Жаңалықтар

Астанадан ауылға дейін… [19 маусым]

АСТАНА
Биыл елордада жыл соңына дейін 65 көшенің жолдары орташа жөндеуден өтетін болады. Көшелердің 15-і қаланың орталығында, 50-і қала шетіндегі тұрғын үй алаптарында орналасқан. Жөнделетін жолдардың ұзындығы 49,9 шақырымды құрайды. Өндіріс, Оңтүстік-Шығыс, Көктал және Агроқалашық тұрғын үй алаптарында 50 көшедегі жолдардың ұзындығы – 18 шақырым.

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ
Қазақстан құрамасы мен «Астана» футбол клубының қорғаушысы Абзал Бейсебеков Маңғыстау облысы Жетібай кентінде тұратын көп балалы отбасына баспана сатып алып берді. Бұған дейін балалардың ата-анасы Қуатбай Бақтыбайұлы мен Айгүл Әбдіғаниқызы «Харекет» қоры арқылы жан бағып келген екен.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ
Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында жергілікті кәсіпкер ұсатып-сұрыптау және асфальтбетон зауыттарын іске қосты. «Арқа Құрылыс 2009» ЖШС директоры Серік Базарбаев ашқан кәсіпорынның зауыттық өнімділігі сағатына 80 тоннаны құрайды. Жыл басынан Қарағанды-Жезқазған жолын орташа жөндеуге және Атасу-Қаражол автожолын асфальттау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
Жаңа оқу жылынан бастап Солтүстік Қазақстан облысындағы бастауыш сынып оқушылары ақпараттық сауаттылықты үйренеді. Сабақтар 1-2 сыныптардан басталады. Ақпараттық сауаттылық сабақтарының тақырыптары алғашында қарапайым болып, бірте-бірте күрделеніп отырады. Жалпы, Петропавлда цифрландыру бағдарламасы «Smart-балабақша», «Smart-мектеп» және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бағыттары бойынша іске асырылып жатыр.

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ


Қостанай облысының тұрғындары Ауыл күнін тойлауда. Ол Амангелді ауданында қанат жайды. Мұндағы мақсат – туған өлкенің тарихына тағзым жасап, көркеюіне үлес қосу, жас ұрпақты отаншылдыққа баулу. Алғашқы мейрам Байғабыл ауылында өтті. Оған округтегі 54 шаруа қожалығы қатысты. Олар былтыр 22 млн теңге несие алып, өздерінің кәсіптерін дамыту жолына түсті.

АҚТӨБЕ
Ақтөбеде қоршаған ортаны ластап отырған кәсіпорындарға экологиялық талаптар күшейтілді. Себебі қаланы жайлаған жағымсыз иіс әлі де жойылмай тұр. Тиісті талаптарды сақтамаған 7 мекеменің жұмысы уақытша тоқтатылды. Шаһар бойынша ауаның тазалығын бақылап отыратын 6 метеобекет бар. Өткен жылғы тексеру кезінде стансалардың біріндегі қондырғы атмосферадағы күкіртсутегінің межелі көрсеткіштен 25 есе көп екенін көрсеткен.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ
Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жалпы ұлттық сипатқа ие рухани жәдігерлерді топтастыратын «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында «Тарих толқынында» атты тарихитанымдық саяхат ұйымдастырылды. Саяхат ортағасырлық тарихи орындардың санатына жататын Сортөбе қалашығынан басталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button