Басты ақпаратЖаңалықтар

ASTRA PLAT: ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ

15-2

Қазіргі таңда ASTRA PLAT қоғамдық көліктерде жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесін енгізу – елорданың осы саласын дамытудағы маңызды мәселелердің бірі. Күні кеше ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында сала мамандары журналистердің сауалдарына жан-жақты жауап беріп, жаңа жүйені егжей-тегжейлі түсіндірді.

Басқосуда «Астана-LRT» филиа­лы төлем жүйелері орталығының жетекшісі Сергей Попов жақын арада бас қала мектептерінде көлік картасын тарату жұмыстары жүретінін жеткізді. «Мектеп көлік картасын тек ASTRA PLAT арнайы порталына тіркелген оқушылар ғана ала алады. Әр білім ордасында бұл порталмен жұмыс істейтін жауапты маман бекітілген. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты Астанада 12000 жеткіншек мектеп табалдырығын аттады. Міне, осы балаларға көлік карталарын үлестіру жоспарлануда. Сонымен қатар, елордалық орта білім беретін мекемелерде өткен оқу жылының соңында кейбір оқушылар көлік карталарын алып үлгермеген» деді Сергей Попов.

Жиын барысында «Астана-LRT» ЖШС-нің жолаушылар көлігі бойынша маманы Әбдіхамит Тамабаев биылғы жылдың көктемінде жүргізілген дайындық жұмыстары аясында елордада 78000 оқушы көлік картасын алған. «Балалар оны ASTRA PLAT жүйесінің екінші және кезекті кезеңдері іске қосылғанда пайдалана алады. Сонымен қатар, олар оқушыларға арналған тарифті енгізіп, бонус ретінде бір автобустан екіншісіне тегін ауысып отыра алады.

ASTRA PLAT жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесін енгізудің барлық кезеңі іске қосылғанша балалар қаланың қоғамдық көліктерінде жол ақысын қолма-қол төлеулеріне немесе қағаз жол жүру билеттерін көрсетулеріне болады» деді Әбдіхамит Тамабаев. Ол өз сөзінде егер мектеп көлік картасы жоғалған жағдайда, оны ASTRA PLAT жүйесінің екінші кезеңі іске қосылғанда қайта жасатуға болатындығын жеткізді. Ата-ана баласымен бірге арнайы кассаларға келіп, бірінші берілген картаның ақысын – 400 теңгені төлеп, жаңасын ала алады. Өздерімен бірге жеке құжаттары болуы тиіс. Осы тұста айта кетерлігі, жүйе толық іске қосылғанша, қала аумағында отыз автомат пен он касса орнатылмақ.

d961e454-774c-450e-9d72-71a4cb94f467-2

Мамандардың мәліметінше, ASTRA PLAT жол ақысын төлеудің электрондық жүйесін енгізудің әрбір кезеңінде оның жұмыс істеу қағидасы мен қолдануы, бонустары мен картаны дұрыс пайдалануы жайында толық ақпарат таратылып, жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар нәтижелері жарияланып отырады. «Алдын ала жүргізілген бақылаудан бұл жүйенің бірінші кезеңінің жолаушылар тарапынан жақсы қабылданғанын байқауға болады. Бұл Астана қаласының көлік саласының даму тарихында бірінші рет қала маңына қатынайтын автобус­тарда қолданылды. Ал жаңа жүйенің оң бағалануын жол ақысы орташа есеппен 50 теңгеге, кейбір аймақтарға, мәселен, Бабатайға 120 теңгеге, Аршалыға 100 теңгеге арзандағанымен байланысты. Тарифтер саны 84-тен 5-ке дейін қысқарды. Әлеуметтік жеңілдіктерге ие азаматтарға тегін жүруге мүмкіндік берілді» деді «Астана-LRT» ЖШС-нің жолаушылар көлігі бойынша маманы Әбдіхамит Тамабаев.

Баспасөз мәслихаты барысында 9 қыркүйек күні Алаш тас жолындағы «Көк базар» аялдамасында № 39, 120 автобустардың жүргізушілері мен кондукторлары арасында орын алған жанжал да сөз болды. Көліктік бақылау қызметінің жетекшісі Мұхтар Жұмәділ келеңсіз жай тудырған жұмысшылардың барлығына сөгіс беріліп, жұмыстан қуылғандығын мәлім етті. «Оқиғаға байланысты Көліктік бақылау қызметі жанжалға қатысқан барлық адамнан түсініктеме алды. Желіде мұндай жағдайға жол берілмейді. Екі жақ та жол ережесі тәртібін және жолаушылар мен жүк тасымалы ережесін бұзған. Бірақ берген түсініктемелеріне сәйкес, екі жақ та ішкі істер органдары мен медициналық мекемелерге жүгінбеген. Жанжалға қатысқан барлық адамға қатаң сөгіс жарияланып, қайта жұмысқа қабылдану құқығынан айырылып, жұмыстан шығарылады. Тәртіп бұзушылар автобус парктерінің «қара тізіміне» енгізілді» деді М. Жұмәділ.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button