Елорда тынысы

Әрбір азамат өз таңдауын жасайды

Конституциялық реформаларды талқылау бойынша ­жоғары оқу орындарының қауымдастығы өкілдері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессор-оқыту­шылар құрамымен кездесті. Басқосуда Конституцияға енгізілетін маңызды түйіндер талқыланды.

[smartslider3 slider=3032]

 Жиынға қатысушылар референдум өткізу туралы өз ойларын ортаға салып, оған дауыс беру құқығы бар әрбір қазақстандықтың қатысуының маңызын айырықша атап өтті.

– Конституциялық реферндум жай ғана іс-шара емес. Өйткені бұл реформа арқылы еліміздің болашақ тағдыры шешіледі. Келешекте болатын оң өзгерістердің барлығы осы конституциялық реформадан басталады. Сондықтан оған әрбір азамат атсалысуы, өз мемлекетінде болатын оң өзгерістерге тікелей қатысуы керек. «Менсіз-ақ шешіледі, менің дауыс беруімнен не өзгереді?» деген сияқты кереғар идея болмау керек. Барлық отандасымыз идеяда өзгеріс жасап, еліміздің болашағына нық сеніммен қарауы тиіс. «Жаңа Қазақстанда» барлық мәселелер бірер адамның бұйрығымен емес, барлық азаматтардың белсене үн қосуымен шешіледі. Бұл реформаны жастар да белсенді қолдап жатыр. Себебі олар бұл өзгерістен өздерінің көркем болашағын көз алдына елестете алады, – деді «Тұран-Астана» университетінің ректоры, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Гүлжамал Жапарова.

– Референдум деген, қарапайым сөзбен айтқанда, әр азаматтың мемлекеттің маңызды мәселесіне байланысты өзінің үнін, пікірін білдіру. Сондықтан да біздің азаматтарымыз референдумды сайлаумен шатастырмауы керек. Референдум сайлау емес. Сайлауда белгілі бір азаматқа дауыс берсек, референдумда біздің елдің болашағына қатысты өзгерістер мен толықтырулар дауыс­қа салынады. Бұл – заңға сәйкес жүргізілетін үлкен рәсім. Ол ерікті түрде әр азаматтың жеке талғамымен орындалатын жұмыс. Сондықтан да мен әр азамат референдумның маңызын дұрыс түсінуі керек деп ойлаймын. Елімізде саяси экономикалық өзгерістер болсын десек, оның, ең алдымен, конституциялық негізі болуы керек. Өйткені Конституция – мемлекеттің басты заңы. Біз елде ірі реформа жасау үшін алдымен сол заңды реттеп алуымыз керек. Сондықтан да әрбір азамат бұл өзгерістер мен толықтыруларды болашағымыз үшін керек, ұрпағымыз үшін керек деп түсінуі қажет, – деді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасының профессоры, «Астана» медицина университеті медициналық құқық және этика кафедрасының ­профессоры Жамаладен Ибрагимов.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button