Таным

АҚКӨЛ-ЖАЙЫЛМА – ХАНДАР МЕКЕНІ

a0dee0b067a40ef3c778a35fe59a0542_big

«Қозы Қөрпеш – Баян сұлу» жырының шешуші уақиғалары Қарабайдың «…Қызымды жетім ұлға бермеймін» деп, Аяғын Өлеңтінің өрлей көшті… Өлеңтінің бойынан көшкен күні, Сарыбайдың сабасы жарылады… Сарыбайдың сабасы жарылған жер, Ақкөл менен Жайылма сонан қалған» деп тоқсан мың жылқыны айдап көшуімен басталады. Өлеңтіні өрлей көшсе, Қарабайдың елі өзіміздің Қараөткелге келеді.
Өлеңтінің сағасынан орын тепкен Ақкөл-Жайылма аталатын жер туралы сөз қозғайық. Ақкөл-Жайылма – ұлан-байтақ қазақ жерінің орталық бөлігіне орналасқан әдемі аймақ. Ақкөлді жергілікті қазақ қариялары Әулиекөл деп те атайды және ортағасырлық шежіре деректері мен тарихи жазбалардан бұл аймақ туралы аздаған мәліметтер кездеседі. Соларға қарап отырып Ақкөл-Жайылманың қазақ тарихындағы орыны Баянаула, Қарқаралы, Ұлытау сияқты тарихи орталықтардан бір де кем емес екенін аңғарамыз.
Ақкөл-Жайылма өңірі Өлеңті және Шідерті өзендерінің төменгі ағысындағы ұлан-байтақ жерді алып жатыр. Жалпы алғанда, бұл алаптың жер көлемі екі ауданды (Екібастұз және Ақтоғай) қамтиды. Ақкөл-Жайылма ұғымына Өлеңті-Шідертінің төменгі ағысы, Ақкөлдің өзі (Әулиекөл), Ақкөлден төмен түсетін Дуана өзенінің бойы, одан әрі орналасқан көлдер жүйесі (Бәсентейін, Қылдыкөл, Сасықкөл, Өмірзақ, Бозайғыр, Ащыкөл, Көктөбе, Тоққылы) енеді.
Өлеңті өзенінің ұзындығы – 273 км. Ақмола облысының Ақдың (Белоярское) ауылынан оңтүстікке қарай 3 шақырым жерден басталып, солтүстік-шығысқа қарай ағып, Павлодар облысының бұрынғы «Екібастұз» совхозы, қазіргі Төртүй селолық округіне жататын Қаражар (бұрынғы аты – Қаражыра) ауылы тұсынан екіге бөлініп, бір саласы Әулиекөлге (Ақкөлге), бір саласы Жаманкөлге құяды (Коорд.: 52°11 с.е. 74°45 ш.б., теңіз деңгейінен 126,4 м. биіктікте орналасқан). Екі көл бір-бірімен іргелес орналасқан.
Ақкөл Өлеңтінің суымен толып, кемерінен асқан уақытта солтүстікке қарай Жайылмаға түседі. Негізі, Ақкөл суы Дуана өзені (қазіргі уақытта бөгет салынып, тоқтатылған) арқылы тұтас көлдер үлкен жүйесіне барып құяды. Қазақ түсінігінде Ақкөл-Жайылма өңірі шаруашылыққа өте ыңғайлы деп саналады. Әрине, қазақтың көшпелі мал шаруашылығы үшін бұл өңірдің ерекше қызықты болуы заңды. Сол себептен қазақ ауызында ертеден «Шідертінің суы – бал, Өлеңтінің шөбі – бал» деген қанатты сөздер сақталған.
Қалың қамыс басқан Ақкөл мен Жаманкөл жағалары қысқы қонысқа өте ыңғайлы. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Ф.Щербина бастаған экспедицияның статистикалық зерттеулерінен бұл арада қазақтың көптеген бай қыстауларын кездестіреміз. Сол қыстаулардың орнын қазіргі күнде де көруге болады. Қыстыгүні көл жағалауы бір жағы суықтан пана, екінші жағынан – азық. Әлі күнге жергілікті ел қысты күні малын далаға, тебінге жаяды. Пішенді, аса қажеттілік болмаса, пайдалана қоймайды. Бізге дерек берген Қыздарбек ақсақал Қараоба маңында қыстаған елдің жазда Қойайырған, Сарыөзек деген жерлерді жайлағанын, ертеде бұл өңірдің шөбі қалың, бітік, биік болатынын, ат бауырынан келетінін, арасында бала адасатынын айтады.
Ақкөл-Жайылма өңірінің тағы бір қасиеті – көлдер жүйесі аң мен құсқа, балыққа бай. Дала құстарынан үйрек, қаз, италақаз және балықтың көптеген түрлері кездеседі.
Қаражар – Ақкөлге ең таяу орналасқан ауыл. Атақты Естай ақынның ауылы. Қазақ өнерінің ордасы болған жер. Қаражар ауылының адамдары аңшылыққа бейім, балықшылықты жақсы меңгерген. Қайық жасайтын (сайтан қайық), ау тоқитын, қаза құратын (қамыстан жасалатын балық аулау құралы) қолы епті, өнерлі адамдары бар. Қаза – бүгінгі күні Қазақстанда тек Ақкөл-Жайылмада ғана кездесетін ерекше құрал. Сырдың бойында және Ертісте кездесетін Қазалы атаулары осы құралмен байланысты. Көлдерге, тұйық суларға құрылатын қаза елді қысы-жазы балыққа кәні қылады. Сібір түркілерінде осы сияқты балық аулау құралын «түнек» деп атайды. Қамшы, жүген, ағаш жабдықтарды өздері қолдан, дәстүрлі негізде жасап алатын. Қаражар ауылы дәстүрлі этнографиялық орта есебінде қызықтырады.
Мен біраз жылдар Ақкөл-Жайылма өңірінің тарихи және этнографиялық ескерткіштерін зерттеумен, оны елге танытумен айналыстым. Сол ізденістердің барысында Ақкөл жағасынан Қаражар елді мекеніне екі шақырым жерден, қазақ зиратының ішінен ортағасырлық қалашық тамаша ескерткіштердің (Қараоба) сұлбасы табылды. Сонымен қатар маңайда неолит дәуірінің тас микролит құралдары, қимақ-оғыз қорғандары кездеседі.
Ақкөл-Жайылма маңындағы ескерткіштер тек бұл жағалаумен шектелмейді. Көлдің оңтүстік жағасында – Асан Қайғы тасы, Түйте әулие ескерткіштері, Исабек ишан зираты, көлдің шығысында Әулиеағаш, Шідерті өзені бойында Сағынайдың асында атақты Құлагерді сынаған Күреңбай бейіті, т.б. ескерткіштер орналасқан. «Қараоба» аталатын орта ғасырлық сәулет өнерінің ескерткіштері Ақкөлдің жағасында орналасқан қазақ зираты тарихи қорым десек болады: бұл жерде тас дәуірінің еңбек құралдары, қола дәуірінің қыш ыдыстарының сынықтары, орта ғасырлық қорғандар кездеседі. Бізді әсіресе қызықтырған екі төбешік (1-Қараоба, 2-Қараоба) зираттың күн батыс жағына қарай орналасқан:
1-Қараоба: биіктігі – 2 м, солтүстіктен оңтүстікке қарай – 25 м, батыстан шығысқа қарай – 30 м. Көл жағалауынан 80-100 м жерде орналасқан.
2-Қараоба: биіктігі – 1,7 м, солтүстіктен оңтүстікке қарай – 24,5 м, батыстан шығысқа қарай – 25 м. Көл жағалауынан 100-115 м жерде орналасқан.
Төбелердің үстінде қызыл кірпіш қалдықтары шашылып жатыр. Сирек болса да арасынан көк шыны (глазурь) жалатылған кірпіш сынықтары кездеседі. Төбелердің үстінде кірпіш күйдіруден қалған шлак қалдықтары да бар. Үшінші бір мәселе – төбелер маңында орта ғасырлық қыш ыдыстарының кездесуі.
Ескерткіштер мазар типтес құрылыс екені сөзсіз. Олар Орталық Қазақстандағы Жошы хан мазары сияқты қызыл кірпіштен көтерілген, көк күмбезді, әшекейленген порталы болған құрылыс болса керек. Сонымен қатар, табылған құрылыс сыртын әшекейлейтін ою-өрнекті керамика плиткалары мен көк шыны жалатқан кірпіш сынықтары өзінің орындалу технологиясы мен әсемдігі жағынан көптеген орта ғасырлық ескерткіштерден әлдеқайда жоғары. Бұл фактілер – бұрын далалық өлкеде табылмаған ерекше-көркем тарихи ескерткішке тап болғанымыздың дәлелі. Ескерткіштерді жобамен Алтын Орда заманының (құрылыс типі, құрылыс материалдары, араб жазуы, т.б. сипаттары бойынша) құрылысы деп болжауға болады.
Ақкөлмен қатар жатқан Жаманкөлдің шығыс тұсынан Жайылмаға түсетін Дуана өзеніне дейінгі бірнеше километрлік алқапта терең қазылған (ені 9-10 метр) ордың ізі жатыр. Бұл не көне замандағы ирригациялық құрылыстан, не ортағасырлық бекініс – ордан қалған белгі. Қалай болғанда да кесенелер орналасқан (Қараоба) алап жан-жағынан жақсы бекінген, алынбас қамалға ұқсайды.
Қаражар ауылынан бізге дерек беруші Кәкен ақсақал «бұл жерде ноғайлы заманында қалмақ пен қырғыздың соғысы болған. Бұл төбелер солардан қалған екен-мыс» дейді. Информаторлар «қырғыз» деп Алтын орда заманында далалық өлкені қоныстанған ноғайлы руларын айтып отыр деп есептейміз. «Бір жолы қалмақтар «Қараоба» елін шаппақ болып орға дейін келеді. Бірақ, ордан әскер өте алмай, тек қалмақ әскерінің қолбасшы батырының аты ер-тұрманымен өтіп кетеді. Содан көл жағасын мекендеген ел сол ер-тұрманды атты көріп, бір түнде көшіп кеткен екен».
Бұл әңгіме ноғайлы жұртының ала тайдан үркіп, бір түнде көшіп кетті делінетін әңгімесін еске түсіреді. М.-Ж.Көпейұлының «Қазақ шежіресінде» Ақкөл-Жайылма жеріндегі ескерткіштер туралы: «Шідерті өзенінің аяғында Ақжар, Сасай деген ноғайлылардың егін егіп, кент салып, тақ құрған, Бұқар, Қоқан хандары сықылды орда жасатқан жері екен. Өлеңтінің аяғында «Қараоба», «Сарыоба» деген екі төбе – Қарабай мен Сарыбай деген екі бай қоныс қылған екен, бұл екеуі де қазақ байлары. Сол Сарыбайдың жалғыз қызы Баянсұлудың туған жері – Баянаула тауы…» деп жазылған. Бұл әңгімеден Ақкөл-Жайылма тарихы Алтын Ордамен байланысты болғанымен, түп-тамыры одан әрірек деген ой түйеміз. Қазақ түсінігінде «оба» көне дәуірдің ескерткіштеріне қатысты қолданылады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырына арқау болған уақиғалар мен ұғымдар өте ерте заманға тиесілі екені белгілі.
Үшінші дерек Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» (ХVІ басы) кітабында кездеседі: «Ол мәһалда Шайбан-хан нәсілінен Маңқұтай оғлы Кызыр-оғлан тәрләр әрдә. Сайын-хан (Бату-хан. – Ж.А.) салғаған Маңқұтайдың йурты Ақ-Көл тегәндә әрді. Өзгә оғланларындан айырылып йуртындә болмақының жәһәтін йуқарыдә зікр қылыб турур біз.
Әлқіссә, бегім (Тайдолла. – Ж.А.) мәзкүр Кызыр-оғланны үндәтіб әлтіб Сайын-хан тәхтіндә Сарай віләйәтіндә хан қылды…
Ол мәһәдлдә Шайбан-хан нәсілдің Маңқұтай оғлы Кызыр қожа (Жошы. – Ж.А.) ханның өзгә зәфісіндін болған он йеті оғлұнының нәбәрәләрін білән Кыйат Ысатайғә қошун бәрді…» (Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме, 136-б.).
Өтеміс қажының жазуына қарағанда Шайбан (Сыбан, Шибан) ұлысы Ақкөл-Жайылмаға Сайын ханның (Бату) бұйрығымен ие болған. Негізінде, одан да ертерек осы жерге қатысы болса керек. Шыңғыс хан Жошыдан туған он жеті ұлдың тек үшеуіне ғана үлес беріпті делінеді ескі аңыздарда. Атап айтқанда, Орда Ежен – Сарыарқаны, одан әрі Сыр мен Алтай арасын, орталығы Ұлытау – «күміс босағалы көк орданы», Бату осы Ұлытаудан батысқа дейінгі жерге ие болды «алтын босағалы Ақ орданы», одан кейінгі Шайбан Орда Ежен мен Бату иелігіндегі аумақтың арасын, яғни, Ұлытаудан Ертіске, одан әрі Ібір-Сібір жұртына дейінгі жерді – «болат босағалы боз орданы» еншілепті. Кейіннен Бату батысқа жылжып, жеті жылдық соғыстан кейін (1235-1242) Шығыс Европа, Русь, Кавказды билеп отыру үшін Еділ бойында (Сарай-Бату) астана салдырды. Сол кезеңде Шайбанға тиесілі жер көлемі ұлғайып, орталығы Ақкөлге орныққаны байқалады.
Өзбек хан тұсында Жошы тұқымының бәрі кыйат Исатайға берілген уақытта Шайбан тұқымының оғландары аталарының атағы арқасында өз қоныстары – Ақкөл бойында ешкімге бағынбай қалған. Далалық өңірді мекен еткен Шайбан тұқымының жауынгер болғандығын В.В.Бартольд, Лэн-Пуль, т.б. ғалымдар атап көрсеткен. В.В.Бартольд: «Из всех частей, на которые распались владения Джучи, во владениях потомков Шибана более всего преобладала кочевая жизнь; тем не менее, и здесь в течение более 200 лет власть могла оставаться в руках членов одного и того же ханского рода – явление довольно редкое у кочевников. Менее всего затронутые городской культурой, потомки Шибана остались более всего верны воинственным традициям кочевников и потому могли выступить в роли завоевателей в такое время, когда могущество династии Чингиз-Хана почти везде находилось в полном упадке» (Бартольд В.В., Двенадцать лекции по истории турецких народов Средней Азии // Собр. соч. т. 5. М., 1968. с.125). В.Бартольд көшпелілердің соңғы қозғалыстарын – Шайбан әулетінің Алтын Орда тағына таласуын, Сібір хандығын, Әбілхайыр құрған «көшпелі өзбек мемлекетін» т.б. айтып отырғаны күмәнсіз. Осыдан кейін 1428 жылы Әбілхайырдың Сібірде Чимгу-турада хан көтерілуі, Көшімнің Ібір-Сібірді билеуге «қазақ даласынан» баруы түсінікті болады. Ақкөл – сол заманның қасиетті жәдігері.
Бердібек хан өлгеннен кейін (1359) Бату тұқымынан хандыққа лайық адам табылмай, Ақкөлден Қызыр хан Алтын Орда билігіне келеді.
Әбілғазының жазуына қарағанда, Шайбан ағасы Сайын ханнан үлеске Орда Ежен мен Бату хан шекарасындағы жерлерді алған: «Отырар жерің ағам Ежен мен менің арамда болсын. Жазда Ырғыз, Сауықта (Торғай), Ор, Електен Орал тауына дейін Жайықтың күн шығыс жағын жайла, қыста Арақұм, Қарақұм, Сыр суының бойын, Шу, Сарысудың аяғын қыста» (Абуль-Гази, Родословное древо тюрков. Сочинение Абуль-Гази, хивинского хана/ Казань, 1906, 120 б.).
Ақкөл қалашығы туралы деректер атақты орта ғасырлық көпес Бадр ад-дин Хасан ар-Румидің хабарларында кездеседі. Ол Алтын Орда (ол кезде Өзбек ханның билігі жүріп тұрған уақыт) шеқарасының Жейхұннан басталып, Хорезм, Сығанақ, Сайрам, Жаркент, Женд, Сарай, Мажар, Азак, Акшакерман (бұл қала Қырымда), Кафа, Судак, Саксин, Укек, Бұлғар қалаларын қамтитынын жазады, оған Сібір және Ібір, Башқырд (мәтінде солай) және Чулыман өлкелері енеді. Бір жақсысы, Хасан ар-Руми өзі жүрген жерлердің ара қашықтығын, ерекшеліктерін нақты есептеп беріп отырады: «Темір қақпа», яғни, Баку қаласының маңынан Ібір-Сібір арқылы Қытайға керуен бес ай бойы жүріп барады» дейді көпес. Бұл бес ай дегеніңіз – мемлекеттің жерінің ұзындығы, ал ені Жейхуннен Дунайға дейін… Сейхуннен Дунайға шейін төрт айлық жол, Сейхун мен Жейхун арасы 15 күндік, енді Жейхун мен Жайық арасы 15 күн, ал Жайық пен Еділ арасы 10 күн. Еділден Донға дейін – бір ай…»
Хасан ар-Руми өзге саяхатшылар ылғи да шатастыратын мәселелерде аса біліктілік танытады. Мысалы, оның жазуынша, Жейхун өзені Кулзум теңізіне (Каспийді айтады) құяды деу қателік, «шын мәнінде ұзындығы 100 фарсахтай (әр фарсах –7-8 км) болатын Тұздыкөлге (Арал теңізін айтып отыр) құяды». Көпестің айтуына қарағанда, ерте уақытта Тұздыкөлді Хорезм теңізі деп атаған, оның ортасында Жәгір аталатын тау бар (Барсакелмес аралы-?).
Ал, Ирбилидің Бұлғар туралы «оның ең қысқа түні 4,5 сағатқа созылады – ол Қыпшақ елінің ең даңқты қаласы» дегеніне байланысты Хасан ар-Руми өз сөзін жалғастырады:
«Шын мәнінде мен Бұлғар қаласындағы есепші-астроном Масудпен намаз уақытын есептедім» дейді көпес, әртүрлі астрономиялық құралдарды пайдаланып, біз расында да ол жердің түні жаз айларында 4,5 сағаттан аспайтынын анықтадық. Енді тексере келе, Қыпшақ даласында одан түні қысқа жерлер бар екенін білдім. Мысалы, Ақкөл деген кішкене қалада жазғы қысқа түн бар болғаны 3,5 сағат, яғни, Бұлғардан бір сағатқа кем. Бұлғар мен Ақкөлдің арасы (яғни, Қазан қаласы мен Ақкөл арасы) 20 күндік жол, Ақкөлден әрі Ібір мен Сібір, одан әрі Чулыман. Саяхатшы Чулыманнан Шығысқа қарай жүрсе алдымен Қарақорымға, одан кейін Қытай жеріне келеді». Егер Чулыманнан Батысқа қарай жүрсеңіз, сіз орыстардың жеріне келесіз, ал одан кейін франктердің жері басталады, осылай Батыс теңізіне жақындайсыз дейді көпес.
Біздің бұл мәселеге байланыс­ты қарастырған әдебиетте жазғы ең қысқа түн Сарыарқаның осы тұсында аңғарылады. Бұл ай – қазақша айтқанда, қырық күн шілденің орта тұсы. Ендеше, Ақкөл – Алтын Орда заманында көпестер мен елшілердің ат басын тірейтін белгілі қаланың бірі.
Ақкөл –Жайылма өңірінің Еуразия көшпелілері үшін тарихи саяси орталық болғанын дәлелдеу үшін көптеген деректерді келтіруге болады. Тіпті, бертінгі қазақ заманында да Ақкөл-Жайылма жерінде хан сайлаулары өтіп тұрған. Соның бірі – 1817 жылы 30 мамыр күні осы жерде Орта жүздің ханы болып Барақұлы Бөкейдің сайлануы. Абылай тұқымының беделін түсіру үшін бұл жиынға Ресейдің әскер басылары да келген және өзге қазақ сұлтандарының Ақкөл –Жайылмаға жиналуына тікелей ықпал еткен. Жеке Сібір корпусы генерал-лейтенант Глазенаптың Ертіс бойындағы елдің сұлтаны Шаншар Сұлтанмәмедұлына хаты: «Благодарю Вас покорнейше, почтеннейший султан, за усердие Ваше, причем нужным считаю вас не оставить своим приездом к 30 числу мая на озеро Джайылму для бытия при церемониале хана Букея, на котором я сам предпологаю присутствовать» (Из переписки киргизских ханов, султанов и прочих // Памятная книжка Семипалатинской области на 1902 год. Вып. №1 (сост. А. Н. Букейханов), с.62).
Ақкөл–Жайылма өңіріне қатысты қазақ аңыздары терең зерттеуді қажет етеді. Себебі, миф-әфсана немесе батырлық жыр (Қобыланды батыр, Көрұғлы) түрінде сақталған бұл аңыздардың кілті көне заман тарихында, тілдің этимологиялық қатпарларында. Солардың бірі – Мәшһүр жинақтарында кездесетін «Алтай туралы» делінетін аңыз. Әңгіме Алтай деген жігіттің жас күнінде «жүгенін беліне байлап алып, жаяу барып, қанжығалы Пісбекбайдың жылқысын баққанынан» басталады.
«Пісбекбай Ақкөл-Жайылмада екен. Ішбекбай, Пісбекбай деген екі ағайынды байлар екен» дейді шежіреші. Бір жылдары ауыр жұт болып күллі Ақкөл-Жайылмадағы мал Ішбегінде екі нар ғана қалыпты. Жазғытұрым болғанда Ақкөл-Жайылмадағы ел сол екі нармен көшіп-қоныпты. Алтай батыр осы жұттың боларын алдын ала біліп, Пісбекбайдың жылқысын, ұзын аяқты түйе мен сиырын құс жолының астымен жылы жаққа айдап алып кетіп аман сақтапты. Кейіннен осы ерлігіне риза болып Пісбекбай қыздарын Алтайға береді-мыс. Сол қыздардан Әліке, Байдалы, Сайдалы, Мойын туып, «Арғынның сәуірі» атанды. «Арғын болсаң – Алтай бол» деген сөз Алтайдың арғын ішіндегі үлкендігін, көптігін, мықтылығын айғақтайды. Пісбекбайдың өзінен тараған еркек кіндік жоқ.
Бұл қай заманның аңызы, аңызды қалай сөйлету керек? Біздің пікірімізше, әңгіме оғыз-сақ дәуіріне қатысты. Ішбекбай мен Пісбекбайдың атасы Толыбай сыншы бүкіл оғыз елінің түпкі атасы (этноарх). Оның үлкен баласы Раушанбектің тұқымы – бүкіл Кіші Азия, Кавказ, Шығыс Еуропа жеріне тараған оғыздар. Олар қазіргі түрік-осман, түркімен, әзербайжан, гагауыз, т.б. елдер. Бұл кезең туралы «Көрұғлы» жырынан да біршама мәлімет алуға болады. Толыбайдың екінші ұлы – Пісбекбайдың тұқымы ғұндар бастаған «халықтардың ұлы қоныс аударуы» кезінде ғұндармен араласып, ассимиляцияға түсіп кеткен. Алтайдың Сарыарқаға келуі, Пісбекбайдың қыздарын алуы осы мәселені нұсқап тұр. Ал, Ішбекбайдың тұқымы – қазіргі уақытта қазақтың, қазаққа туыс бірнеше халықтың арасында кездесетін қанжығалы руы. Сақ дәуіріндегі аңыз-деректерге қарағанда, Ішбекбай – ішкі оғыздардың (ишкузы) Мысыр (Египет) еліне дейін жеткен 28 жылдық жорығын басқарған патша. Гректің ұлы тарихшысы Герадот осы Ішбекбай (Ишбакай) талай жылғы соғыстарды бастан өткеріп, ақыры өз еліне қайтып келді дейді. Оның әңгімесі тым көп, бұл мақала көлемі оған аздық етеді.
Міне, Ақкөл-Жайылманың көне тарихын біз осы сияқты аңыздардан да әдемілеп тарата аламыз. Этнографиялық мәліметтерді, археологиялық қазба материалдарын, қазақ шежіресін, ғылыми тұжырымдарды жинақтай отырып, біз төмендегідей қорытындылар жасаймыз:
– Ақкөл-Жайылма жері – ұлан-байтақ қазақ жерінің табиғаты бай, көркем, қадірлі, қасиетті өлкесінің бірі;
– Ақкөл-Жайылма – тіршілікке, мал шаруашылығына, адам өсіміне өте ыңғайлы, қолайлы аймақ;
– Ақкөл-Жайылма – тарихи өлке. Бұл жерден табылған тарихи жәдігерліктер, деректер оның ежелден тарихи орын екенін дәлелдейді;
– Ақкөл-Жайылма жерінің тарихи ескерткіштері тас ғасырынан бастау алады. Қараоба төңірегіндегі неолит дәуірінің микролит пластиналары осыған дәлел;
– Ақкөл-Жайылма жерінің ерте көшпелілерге тікелей қатысы бар. Бұл жердегі бейіттер мен далалық алқапта кездесетін төбелердің көпшілігі оғыз-қыпшақ дәуіріне жатады;
– Ақкөл-Жайылма Алтын орда (ноғайлы) дәуірінде Шайбан (Сыбан, Шибан) ұлысының орталығы болғандығы деректерден аңғарылады;
– Ақкөл-Жайылма ноғайлы дәуірінде үлкен, дамыған мәдениеттің, жазба дәстүрдің орталығы болды деп айта аламыз;
– Алтын Орда дәуірінің Ақкөл-Жайылма жерінде ғажайып культтық құрылыстары, қалашықтары, кен өндірісі, кірпіш құятын орталықтары болғаны біздің жинақтаған деректерімізден аңғарылады;
– Қаражар ауылындағы қазақ зиратында тек көне дәуір емес, бертінгі ХVІІІ ғасырдың да ескерткіштері (Көлебе батыр бейіті, т.б.) бар;
– Төбешіктер маңынан ирригациялық құрылыс (арықтар) жүйесінің сорабы, егіншілік алқаптарына ұқсас жер бедерлері бар;
– Ақкөл-Жайылма маңында ірі қорғаныс жүйелерінің іздері сақталған. Бірнеше шақырымға созылған ор (Дуана мен Жаманкөлді қосатын);
Осының бәрін ескере отырып, Ақкөл және онымен қатарлас Ақжар-Сасай өңірлерін табиғи және этнографиялық тарихи парк ретінде жариялауды ойластырған жөн деп есептейміз.
Орта ғасырлық деректерде Шайбан ордасы немесе Боз Орда туралы мәліметтер кездескенде қазақ жерінің солтүстік алқабына қарай осындай тарихи орынның болғанын ескерген дұрыс. Ақкөл-Жайылма – Шайбан сұлтандары билеген үлкен жұрттың кіндігі. Бұл мәселені одан әрі зерттеу қазақ тарихына қатысты көптеген мәселелерді қайта көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Боз Орда тарихына қатысты ғылыми зерттеулердің нәтижесі Орталық Азия тарихының тұтас бір кезеңіне жарық сәуле түсіретініне күмәніміз жоқ.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button