Басты ақпарат

Ақтөбеде «Астана» саябағы ашылды

Астананың 20 жылдығына ар­нал­ған елорданың ел аймақтарындағы мәдени күндері 12 мамыр күні Ақтөбе облысынан бастау алды.

Үш күнге созылған шара шеңберінде «Астана – Ақтөбе облысы арасындағы аймақаралық ынтымақтас­тық» атты бизнес-форум ұйымдастырылып, облыс орталығында «Астана» саябағының естелік капсуласын салу салтанаты өтті. «Астанадан ақ тілек» атты арнайы бағдарлама аясында бас қаланың шығармашылық ұжымдары ақтөбеліктердің алдында өнер көрсетті.
Астаналық делегацияны Ақтөбеге қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бастап барып, өңірдің инвестициялық жобалары көрмесімен танысты. Іскерлік ортаның, даму институттары және мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге бизнес-форумға қатысты. Басқосу барысында кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған аймақтық бағдарламалар, инвестициялық мүмкіндіктер, мем­­лекеттік-жеке­меншік әріптестік жобалары, Smart City тұжырымдамасы, экономиканы цифрландыруға қатысты инновациялық шешімдер, қызмет көрсету саласының дамуы, бизнесті дамытудағы цифрлық маркетинг рөлі талқыланды.
Жиын қорытындысында аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі келісімдер жасалды. Тиісті келісімшарттар Астана және Ақтөбе  облыстарының әкімдіктері арасында бекітілді. Бұған қоса, тауар өндірушілер мен өңірлерді дамыту институттары арасында өзара ынтымақтас­тық  жөніндегі  9 меморандумға қол қойылды.
Атап айтқанда, Астана қаласының «Шапағат» коммуналдық базарына азық-түлік тауарларын, елордаға құрылыс материалдарын жеткеру, «Сергек» атты жол қауіпсіздігі ережелерін бұзу оқиғаларын фото және бейнекамералар арқылы тіркеудің автоматты жүйесін, сондай-ақ, көшелердің жарықтандырылуын жасанды ақылмен басқаруға арналған Smart City жүйесін Ақтөбе қаласында енгізу, «е-ПИК» электронды жүйесін Ақтөбеге енгізу мүмкіндіктерін зерттеу, Астанаға қалпына келтірілген автокөлік шиналарын, резеңке өнімдерін жеткізу туралы ынтымақтастық жасалды.
«Астана» саябағы Ақтөбедегі «Нұр ғасыр» мешіті мен бір айдан соң ашылатын жаңа АХАЖ ғимаратының ортасындағы 4,3 гектар жерге орналасады. Саябақтың естелік капсуласын салу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Жаңа саябақ зор символикалық мәнге ие. Біріншіден, оның құрылысы Астананың 20 жылдығы тойланатын жылы басталды. Екіншіден, «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев саябағы және «Бірлік және келісім» бульвары бірыңғай сәулет-саябақ ке­шенінде орналасады. Үшіншіден, бұл – жақында «Астана» атауына ие болған жаңа аудандағы алғашқы нысан.
Астаналық инвесторлардың қатысуымен саябақта түрлі бағалы сұрыпты ағаштар отыр­ғызылып, гүлдер мен газон салынып, балалар алаңдары мен орындықтар орнатылады. Нысан болашақта Қазақстан астанасының басты символдарын бейнелейтін шағын сәулет мүсіндері бар замануи саябаққа айналады деп жоспарланған.
Мәдени бағдарламаға келсек, Астананың Тәуелсіздік сарайы Ақтөбеде ұйымдастырған «Елбасы-Елорда» атты көрмеге 50 суретшінің 100-ден аса туындысы қойылды. Олардың арасында С.Смағұлов, М.Бекеев, Р.Құлбатыров, С.Аллабергенов, Н.Қаржасов және өзге де суретшілердің картиналары бар. Сондай-ақ, көрмеде Жанна Спунердің жеке коллекциясынан алынған еңбектер, астаналық шеберлердің мүсіндері мен картиналары, Өмірбек Тілеулиевтің «Елім-ай» сериясы көпшілік назарына ұсынылды.
Ал салтанатты концертте Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымдары – «Сарыарқа» халық музыкасы, «Шалқыма» халық биі, эстрадалық би ансамбльдері, қазақ оркестрі, классикалық, эстрадалық және халық вокалы бөлімінің солис­тері өнер көрсетті.
Тұрсынбек Қабатов, Бейбіт Қорған, Клара Төленбаева, Ринат Мальцагов, Бибігүл Жан­ұзақ, Қайрат Баекенов және «Формат» тобы, «Арт-Домбыра» тобы жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актерлері Талғат Теменов сахналаған «Қызыл орамалды шынарым» және жас драматург Олжас Жанайдаровтың «Жұт» спектакльдерін ұсынды. Ашық аспан астында концерт ұйымдастырылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button