді ойладық.

1981 жылы Кеңес Одағы тұсында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызметті бастап, егемендік алғанға дейін Мәс­кеудің түрлі қызмет тапсырмасын орындадық. 1991 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылып, білікті кадрлар атамекенге оралып жатты. Осы көшпен бірге келіп, комитеттің қарсы барлау басқармасын басқардым.

Кезінде КСРО жабық саясат ұстанғаны белгілі. Қазақстан халықаралық қатынаста ашық саясатты бағдар етті. Сөйтіп әлем елдерімен серіктес ретінде қарым-қатынас қалыптаса бастады. Олардың құпия қыз­меттерімен халықаралық терроризм, есірткі тасымалы, діни экстремизге қарсы күресте бірлесіп жұмыс істедік. Азия мен Еуропаның транзиттік жолында тұрған біздің елден тыйым салынған тауарлардың жолын кесу міндеті тұрды.

– Елдің шығыс және батыс өңірінде жергілікті департаментті басқардыңыз. Шекараға таяу орналасқан екі өңірдің де стратегиялық мәні зор. Мұндағы қызметте неге айрықша мән бердіңіз?

– Комитет құрылғаннан ке­йінгі бірер жылдан соң Шығыс Қазақстан облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті өңірлік департаментінің тізгінін ұстадым. Сол тұста шығысты Ресейдің Алтайына қосуды көксеген «Пугачев» аталатын қыл­мыстық топ бас көтерді. Бізге белсенді топтың жоспарын іске асыруға жол бермеу міндеті жүктелді. Кейіннен қылмыстық топ мүшелері сотталды. Одан бөлек, Қытаймен мемлекеттік шекарамыз бар. Алпауыт елдің мүддесі болатыны анық. Бізге Қытайдың барлаушыларын әшкерелеу ісін жүргізуге тура келді. Бұл бағыттағы жұмысымыз нәтижелі аяқталды.

Маңғыстау облысы – көмірсутегі шикізат қорына бай өлке. Ал Каспий теңізі – стратегия­лық маңызы бар ресурс. 2000 жылдардың басында Каспийдің мәртебесін анықтау мәселесі толық шешілмеген еді. Осы жылдары өңірге қандастар көшіп келе бастады. Арасында қандас атын жамылған шетел тыңшылары да болды. Тексеру жұмысының нәтижесінде Иран тыңшылары анықталып, ұсталды.

– «Арыстан» арнайы қызметінде жетекшілік еттіңіз. Есте қалатын арнайы операция туралы айта аласыз ба?

– «Набат» операциясы – біздің қызметтің тарихындағы ең айтулы операция. Пойызда келе жатқан бірнеше сотталушы күзетшілерді ұрып-соғып, қаруын алып, түсіп қалады. Автожолға шығып автобусты тоқтатып, ішіндегі жолаушыларды кепілге алады. Олар кепілдегілерді босату үшін шетелге ұшатын ұшақ сұрады. Лаңкестермен келіссөз жүргізіп, олардың талабын орындауға келістік. Негізгі операция Шымкент қаласындағы халықаралық әуежайда жүргізілді. Нәтижесінде «Арыстанның» қызметкерлері операцияны дұрыс орындап, кепілдегілерді аман алып қалды. Қазірге дейін алыс-жақын шетелдің арнайы қызметі «арыстандықтардың» сол кездегі тәжірибесін жан-жақты зерттеп жатады. Негізі, арнайы операцияға 1 минут уақыт қана беріледі. Элиталық жасақ көзді ашып-жұмғанша операцияны орындап үлгеруі тиіс. «Арыстандықтар» осы үшін дайындалады.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button