SportБасты ақпарат

Астана ұлттық құраманың донорына айналды

Ертең – Спорт күні. Спорт – ел абыройы, ұлт намысы, денсаулық кепілі. Бүгінгі таңдағы спорт тек қана байрақты жарыстармен немесе дене шынықтыру шараларымен шектелмейді. Сонымен қатар, спорт – қазіргі таңда үлкен индустрия алаңы. Осы орайда қазіргі таңда елорда қаншалықты спорт қаласына айналып отыр? Бас қаламызда спорт саласына қатысты қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр? Қала тұрғындары спортқа қаншалықты тартылады? Жоғары спорттық көрсеткіштер бойынша жетістіктеріміз қандай? Міне, осындай сауалдарымызға Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары, КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берік Маржықпаев жауап берді.

– Берік Боромбайұлы, алдымен ертең аталып өтілетін Спорт күнімен құттықтаймыз. Бүгінде елордамыз Астана қаласында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында айқындалған, қазақстандықтардың 30 пайызын бұқаралық спортпен қамту жөніндегі тапсырмасын орындалуы қандай деңгейде екенін айтып берсеңіз.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың кем дегенде 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту керек деген идеясы, бұл алдымен ел ішінде салауат­ты өмір салтын қалыптастыруға, сол арқылы адам капиталының сапасын көтеруге бағытталған игі бас­тама болып отыр. Осы бағытта елордамызда көптеген дәстүрлі шаралар ұйымдастыру қолға алынған болатын. Бүгінде ол өз жемісін беріп отыр десем болады. Мәселен, қазіргі кезде қала бойынша 288 мыңнан аса адам тұрақты түрде спортпен шұғылданып келеді. Бұл деректі санға айналдырар болсақ, Астана халқының 30 пайыздан көбі белсенді өмір салтын ұстанып отыр, яғни спортпен айналысады. Бұның ішінде Президенттік тестілеу, шаңғы және коньки тебу, жүгіру және велосипед спорттары бойынша бұқаралық жарыстар, ашық аспан астындағы дене шынықтыру жаттығулары жүйелі жүргізіледі. Бір айтарлығы, бұл шараларға тек қана астаналықтар қатысып қоймай, басқа аймақтардан да келушілер көбейіп келеді. Түптеп айтқанда, бұқаралық спорт шараларын ұйымдастыру жүйелі жолға қойылған. Елорда спортын биік деңгейге көтеруге, қалада бұқаралық спортты жандандыруға Астана әкімі Әсет Исекешев үлкен маңыз беріп келеді.

– Қала жыл өткен сайын қарқынды өсіп келеді. Осы ретте спорт кешендері жеткілікті ме, оларды тиімді пайдалану қалай жүзеге асырылады?
– Астана бүгінгі таңда әлемдік деңгейдегі халықаралық жарыстарды өткізетін спорт аренасына айналып отыр. Өздеріңіз білесіздер, біздің қаладағы спорт кешендері мен сарайларында көптеген әлем чемпионаттары мен құрлық біріншіліктері өтті. Міне, нысандардың бәрінде астаналықтар үшін спортпен айналысуға мүмкіндік жасалған. Мәселен, бір ғана «Астана Арена» стадионын алар болсақ, мұнда қалалық жарыстар да ұйымдастырылады. Дәл бүгінде мұнда мемлекеттік қызметшілер арасында 20 команданың қатысуымен футболдан қала чемпионаты өтіп жатыр. Сондай-ақ «Алау», «Сарыарқа», «Барыс Арена», «Қазақстан», «Астана», «Дәулет» спорт кешендерінде, «Қазанат» атшабарында, Қажымұқан атындағы стадионда және басқа да спорт кешендерінде қаладағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен түрлі клубтардың секциялары мен жаттығулары өтеді. Астана күні қарсаңында халықаралық стандартқа сай Паралимпиадалық жаттығу орталығы ашылды. Сондай-ақ, жақын арада өте тамаша «Жекпе-жектер сарайы» ғимаратының құрылысы аяқталатын болады.

Сонымен қатар, қала әкімдігі тарапынан жеке инвесторлардың спорт кешендерін салу бастамаларына үлкен қолдау көрсетіледі. Осындай шаралардың негізінде триатлон, футбол, жекпе-жек кешендері салынып, елдің игілігіне айналып отыр. Түйіндеп айтқанда, қала басшылығы бүгінде қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту бойынша кешенді жұмыс­тарды жүргізуді қолға алып отыр.
– Балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға байланысты қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Бұл біздің басқарманың басым бағыттағы жұмысы десек болады. Өйткені өскелең ұрпақтың алдымен денсаулығы жақсы болуы үшін, сонымен қатар ел намысын қорғайтын спортшыларды тәрбие­леу үшін алдымен оларға жағдай жасалуы керек деп ойлаймын. Ал енді нақты көрсеткіштерге келер болсақ, қазір қаладағы 10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 7416 бала тәрбие алады, олардың ішінде 6586-сы олимпиадалық спорт түрлерімен айналысса, 830 бала олимпиадалық емес спорт түрлеріне қатысады. Бұл мекемелерде 50 спорт түрінен тәрбие беріледі. Бұлардың ішінде ұлттық спорт түрлеріне де айрықша көңіл бөлінеді.

– Астана бүгінде үлкен мегаполиске айналып барады. Осы орайда жоғары шеберлік деңгейіндегі спортшыларды, командаларды дайындауға, халықаралық жарыстарға қатысуға қаншалықты мән беріледі?
– Әрине, жоғары спорттық көрсеткішке айрықша мән береміз. Өйткені Астана мәртебесін көтеру, халықаралық жарыстардағы үлкен жетістіктер арқылы елордамыздың мерейі өсетіні белгілі. Сондықтан республикалық және әлемдік жарыстарға қатысатын спортшыларға жан-жақты жағдай жасалады.
Биылғы жылдың бірінші жарты жылындағы көрсеткіштерге қарасақ, астаналық спортшылар республикалық және халықаралық жарыстардан 2500-ден аса медаль әкелді. «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағына 91 спортшы ие болса, 331 спортшымыз «Спорт шеберлігіне кандидат» болды. 235 астаналық 1-ші разрядты спортшы атанды. Жалпы жарыстар бойынша айтсақ, астаналықтар жыл басынан бері әртүрлі деңгейдегі 1133 жарысқа қатысқан екен.

Ал Астана қаласында жыл басынан бері 300 спорттық-бұқаралық жарыстар ұйымдастырылды. Оның ішінде 43 халық­аралық, 47 республикалық және 200-ден аса қалалық жарыстар өтті. Осы жарыстардың көрсеткіштеріне қарасақ, Астана спортшылары көш басынан көрінеді. Ұлттық құрамалар жайында айт­сақ, елорда спортшылары ұлттық құрамаларды жасақтаудың донорына айналып отыр. Астанада жоғары деңгейлі бапкерлер қауымы қалыптасқанын мақтанышпен айтуға болады. Олардың шәкірттері Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттары мен құрлық біріншіліктерінде жеңімпаз әрі жүлдегер атанып келді. Данияр Елеусінов, Василий Левит, Гүзел Манюрова, Марина Вольнова, Асхат Житкеев, Мерей Ақшалов және басқа да спортшыларымыз тек қана астаналықтардың емес, бүкіл еліміздің мақтанышына айналған спортшылар.

– Күні кеше Индонезия астанасы – Джакартада жазғы Азия ойындары басталып кетті ғой. Бұл байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын спортшылар құрамында астаналықтардың үлесі қандай? Кімге сенім арттыңыздар?
– Азия ойындары 18-інші рет өткізіліп отыр. Бұл – Азия құрлығының ең басты жарысы. Сондықтан бұл додаға тек мықтылар ғана қатыса алады. Осы орайда Қазақстан Ұлттық Олимпиа­да комитетінің президенті Тимур Құлыбаев ел спортшыларының жоғары көрсеткішке қол жеткізуі үшін жан-жақты жағдай жасалуы тиіс екенін талап еткен болатын. Өйткені Азия ойындары, бұл үлкен құрлықтың олимпиа­да ойындары саналады. Демек, бұл ел абыройын көрсететін халықаралық форум болмақ.

Астана спортшыларына келер болсақ, 48 елордалық спортшы Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсететін болып отыр. Бұл – үлкен көрсеткіш. Спортшыларымызды дайындау барысында Астана қаласының әкімдігі, Мәдениет және спорт басқармасы тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Қажетінше оқу-жаттығу жиындарына, халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік жасалды. Енді жақсы нәтиже күтеміз.

– Берік Боромбайұлы, жауапты қызметіңізбен қатар бапкерлікті де қатар алып жүргеніңізді білеміз. Азиадаға саңлақ қостыңыз ба?
– Әйелдер боксында Римма Волосенко деген шәкіртім өнер көрсетеді. Әзірлігі жақсы болғандай. Енді, бабы шаба ма, әлде бағы шаба ма, оны шаршы алаңнан көретін боламыз. Ал жалпы айтқанда, Азиадаға қатысатын барлық отандастарыма жанкүйермін.
Ел намысын қорғайтын барлық спортшыларға сәттілік тілейміз.

Әңгімелескен
Ғалым
ҚОЖАБЕКОВ

 

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button