Басты ақпарат

Алакөлге апарар жол алыс па?

Емдік суымен ерекше Алакөл – әуелден әйгілі демалыс аймағы. Оның танымалдылығы пандемиядан кейін тіпті артып, Қазақстанда ішкі туризмнің ең көп сұранысқа ие бағытына айналды. Қалтасына қарай қазақстандық туризмді таңдайтындар және жету қиындығына қарамай шипалы көлдің өзін жақсы көретіндер жазғы демалысын осы жағалауда өткізуді жылдан жылға жиілетіп келеді. Ресми деректерге сүйенсек, мұнда жылына миллионнан астам турист келіп, демалады. Дегенмен Алакөлге апарар жолдан шаршап, қайтарда демалыстан алған әсері сап басылатын туристер де көп.

[smartslider3 slider=3230]

Жетісудың Бал­қаштан кейінгі үлкен көлі саналатын Алакөл Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары аумағына теңдей бөлініп жатыр. Барлық тауынан бастау алатын, минералға бай бұлақтарды қосқанда тұйық көлге 15 өзен келіп құяды. Осындай тамаша табиғи жерлеріміздің толық игілігін көруге кедергі болатын мәселелер бізде жетіп артылады. Біріншісі, жол нашарлығы болса, екіншісі сервис төмендігі, үшіншісі сапасына қарамай демалыс бағасының тым жоғарылығы. Инфрақұрылым сапасының төмендігі, қатынайтын пойыз­дар мен ұшақтардың аздығы, қысқасы жету қиындықтары – осы турис­тік бағытқа тән кемшіліктер.

Алакөлде 3 курортты ауыл бар. Оның екеуі – Ақши мен Көктума Алматы облысы Алакөл ауданында, үшіншісі Қабанбай ауылы қазіргі Абай облысы Үржар ауданында орналасқан. Кезінде шайқастан қайтқан батырлар жарасын жазған, беріде ғарышкерлер емделген бұрыннан танымалы және тұзды бөлігі – Қабанбай ауылы. Әйгілі Барлық тауы да соның жанында.

Демалыс орындарына үш түрлі көлікпен жетуге болады. Ұшақпен жетер болсаңыз, Алматы облысындағы Үшарал және Абай облысындағы Үржар әуежайлары арқылы барасыз. Әрине, ұшақпен тура көлдің жанына топ ете қалу мүмкін емес. Әрі қарай көл жағасына ұзындығы 60 км құрайтын Үшарал-Достық немесе ұзындығы 130 км болатын Үржар-Қабанбай тас жолы арқылы автокөліктермен жетесіз. Үшаралдан Ақши мен Көктумаға салонына, яғни 4 адамға 8-10 мың теңгеге такси қызметі бар, ал Үржардан Қабанбайға бұл қызмет құны – 12 мың теңге. Білетіндер бұл екі жолдың да жағдайы жаман еместігін айтады. Тек Семей жақтағы жолдың кейбір бөліктерінің сапасына шағымданатындар көп.

Алакөлдегі демалыс үйлерінің иелері биыл арандары ашылғаны соншалық, бір түнеп шыққаныңа бағаны 17 мың теңгеге көтеріп жатыр. Ал негізі Алакөлде демалатын жай қарапайым халық

Жақында Үржар әуежайы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Әуежай қызметі биыл 1 шілдеден қайта іске қосылады. Былтыр елорда мен Үржар бағытында жолаушыларды «Южное небо» және «Скат» авиакомпаниялары тасымалдады. Биыл өзгерістер болуы мүмкін. Ұшақтар аптасына 6 рейстен қатынайды деп жоспарлануда. Мемлекеттен субсидия бөлінетіндіктен, билеттер арзан, құны шамамен – 16 мың теңге. Ұшу уақыты – 2 жарым сағат. Бірақ бір кемшілігі – ұшақтар тым кішкентай, 50 адамға ғана арналған. Сондықтан бұл бағытта билет тапшы.

Алматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпаратына сәйкес, Үшарал әуежайындағы ұшу-қону жолағының құрылыс-монтаждау жұмыстары 75 пайыз аяқталды. Ол толық аяқталып, биыл 3 тоқсанда пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ұшақпен жетуде тағы бірер нұсқа, Талдықорғанға дейін ұшып, Алакөлге дейінгі 300 км жолды 3-4 сағатта таксимен немесе автобуспен еңсеруге болады. Сонымен қатар Алматыға дейін жетіп, одан әрі такси немесе пойызбен 20-30 сағатта діттеген жеріңізге жетесіз.

Теміржол тиімді ме?

Теміржолмен барар болсаңыз, бүгінде елорда мен Алматыдан және Шығыс Қазақстан, Абай облыстарынан қатынайтын барлығы 11 бағдар бойынша пойыздар бар. Аталған өңірлерден Достық станциясына дейін қатынайтын пойыздар саны осы көлге демалушылардың көптігіне байланысты биылдан бастап көбейтілді. Қосымша пойыздар көбіне 17 маусым мен 30 тамыз аралығында жүреді. 2 Тальго, 1 электр, 2 жекеменшік тасымалдаушы және 6 стандарт пойыздар екі ортаны жол қылады. Бұл пойыздардың үшеуі – Нұр-Сұлтан станциясынан, бесеуі – Алматы-2 станциясынан, біреуі – Өскемен, тағы біреуі Семей және біреуі Ақтоғай станцияларынан Достық станциясына дейін қатынайды. Ал шығыс жақ бөлігіне астанадан Семей өңіріне дейін пойызбен жетіп, әрі қарай автокөлікпен барсаңыз болады. «Нұр-Сұлтан – Семей» пойызымен Семейге жету құны – 5600-8200 теңге аралығында, ал жол ұзақтығы – бір күн.

Елордадан Алакөлге дейін пойызбен – 22-24 сағат, Алматыдан 14-15 сағат жолыңызға кетеді. Пойыздан түскеннен кейін көл жағасына жеткізетін таксилермен алдын ала келісіп алмасаңыз, кезегіңізді ұзақ күтіп қалуыңыз мүмкін. Көктума мен Ақши ауылдарынан демалыс орындарына дейін 10-15 минут қана жол бар. Ал Жалаңашкөл мен Қабанбай ауылы аралығы шамамен 50 км. Билеттер бағасы – адам басына 1200-2000 теңге, такси салонына 10 мың теңге алады.

Пойызбен жетудің бір артықшылығы, аяғыңызды созып, демалып, асықпай шәйіңізді ішіп барасыз, ал кемшілігі, билеттер тез өтіп кетуі мүмкін және бұл бағытта бөлінген ескі немесе жаңа вагондардың қайсысына тап болатыныңыз белгісіз. Бір құрамда желдеткіші де, вагон-мейрамханасы болса, басқаларында терезелері дұрыс ашылмағандықтан іші ыссы, қапырық болуы мүмкін. Бұрыннан қатынайтын сондай пойыздар сапасы туралы елдің пікірі төмен.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың онлайн билет сату порталында аталған бағыттардағы пойыздарға маусымның басында билеттер қарап көріп, маусым-шілде айларына Нұр-Сұлтан-Достық пойыздарына билеттер қалмағанын байқадық. Олардың құны – 7-11 мың теңге аралығында. Маусымның ортасына таман тағы пойыздар іске қосылып, билеттер қайтадан көбейгенімен, олардың да ұзаққа бармай бітетіні белгілі. Ал Алматыдан Алакөлдің Ақши станциясына қатынайтын құны 3 жарым мың теңгеден басталып, 9-10 мың теңгеге дейін жететін билеттер екі айда да бірен-саран бар. Соған қарағанда арқаның қысынан шаршаған елордалықтар немесе солтүстік өңір халқы Алакөлде демалуға қатты асыққан сыңайлы.

Жол қашан жөнделеді?

Ұзындығы бойынша Елорда-Ақши арасы – 1385 км, Елорда-Көктума арасы – 1392 км және Елорда – Қабанбай арасы – 1403 км. Осы аралықта қызықты оқиғаларға толы сапарға шыққысы келетіндер Алакөлге астанадан жеке автокөлікпен де аттанады. Бұл ретте көлік жүргізушілерінің көбі Астана-Павлодар тас жолын таңдайды. Ауа райы қолайлы болса, сағатына 140 км жол жүре отырып, Павлодарға 4 сағатта жетіп баруға болады. Әрі қарай Павлодарға кірмей тұрып, М-38 «Павлодар -Семей» тас жолына бұрыласыз, бұл тегіс жолмен оң жақта Ертіс өзенін артта қалдыра отырып, жаңа жолмен Семейге дейінгі 337 км жолды 4,5 сағатта жүріп барасыз. Семейде түнеп, бір тынығып алып, әрі қарай Қалбалатау ауылына қарай жолға түсіп, Аягөзге бағыт аласыз. Бұл аралықта кей тұстарда жөндеу жүргізіліп жатыр, сондықтан жолдың жаманы да, жақсысы да бар. Айналма жолдары да көп болғандықтан, шамамен 293 км жолды 2,5 сағатта жүруге тура келеді. Аягөзден өткен соң Таскескен ауылына жетпей үш жолайрыққа кезігесіз. Оның бірі Үржар әуежайы мен Мақаншы ауылын кесіп өтіп, Қабанбайға бастайды. Екінші жолайрық оңтүстікке қарай Ақши мен Көктумаға Үшарал әуежайын басып өте отырып жеткізеді. Иә, бұлай 2 күндік алыс жол жүрудің тәжірибелі, жол білетін көлік жүргізушісіз оңай емесі белгілі. Көлігіңді сайлы етіп, навигатор орнатып, жол бағдарын алдын ала зерттеп алу керек. Ал артықшылығы, жол бойы кең жазира даламыздың табиғатын алаңсыз тамашалап, қалаған жерден тоқтап, өз қалауыңызша саяхат ұйымдастыра аласыз.

Сервис сапасы сайлы ма?

Бұрыннан келіп жүргендер Алакөлдегі осыдан 9 жыл бұрынғы демалыс пен мен қазіргі жағдайды салыстыруға келмейтінін айтады. Көл жағасындағы қазіргі демалыс үйлерінің орнында кезінде қалың қамыс өсетін. Әр жерде көлігімен келген туристердің палаткасы қараңдайтын. Өзінің көлге барған сапары туралы жазған журналист Дәнеш Байболат демалыс орынынан көргендерін былай сипаттайды: «Елдің дені бұрын көлге жақын Қабанбай ауылы тұрғындарының үйін жалдайтын. Бұл жерде емдік қасиеті мол қара және сұр балшықты шөлмекке салып алған балалар мен бәліш, қайнатылған жүгері сатқан ауылдың келіншектері ғана жүретін. Ал қазір мұнда көлді бойлай сан алуан, әдемі демалыс үйлері жайғасқан. Шамамен Алматы жақ жағалауында 150-ден астам демалыс базалары болса, шығыс жағында елуге тарта сондай курортты зоналар бар. Алакөлде алғашында салынған демалыс үйлерінің дені баяғы кеңестік барак типтес болып тұрғызылған. Ал соңғы салынып жатқан демалыс үйлерінің иелері жобалау мен құрылыс барысында Түркия, Мысырдағы тәжірибені мейлінше басшылыққа алуға талпынатындай. Жағалауға тегіс тас төселген. Аквапарк, ойын-сауық орындары, дүкендер, дәмхана, мейрамханалардан, түрлі ұсақ-түйек қызмет түрінен көз сүрінеді. Көл басындағы қызмет түрі де көбейген. Жергілікті «Арбатта» күндіз-түні адам аяғы үзілмейді. Көп қызықтың дені осында. Кешке жұрт осындағы тізілген кафеге лап береді, қалғаны дүкен аралайды, енді бір бөлігі бір кафенің алдындағы би алаңында билейді. Түнде жағалау бойымен еш алаңсыз, қауіпсіз қыдыруға болады. Полицияның көліктегі жылжымалы бекеті күндіз-түні туристердің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге талпынады».

Бағалары қолжетімді ме?

Алакөл жағалауында орналасқан бірнеше ондаған демалыс базаларының ресми сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларына көз жүгіртсеңіз, бір туристің демалысы қанша шығатынын білуге болады. Пансионаттардағы тұру уақытын суға түсу маусымының нағыз қызатын шағы биылғы 15 шілдеден бастап деп есептеп, оған үш мезгіл тамағын қосқанда, бір адамның «үнемді» және «стандарт» нөмірлерде тұруының орташа бағасы 13500 теңгеге шығады. Ал «отбасылы» және «жайлы» нөмірлер бойынша – 16500 теңге, люкстер мен VIP-нөмірлер үшін бір тәулікке 17500 теңгеден шығын кетеді. Үйлер мен бунгалолар жалдау бір адам үшін 20 мың теңгені құрайды. Бұл орташа бағасы, басқа пансионаттардағы тұру бағасы бұдан көп те, аз да болуы мүмкін. Жалпы бұл демалыс базаларының ішінде ең арзаны бір тәулікке 10 мың теңгені құраса, ең қымбаты 25 мың теңгеге жетеді. Мәселен, Ақшидағы «Ак Дениз» демалыс аймағының отбасылық пансионатында 2 адамдық бір бөлмеге маусым айына адам басына 9 мың теңге сұраса, шілдеде ол 13 мыңға шығады. Әр бөлме душпен, санитарлық тораппен, желдеткіш, ыңғайлы керуеттер, таза төсек жаймамен қамтамасыз етілген. Отель аумағында балалар ойын алаңы, әткеншек, құмсалғыш, ересектер үшін теннис үстелі, Wi-Fi, кәуап пісіретін орын бар.

Дегенмен кей адамдар үшін бұл бағалар тым қымбат. «Алакөлдегі демалыс үйлерінің иелері биыл арандары ашылғаны соншалық, бір түнеп шыққаныңа бағаны 17 мың теңгеге көтеріп жатыр. Ал негізі Алакөлде демалатын жай қарапайым халық. Бәрі жазда бала-шағасымен отбасы болып демалғысы келеді, әр баласына есептегенде бұл қаржыны олар көтере алмайды. Оның қасында Сарыағашта бүкіл персоналы қызмет еткеннің өзінде бір күнге 10 мыңнан ғой, бес уақыт тамағыңды береді, сені құда күткендей күтеді, емдейді. Алакөлде ондай қызмет жоқ қой. Соның өзіне сонша ақша алады» деп ренжулі бір семейлік тұрғын.

Сонымен елордадан Алакөлге үш түрлі көлікпен жетуде вагонның қандай жағдайда екеніне қарамай 24 сағаттық жолға шыдасаңыз пойызбен жету, соның ішінде Достық станциясына бағыт алатын пойыздармен бару анағұрлым жылдам, үнемді, қауіпсіздеу екеніне көз жетеді. Пойыз билеттерін де аңдып отырып, жылдам сатып алатындар сондықтан да көп.

Алакөлге жету жолының ұзақ әрі сан алуандығына қарамастан көл жағасы жаз бойы сығылысқан халық, топырлаған туристен арылмайды. Олардың біразы қалай жеткеніне шағымданар, бірқатарына сервис ұнамас, енді бірі тамағына риза болмас, бірақ олардың ештеңеге қарамай көңіліне медеу болары – Алакөлдің емдік суы ғана. Шипалы көлдің суына түсу үшін туристер қандай қиын жолдармен болсын Алакөл жағалауынан табылып жатады. Тек сол құндылығымыздың бағасын асырып, қарапайым елдің көңілін жықпайтын сервис те, жол да жақсарар, инфрақұрылым дамып, ұшақтар да көбейер күн» Жаңа Қазақстанда» туар деген үміт бар.

Жақында Үкімет отырысында отандық туризм мен ұлттық парктерді дамыту мәселелерін көтерген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов кейбір туристер демалатын жерлерге әуе және теміржол тасымалының болмауы, демалыс маусымында жол қатынасының қиындығы – туризмнің дамуын тежеп отырған мәселелердің бірі екенін атап өтті. «Осыған байланысты ҚР индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі интермодалдық жолаушылар тасымалын дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеп, авиа, авто және теміржол көліктерінің ыңғайлы қиылысқан бағыттарын қамтамасыз етуі қажет» дей келе Ә.Смайылов туризм саласына инвесторларды көбірек тартып, олардың әкімдікпен бірлесе тығыз жұмыс істеуін қолға алу керек деді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button