Мәдениет

Әміренің күміс медалі

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ұлттық музейге сый-тарту» акциясының үш жылдық қорытындысына арналған көрме ашылды. Іс-шараның ашылуында ән дүлдүлі Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Парижде жеңіп алған күміс медалі салтанатты жағдайда музей қорына тапсырылды.

Әміренің бұл наградасын режиссер Джулия Ғани сатып алып, осыдан екі жыл бұрын тұңғыш рет қалың жұртшылықтың назарына ұсынды. Кейіннен «Әміре» фильмінің бас продюсері Алидар Өтемұратовтың қолына тапсырған. Ал Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатубалдинге медальді фильмде Әміре бейнесін сомдаған Санжар Мәдиев табыстады.
«1925 жылы күміс медальдің 40 данасы ғана жасалды. Әміремен қатар кеңес делегациясынан осындай медальді Владимир Маяковский, Сергей Эйзенштейн секілді белгілі адамдар иеленді. Өзге медальдардың тағдыры белгісіз. Бірақ жеке коллекцияларға алынғаны айтылуда. Қазір ғаламторда көшірмелері қаптады. Алайда Лондон мен Монакодан табылған екі-ақ түпнұсқасы анық. Оның бірі Әміренің осы медалі» деген актер медальмен қатар «Әміре» фильмі үшін арнайы жасалған қос домбыра мен «ЭКСПО-1925» туралы сол кездегі материалдар шыққан газетті музейге сыйлады.
«Ұлттық музейге сый тарту» шарасы 2015 жылғы 18 наурыздан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Осы уақытқа дейін аталмыш жиын Астана, Алматы, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Петропавл, Тараз, Талдықорған қалаларында өткізілді. Үш жыл ішінде акцияға 300-ден аса адам қатысып, музей қорына 3000-нан астам аса құнды жәдігер қабылданды.
Сол жәдігерлердің бір парасы қойылған көрмеге Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, айтыскер ақын Надежда Лушникова, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың жиені Жаннета Серікбаева, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, әйгілі суретші Әбілхан Қастеевтің шөбересі Айсаным Қастеева, т.б. белгілі адамдардың ұрпақтары мен жақындары қатысты. Ұлттық музей басшылығы акцияға үлес қосқан азаматтарға естелік сыйлықтар тапсырып, алғыс хатпен марапаттады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button