Қоғам

Алло, «Астана ақшамы»!

Күләнда ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, зейнеткер:
– Жақында Астанаға көшіп келіп едім. Қазір жетпіске тақап қалдым. Жас кезімнен бері тізем ауырады. Кәрілік қосылып, тіпті буын-буыным сырқырайды. Ем іздеп, бірнеше қаланың ауруханасына бардым. Бірақ еш нәтиже шықпады. Бүгінде жастардың өзінде де мұндай мәселе аз емес. Астанада осы сырқатты емдейтін аурухана бар ма?

Бұл сауалға Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының травматолог-ортопед дәрігері Ерсін Усиннің жауабын ұсынамыз.

– Мұндай дертті буын-буынға протез салу арқылы емдейміз. Жұмыс кестесіне сәйкес, тізе, жамбас, табан, шынтақ, иық, мойын, бармақ пен бақай сияқты зақым келген дене мүшеге мұнда күнделікті 8-9 ота жасалады. Соның екі-үшеуі – менің еншімде. Әсіресе, отаны 60-тан асқан егде жастағы адамдарға жиі жасаймыз. Емделушілеріміздің ең жасы үлкені 95-тегі қария болды. Аяқ-қолы ауыратындар бірден келмейді ғой бізде. 20-30 жыл бойы шыдап, ең соңында дерті әбден асқынып, амалы таусылған соң бірақ қаралады. Алайда жасанды мүше салғаннан кейін жас кезінен бері ауырғандар оңалып кететін жағдай үнемі болып тұрады. Жүре алмай, сал болып қалдым деп ойлап келген науқастар біздің отадан кейін ауруханадан үйлеріне өз аяқтарымен қайтады. Егер квотамен келсе, ота тегін жасалады. Әйтпесе, мұндағы ақылы оталарды кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Өйткені оның бағасы миллион теңгеге дейін жетіп жығылады. Ал квотаға ие болу үшін Қазақстан азаматы болуы міндетті. Әр адамға әртүрлі протездер салынады. Көбіне АҚШ-та, Германия­да және Қазақстанда жасалған протездерді қолданамыз.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button