Жаңалықтар

Ауру ауруханадан да жұғады

Кейде ауруханада емделіп жатқан науқастар өз науқасына қосымша  бактериялық, вирустық, паразиттік немесе зеңдік инфекциялар жұқтырып алып жатады. Мұны ауруханаішілік инфекция (АІИ) деп атайды. Астанада осы мәселе төңірегінде арнайы семинар өтті. 

Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Көліктегі департаменті ұйымдастырған «Медицина ұйымдарында инфекциялық бақылауды, дезинфекция шараларын ұйымдастыру және жүргізу туралы» тақырыбындағы жиынның мақсаты – инфекциялық бақылауды жүргізу арқылы ауруханаішілік инфекцияның салдарынан туындайтын аурушаңдықты, оның өлім-жітімге және экономикалық зардаптарға ұшырату көрсеткішін төмендету.
Дүниежүзінде 1,5 миллион адам емдеу-алдын алу ұйымдарында жұқтырған инфекциядан зардап шексе, ауруханаға жатқызылғандардың 4-7 пайызы содан қайтыс болады. Бұл туралы әңгіме өрбіткен мамандар медицина ұйымдарында осы инфекцияның пайда болуы мен таралуының жол бермеу мақсатында профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды қолға алып, арнаулы бақылауды уақтылы әрі толыққанды түрде жүргізу керектігін айтады.
АІИ тіркелген кезде инфекция көзін анықтау мақсатында медициналық ұйымның қызметкерін және АІИ-мен ауыратын науқастармен араласқан пациенттерді инфекциялық аурулардың қоздырғыштарына тексеру жүргізілуі тиіс. Инфекциялық бақылау жүйесі қызметін үйлестіруді медициналық ұйымның бірінші басшысы қамтамасыз етеді. Жұмыстарды тиімді ұйымдастыру үшін әрбір медициналық ұйымда инфекциялық бақылау комиссиясы құрылуы керек.

Раушан МҰҚАЛИ,
ҚР ДСМ МСЭҚК Көліктегі департаментінің баспасөз хатшысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button