Басты ақпарат

Әскердегі өлім өрши бере ме?

Соңғы кезде әскердегі сарбаздардың арасында өлім-жітім жиілеп кетті. Ай сайын бір отбасы қара жамылып жатады. Соғыс жоқ, бейбіт заманда. Содан болар бұл мәселеге Мемлекет басшысының араласуына тура келді. Қ.Тоқаев осындай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекетті болдырмау үшін Президент көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғ.Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырды.

[smartslider3 slider=3204]

Қаза қашан да ауыр. Ол бейбіт күнде және уыздай жастың өлімі болса ше? Оның өкініші одан сайын өзекті өртей түспек. Айдың-күннің аманында ұлынан айырылып, қара жамылатындай ата-ана не жазды?

Жалпы елдің қауіпсіздігімен қатар, жеке жауынгердің де есендігіне тікелей жауапты ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник Р.Жақсылықов не дейді? Ол күні кеше ғана Парламент қабырғасында журналистерге берген сұхбатында бұған тек армия ғана кінәлі емес деген сыңайда уәж айтты. Сөзбе-сөз келтірейік: «Біріншіден, жастардың өз-өзіне қол жұмсауының себебін түсінуіміз керек. Өйткені кінәлі тек армия емес. Ол өз әскери борышын өтеуге келгені анық, осы ретте командир әскери қызметшілердің өміріне жауапты, бірақ әр сарбаз ересек адам, азаматтық қоғам өкілі, бізге ол өз проблемаларымен келеді».

Ал Бауыржан Момышұлының осы мәселеге қатысты ойы министрдің пікірімен мүлде қабыспайды. Өзінің «Соғыс психологиясы» шығармасында (қазақшасы «Қанмен жазылған кітап» деп аталады) даңқты қолбасшы былай дейді: «Әскери тәрбие проблемасы – бұл жөргекте жатқан кезден бастап, найзаласқан қоян-қолтық айқасқа дейінгі аралықта жүргізіле беретін тәрбие проблемасы. Ата-ана тәрбиесі мектеп жасына дейінгі тәрбиенің ең басты сатысына, кезеңіне саяды. Мектеп тәрбиесі, коғамдық-жастар тәрбиесі – адамның қалыптасуындағы ең басты кезең. Адам қоғамдық тәрбиеге ақтық демі біткенше мұқтаж болады, қажет етеді. Ересек адамға тәрбие беруді жалғастырудың қажеті жоқ деушілік – мүлдем қате!».

Әлбетте, шала-пұла оқыған курсанттан шикілі-пісілі офицер шығады. Ондай маманға адам тағдырын қалай сеніп тапсыруға болады?

Министр мырза бұған дейін «Патриот болу үшін мемлекеттік тілді білу міндет емес» деп айды аспанға шығарғанда да, «өкпелесең, көшіп кет…» деп жанынан жаңа мақал жасағанда да үндемеп едік. Бұл жолы шыдай алмадық.

Жауапкершілікті бөлісу, кемшілікті мойындау да ерлік, егер ол қолдан келсе. Ең оңайы – қоғамға, отбасы тәрбиесі мен мектепке сілтей салу. Мұнда да түйінді түйткіл жетерлік. Бірақ қазіргі әңгіме әскери ұжымдағы нашар ахуал, оны реттеудегі командирлердің дәрменсіздігі туралы болып отыр. Нағыз командир қан майданның өзінде де әрбір сарбазының өмірін сақтауға тырысқан. Ал бейбіт уақыттағы адам шығынының жиілеуі армияға әсте абырой әпермесі анық.

Әскери бөлімде, командирден бөлек, оның бірнеше орынбасары, тәрбиеші-офицерлер мен психолог мамандар бар. Ұжымдағы атмосфераны, сарбаздардың өзара қарым-қатынасын жіті зерттемей, келеңсіз жағдайдың алдын алмай бұлар қайда қарайды?

Осы жерде енді не істеу керек деген сұрақ туындайды. Әскери сарапшылар мұны талай айтып жүр, мен тағы да қайталап айтайын, әуелі әскери білім беру жүйесін жөнге келтіріп, сапасын арттыру керек. Себебі оның деңгейі сын көтермейді. Жоғары әскери оқу орындарына қабылдау барысында үміткерге қойылатын талап басқа азаматтық жоғары оқу орнымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Әйтеуір ол ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, қажетті балл алса болды. Әлбетте, шала-пұла оқыған курсанттан шикілі-пісілі офицер шығады. Ондай маманға адам тағдырын қалай сеніп тапсыруға болады?

Әскердегі жемқорлық – әбден жауыр болған тақырып. Біз бір ғана мысал келтірейік. Осы жылдың наурыз айында «Караван» газетінде бұрынғы бригада командирі, полковник Асхат Әбдуваитовтың жан айқайы шықты. Ол өз сұхбатында гарнизондағы әскери құқық қорғау органдары басшыларының тұрақты түрде ақша талап етіп келгені, мұның жүйеге айналып, қанға сіңіп кеткені жайлы шындықты жайып салды. Солардың құлқынын тойдыру үшін қарамағындағы әскери қызметшілерден «жылу» жинағанын да жасырмады. Осы әрекеті үшін жауапқа тартылып, полковник дәрежесі қатардағы жауынгерге дейін төмендеді. Артынша аталған газетте әлгі ақша бопсалаған лауазымды адамдардың аты-жөні анықталып, енді олардың ісімен тиісті органдар айналысып жатқаны туралы жазылды. Бұл – бір гарнизондағы беті ашылған жағдай. Басқа әскери бөлімде қаншама заңсыздықтың жабулы қазан жабулы күйде қалғанын кім білсін…

Біз Баукеңді бекер ауызға алған жоқпыз. 2016 жылы Израиль тарихшысы Арон Шнеердің В.Путинмен кездесуінде сөйлеген сөзін қаз-қалпында, түпнұсқада келтірейік:

«В 1946 году на иврит была переведена книга Александра Бека «Волоколамское шоссе». Создаётся новое государство – молодое израильское государство, эта книга вручается каждому офицеру израильской армии вместе с оружием. Это было не только учебное пособие, но и, как говорили, руководство к действию. Это урок истории, другая армия, другая война, но которая является примером мужества, героизма, на чём воспитывалась тогда молодая израильская армия».

Б.Момышұлының артында қалған мол мұрасы, оның ішінде әскери өнерге қатысты еңбектері біздің әскери оқу орындарында жүйелі түрде оқытыла ма, жоқ па, ол жағын білмедім. Әй, оқытылмайды-ау. Сол себепті соғыс психологиясын, әскери адамның мінез-құлқын жан-жақты ашып көрсеткен Б.Момышұлының «Қанмен жазылған кітабын» біз де әрбір әскери жауынгерге қарумен бірге тапсыруымыз керек. Жасыған рухын көтеру үшін!

Тағы да Баукеңе жүгінейік: «Әскери тәрбиенің басты мақсаты – жауынгердің бойында әскери қызметтің, жауынгерлік өмірдің қиындығы, мұқтаждығы мен ауыртпалығын жеңе алатындай қабілетке тәрбиелеу, денесін, оның рухы мен еркін қиындықтан тайсалмайтындай етіп шынықтыру.

Әскери тәрбиенің әдісі – көз жеткізу, мәжбүр ету және талап ету. Адам бойындағы адамгершілік сезімді аяққа баспай, қорламай, құрметтей білген жөн. Армияда адамның адамгершілік сезімін терең құрметтей білуге негізделген қатаң тәртіп болуға тиіс».

Осынау мірдің оғындай сөздерді әрбір командир жүрек көзімен оқып, жадында мықтап тұтар болса, әскердегі өлім-жітім де кеми түсер ме еді, кім білсін…

Сөз басында Президенттің пәрменімен арнайы комиссияның құрылғаны туралы айттық. Енді сол комиссияның жұмысынан нақты нәтиже күтеміз. Сонымен қатар жағдайды түзеуге жаңадан тағайындалған Қорғаныс министрінің де ерік-жігері жетеді деп үміттенеміз. Оның халық жадында орашолақ сөзімен емес, оңды ісімен қалғанын қалар едік.

Әбубәкір Смайылов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button