Мәдениет

«Ақ орамал» – оқырман олжасы

Жанайым Ауғанбайқызының жыр жинағы – «Ақ орамал» оқырманға жол тартты. Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек ­Айтұлы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, аталған одақтың Астанадағы филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, жазушы Асқар Алтай, белгілі абайтанушы Омар Жәлел, Қытай қазақтарынан шыққан танымал диктор Қызырбек Жанасылұлы жаңа жыр жинақтың тұсауын кесті.

– Қазақ поэзиясының арғы-­бергі тарихында өлеңмен өрнек салған мықты ақын қыздар аз болған жоқ. Ұлбике, Саралардан тартып, кешегі Фариза, бүгінгі Танакөз Толқынқызына дейін айтар болсақ, жыр көшіне ақиық жырымен сән қосқан әйел ақындар аз емес. Бүгін, міне, сол көшке «Ақ орамалмен» Жанайым Ауғанбайқызы қосылды. «Ақ орамалды» парақтап отырып, Жанайымның өлеңдерінен нәзіктікпен қатар қазақ қыздарына тән ибалылықты, бұйығы ұяңдықты байқадым. Шынын айтайық, біздің қазіргі қазақ қыздарының поэзиясында, Батыстың әсерінен бе, әлде орыс жазушыларының ықпалы ма, бір әдепсіздік белең алып барады. Өлең деген осы екен деп бәрін ашық жазатын болды да, қыздарға тән әдептілік, тектілік қасиет сұйылып бара жатқан еді. Жанайымның өлеңдері оқырмандарды сол қасиетпен қайта қауыштырды. Мен осыған қуандым, – деді Несіпбек Айтұлы. Ақын Дәулеткерей Кәпұлы Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің сәлемін жеткізіп, Жазушылар одағы атынан жақында жарық көрген кітаптарды сыйлап, Жанайымның шығармашылық жолына табыс тіледі.

Салтанатты іс-шараның соңында кезек Жанайым Ауғанбайқызының сөзіне жазылған әндеріне беріліп, оны Нұрлан Өнербаев, Майра Ілиясова сынды танымал әншілер орындады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button