ӘлеуметМәслихат

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ӘЛЕУЕТІ

Биыл көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың, балалар үйінен түлеп ұшқан азаматтардың жоғары оқу орындарында оқуына бөлінетін қаржы көбейді.

«Бұрын бұған күнкөріс деңге­йінің үш ең төменгі шегі қарастырылса, қазір төртке дейін көбейді. Соған сәйкес, жоғары білім алуға ниетті осындай балалардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күнде құжаттарды қабылдап жатырмыз. Оларды мектептердің 44 түлегі тапсырып үлгерді. Соның ішінде бір үміткер – бала кезінен мүгедек, 43 түлек көпбалалы отбасылардан шыққан. Келіп түскен материалдарды тиісті комиссия 25 тамызға дейін қарайды» деді С. Нұрғожина.

Осы жылы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау форматы өзгергенін айтқан ол тиісті көмек 5669 отбасына берілгенін жеткізді. Оның айтуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көмекті
994 отбасы ғана алған. Сондай-ақ үйде оқитын мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмек көбейіп, 25250 теңгеге жетті. Яғни, бұрын 6 АЕК болса, қазір 10 АЕК болды. Бұған қоса, көпбалалы отбасылар қатты отынмен қамтылатындардың санатына қосылды. Оған бөлінетін қаржы да 8 АЕК-тен 16 АЕК-ке көбейді. Ақшаға шаққанда бұл-40400 теңге.

«Көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға бір миллион теңгеге дейінгі қар­жыны құрайтын тұрғын үй сертификаттарын беруді жоспарлап отырмыз. Оған жүзеге асырылуы басталған «Бақытты отбасы» бағ­дарламасына құжаттарды тапсыр­ған отбасылар қатыса алады. Қазір атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы аналарға тегін стоматологиялық қызмет көрсетуге конкурс жүріп жатыр» деді басқарма басшысы.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті мәліметінше, қазіргі кезде елордада 25719 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Соның 5316-ы – ерекше қажеттілігі бар балалар. 9 мың мүгедекке сауықтыру қызметі көрсетілді. Мүгедектер арбасымен қамту сияқты жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Инватакси саны да 23-тен 30 көлікке көбейтілді. Жыл сайын осы қызмет 3 мыңнан астам адамға, соның ішінде бір мыңнан аса балаға көрсетіледі.

Тәулік бойғы және күндізгі арнайы әлеуметтік көмек қызметін алушылардың саны да 2015 жылмен салыстырғанда 17,6 пайыз­ға, соның ішінде үкіметтік емес секторда 25 пайызға өсті. Аталмыш қызметті 1300 адам көрсетеді. «Шарапат», «Нұрлы жүрек», «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, қала әкімдігінің әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығы адамға туғанынан қартайғанша қызмет көрсетеді. Кейінгі орталық ашылғаннан оның қызметіне жүгінетін адамдар саны 560-тан 1196 адамға, яғни екі еседен астамға көбейді.

«Қабылданған қызмет көрсету моделі өз нәтижесін беріп келе жатыр. Материалдық-техникалық база жақсарып, әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі артты. Соның жарқын мысалы – сал ауруына шалдыққан 24 бала аяққа тұрып, алғашқы қадамдарын жасады. Бұдан бұрын бұл мүмкін емес еді» деген С. Нұрғожина әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының жағдайы мен оларда жасалып жатқан істерден хабар берді.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы халықты жұмыспен қамту жағынан елде көш басында келеді. Мемлекеттік салалық бағдарламаларды жүзеге асыру аясында және жеке бастамалар арқасында 1111 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Соның ішінде, шағын бизнес саласында 10981 орын ашылды. Осы салада жылдың аяғына дейін 19800 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button