Мәдениет

Тарих һәм тұлға

16 жыл бойы Тұңғыш Президенттің алғашқы резиденциясында орналасып келген мұражай енді сол жағалаудағы зәулім әрі заманауи ғимаратқа көшіп келді. Елдің тарихы мен Елбасының еңбегін ескі ғимаратта да танығысы келгендер аз болған жоқ. Алайда бір мемлекеттің кешегісін бір кешенге сыйғызу тарлық еткен. Есілдің сол жағалауындағы Тұңғыш Президент мұражайының аумағы – 40 мың шаршы метр. Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихын енді осы жерден табасыз.

Жаңа мұражай бұған дейінгі мұражайлардың ешбіріне ұқсамайды. Сәулет өнерінің сұлулығы мен заманауи технология ерекше үйлесіммен қабыса кеткен. Мұндай ұтымды шешім әсіресе жастар жағын мұражайға тартары анық.
Мұражайда тарихтан сыр шертетін 11 мыңнан астам жәдігер орналасқан. Елбасының жастық шағы, еңбек жолы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, құнды құжаттар, Тұңғыш Президенттің қолжазбалары – бәрі-бәрі күні кешегідей тәуелсіз Қазақстанның өткенін ойға оралтады. Айтпақшы, мұражайға бас сұқсаңыз, Тұңғыш Президент кеңсесінің жетекшісі Махмұд Қасымбеков жазған қалың кітапты ашпай кетпеңіз. Бұл туындыны осы мұражайдың қағаз кейпіндегі нұсқасы деуге де болады. Жаңа ғимараттың тағы бір ерекшелігі, мұражай бөлмелерге бөлінбейді. Жылыстай жүріп жылдар мен жылнамаларды, ел тарихындағы елеулі оқиғаларды көз елегінен өткізесіз.
Едені ақ мәрмәрдан төселген, төбесіне мұз сынықтары тәрізді аспалы шам ілінген дәлізде назарыңызға бірден ілігетіні – Елбасының 2016 жылы Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммитте жариялаған манифест жазылған гранит тақта.
Жаңа ғимараттың орталық бөлігі шатырға жалғасқан үш қабатты ­атриумнан тұрады. Ал ұзындығы отыз метрге созылған көлденең экран Елбасы мұражайында жүргеніңізді еске салатындай. Бұдан бір жарым есе үлкен тағы бір экран екінші қабатқа қойылған.

Мұражайдың әр шаршы метрінен ғимараттың сән-салтанатпен салынғанын байқайсыз. Жобалаумен айналысқан дизайнерлер қолдарынан келгенін салып баққаны көрініп-ақ тұр. Бәрі алтын-күміс түстерге боялған. Музей сұйық-кристалды led-экран, голограмма, touch-монитор, электронды карта, 3D-композиция, инсталляция және пікір жазуға арналған интерактивті медиа-үстелдермен жабдықталған 7 көрме және экспозиция залынан тұрады. Барлық экраннан Елбасының суреті мен видеосы көрсетіліп, Президент болған жылдары сөйлеген сөздері берілген. Жаңа мұражайдың залдары «Тұлғаның қалыптасуы», «Көшбасшы жолы» деп аталады.
«Дарынды жас» талантты Нұрсұлтан туралы» деген бөлімде «Қытайдан келген хаттар» деп аталатын постер ілінген. Онда сол кездің өзінде саясатқа қызығушылық танытып жүрген Қаскелең орта мектебінің «үздік оқушысы» мен қытай мұғалімінің достық лебізге толы хат алысып тұрғаны туралы хикая баяндалады.
Мұражайдан қанша көп ақпарат алғаныңызға қарамастан, әйнек пен ақ мәрмәр тастың үйлесімділігі бо­йыңызға ерекше жеңілдік сыйлайды. Орта ғасырдағы Еуропа сарайларына сая­хаттап қайтқандай күй кешесіз. Жаңа ғимараттың макетін бүге-шігесіне де­йін ойластырған отандық мамандардың басты ұстанымы әрбір жәдігердің қолжетімділігі болған. Озық технологиялардың арқасында қолыңыздағы планшетті кез келген жәдігерге тақасаңыз болды, теңгенің бедерінде бейнеленген ұлттық таңбалар «тіріліп» кеткендей көрінеді. Елбасының сырт елдерге сапары, әлем мінберлерінен айтқан мәлімдемелерін де осылай тыңдауға мүмкіндік бар. Мәртебелі марапаттар, әуелі әріптес, сосын дос атанған саясаттағы саңлақтардың сыйлықтары. Тұтас бір қабырға – қынабы қалың қылыштар. Елбасы қолы қалт етсе – қазақтың қара домбырасын күмбірлетеніні бар емес пе?! Домбыра үні енді мұнда да үзілмейді. Сондай-ақ мұражайдың электронды кітабы да бар. Келушілердің жылы лебіздері мен өтініштері қағаз бетіне емес, компьютерге тура түседі.
Елбасының жаңарған мұражайы елордалықтар үшін эстетикалық қана емес, білім алу мен зерттеу­ге жол ашатын маңызды әлеуметтік нысан болары анық.

Көктем ҚАРҚЫН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button