Мәдениет

Ән – арамыздағы алтын көпір

Елбасы домбыра мен гармошка аспабында жақсы ойнайды. Домбырамен ән айт­қанда құлақтың құрышын қандырады. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев­пен талай мәрте ән салып, тіпті бейресми түрде оның жеке концертмейстері атану – мен үшін үлкен құрмет. Ең бірінші танысқанымызда 2 сағат бойы аяқтан тік тұрып, салмағы 11 келілік баянды асынып ән салдым. Бірақ мүлдем шаршамадым. Керісінше, шабыттана түстім. Оның себебі Елбасының алдында бірге өнер көрсеткеннен болар. Өз басым қобалжыған жоқпын, бірақ ұйымдастырушылар тарапынан «олай етпе, бұлай істеме, әнді басқаша орында» деген сияқты ескертпелер көп айтылатын, ал өзі еркіндікті ерекше бағалайды. Бір ән орындап болған соң Елбасы маған тағы бір ән айтуымды сұрады. Екінші әнім аяқталған соң үшіншісін орындадым. Одан кейін бір уақытта ол кісі «Баспадым жардың шетін құлай ма деп…» деп шырқай жөнелді. Мен де қосыла кеттім. Содан соң ол кісі тілегін айтып, сөз сөйлеп тұрып, мені көріп қалса, бір әнді шырқай жөнеледі. Содан бір уақытта «Атың кім? Қайда істейсің?» деп сұрады. Қазақ театрында бас хормейстер екенімді айттым. «Әзірбайжан Мәмбетовте екенсің ғой» деді. Содан Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында туып-өскенімді айттым. Артынша көмекшілері телефон нөмірімді жазып алды. Содан бастап Елбасының алдында жиі өнер көрсететін болдым. Баяным да көлігімде жүретін болды.
Таныстықтан кейін келесі кездескенде Елбасының «Амантай, қалайсың?» деп хал-жағдай сұрасқаны бар. Өзіміз бір көрген адамды екінші рет еске түсіре алмай, «есімің кім еді?» деп сұрап жатамыз. Ол менің есімімді ұмытпаған екен. Сонымен қатар ол кісі демалысқа шыққанда саясат туралы бір ауыз сөз қозғамайды. Уақытты уысында ұстайды, демалыс уақытында шынайы демалады. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған жиында тек сол тақырыпқа сай әндерді айтуымды қалайтын. Бірде тақырыпқа сай емес әнді айтып бастап едім, сонда ол ақырын тоқтатып, ана туралы, махаббат, нәзіктік жайында өзі әндетіп кетті. Жалпы өте талғампаз тыңдарман. Бұл кісінің тұла бойында жасандылық жоқ. Көңілінде тұрған сөзді айтып салатыны тағы бар. Елбасымен арамыздағы алтын көпір – ән.
Елбасының қошеметіне, сый-сияпатына бөленген мен бақыттымын. Соның ішінде мен үшін ең құрметтісі – өзі тарту еткен ақ баян. 2006 жылы 8 наурызда Бурабайға бардық. Ол кісі саятшылықты жақсы көреді ғой, атқа шауып ән айтатын болсам, суыққа төзімдісін аламын. Ал ғимарат ішінде болса, дауысы жақсы шығатын, әдемісін таңдаймын. Ұйымдастырушылар мерекелік кештің қандай форматта өтетінін ескертпеді. Содан ғимарат ішінде дауысы жақсы шығатын баянымды алып шықтым. Елбасының алдында өнер көрсеттім, өзі де қосылып ән шырқады. Одан соң ұйым­дастырушылар далаға шығып өнер көрсетуімді сұрады. «Баяным суыққа шыдамайды, дауысы шықпай қалады» десем, оны ескеретін олар жоқ. Ақыры баянымды алып Елбасының жанына жақындадым да, әнімді бастап кеттім. Ал баяным суықтан қатты да қалды. Дауысы ақырын шығып, шыңыл естіліп тұрды. Сонда Елбасы: «Амантай, неге ақырын ойнап тұрсың?» деді. Мен ғимараттың ішінде ойнайтын баянымды алып келгенімді айттым. Сол сәтте Елбасы жан-жағына қарап: «Амантайдың жағдайына қарап жүрсеңдерші. Амантайға бір баян алып беру керек» деді. Содан жарты ай өтер-өтпес уақыттан кейін Германиядан әкелінген су жаңа баян қолыма тиді. Баспаналы болуым да Елбасының арқасы деп білемін. ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағына өзі ұсынды, қанатының астына алып жүретін. Онысын өнерге деген риясыз махаббаты деп білемін.

Амантай ЖҰМАШЕВ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
Қалибек Қуанышбаев атындағы
Мемлекеттік академиялық
қазақ музыкалық-драма
театрының бас хормейстері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button