Елорда тынысы

Айтыс арқауы – Тәуелсіздік

Астанада «Тәуелсіз елім – тірегім» республикалық ақындар айтысы өтті. Ел егемендігі мен ұлт тұтастығына арналған додаға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 14 ақын қатысты.

Бәйгеде ақындардың жеті жұбы ең асыл қасиетіміз саналатын азаттықтың қадір-қасиетін жырға қосты. Түс ауа басталған сөз барымтасы қас қарайғанша жалғасты. Соған қарамастан, қанға сіңген қастерлі өнердің қадірін білетін айтыс сүйер қауым тапжылмай отырды.

Қазылар алқасының төрағасы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай өз сөзінде айтысты бекзат өнерге балап, аталмыш сөз сайысы халықтың ықыласына бөленген үлкен жарыс болғанын жеткізді.

Бірінен-бірі өткен сөз барымтасында қазылар алқасы құрамының шешімімен бас жүлдені қызылордалық жүйрік Мейірбек Сұлтанхан жеңіп, 3 миллион теңге сыйлықты қанжығасына байлады. Ал 1-орын түркістандық Бекарыс Шойбековке, 2-орын ұлытаулық Төлеген Жамановқа бұйырды. 3-орынды ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев, Абай облысынан келген Рүстем Қайыртайұлы, көкшетаулық Нұрмахан Жақыпбек және қостанайлық Айбек Қалиев өзара бөлісті.

«Астанада ұлттық өнеріміз ұлықталып, жыр жәрмеңкесі қанат жайды. Барша ақындарды жеңісімен құттықтаймын. Тек менің ғана мерейім­нің артқаны емес, ақындардың, айтыс өнерінің абыройы асқақтаған күн болды деп білемін. Төл өнеріміз ғасырдан-ғасырға жасай берсін» деді жыр бәйгесінің жеңімпазы Мейірбек Сұлтанхан.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button