Басты ақпаратЖаңалықтарҚұқық

АВТОТҰРАҚ АЗАБЫ ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІҢ ЖҮЙКЕСІН ЖҰҚАРТУДА

«ТЕЛЕФОН НӨМІРІҢДІ ЖАЗЫП КЕТ»
Өткен жылы миллионыншы тұрғыны дүниеге келіп, алты алашқа сүйіншілеген Астана қаласы демографиялық жағынан ғана емес, әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық жағынан да өсіп, өркендеп келеді. Мәселен, кейінгі үш жылда республиканың басқа өңірлерінен елордаға тұрақты мекенжай ауыстырғандар саны 236 мыңнан асса, бұл, сөз жоқ, бас қаланың қоныстануға қолайлы болғандығының айқын айғағы.
Енді қалаға келіп мекен теуіп, жағдайы жақсарып, тұрмысы түзелген адам жаяу жүргісі келмейтіні, тағы шындық. Міне, қазір елордада бір үйде екі, кей отбасында үш-төрттен жеңіл автокөлік болуы осы сөзімізге толық дәлел.
Автокөлігің болғанға не жетсін?! Діттеген жеріңе тез жетіп, ойға алған шаруаңды әп-сәтте бітере саласың. Тек бір әттеген-айы, сол көлігіңді қоятын тұрақ таппай сандалатындығың болып тұр. Өйткені кейінгі жылдары төр шаһардағы автотұрақ мәселесі нағыз бас ауруына айнала бастады.

erm_4990
Бұл қалай? Сәулетіне көрген адам сүйсіне қарап, күн санап көркейіп келе жатқан сол жағалаудағы тұрғын үй кешендері мен зәулім ғимараттарды жобалағанда автотұрақ мәселесі неге кеңінен ойластырылмаған? Әлемде біздің Астананы халқы жағынан да, автокөлігінің саны жағынан да он орап алатын Пекин, Шанхай, Дели, Бомбей, Стамбул, Анкара, Токио, Сингапур сияқты қалалар бар. Бірақ оларда автотұрақ мәселесі жерасты, жерүсті бірнеше деңгейлі паркингтері арқылы түбегейлі шешілген. Үлгі тұтатын жағдайлары да жетерлік.
Ал бізде машина қоятын орын үшін күнде айқай, күнде талас. Мәселен, Министрліктер үйінің алдында арнайы машина қоятын орындар бар. Бірақ оның екі жағына шлагбаум қойылып, тек сол жерде қызмет істейтін адамдардың көлігінен басқа көлікті ішке енгізбейді. Айталық, адам бір жұмыспен Білім министрлігіне бара қалса, шыр айналып, автомобилін қоятын орын іздеп әуре-сарсаңға түседі. Біз де сөйттік. Шлагбаумның жанында отырған адамнан рұқсат сұрадық. Ол: «машинамен өту үшін іштегі кадр бөлімінен рұқсат алыңыз» деп жақындатпады. Қайда қоямыз? Жолдың қарсы бетіндегі «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінің жанына келдік. Қаз-қатар иін тірестіре қойылған көліктерден ине шаншар орын жоқ.
Одан әрі жанталасып, Достық көшесін бойлай Түркістан көшесіне өттік. Тағы сол көрініс. Салымыз суға кетіп халық арасында «шприц» аталып кеткен «Астаналық» бизнес орталығына келдік. Міне, осы жерден бір орын таптық-ау, әйтеуір. Машинамызды қойып кете бергеніміз сол еді. Бір адам жүгіріп келді. «Аға, машинаңызды алыңыз, не болмаса, алдыңғы әйнегіне ұялы телефоныңызды жазып кетіңіз. Қазір жаныңызда тұрған көлік шыға алмай қалуы мүмкін. Сол кезде звон­дауға керек болады» деді.
Жазған құлда жазық жоқ. Жас жігіттің айтқанын істеп, үш аялдамадай қашықтықтағы Білім министрлігіне жаяу тарттық. Бұл – елордада көлігі бар кез келген адамның басында болатын жағдай.
Ол ол ма? Мәдениет және спорт министрлігінде мемлекеттік қызмет атқаратын Жанат Нұрмақовтың айтуынша, ғимараттың алдындағы арнау­лы тұраққа 70-80 машинадан артық сыймайтын көрінеді. Ол тек машинасына орын алу үшін ғана жұмысқа бір-бір жарым сағат ерте келеді екен. Әйтпесе, орынды сырттан іздеп, талай рет сенделгенін жасырмайды.

САРЫ СЫЗЫҚ СЕРГЕЛДЕҢІ
Ресми дерек бойынша бүгінгі таңда еліміздің бас қаласында – 342883 автомобиль тіркелген. Оған қалаға күн сайын кіріп-шығатын 55-60 мың машинаны қоссаңыз, неліктен қала көшелерінде көлік қоятын орын болмайтындығын түсіне бастайсыз. Кез келген жүргізушінің таңертеңгілік 9-дан кейін, әсіресе, сол жағалаудағы Министрліктер үйіне, Қазақстан темір жолы бас ғимаратына, «Қазмедиа», «Нұрсая-1», «Нұрсая-2», «Бәйтерек» монументі жанына, «Керуен» сауда үйі маңына, оң жағалаудағы қалалық әкімдік алаңы мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының жанына тағы да басқа осындай жерлерге машина қою мүмкіндігі болмай қалады.

parking_tcm13-3877
Сәл бір бос орын шығып темір тұлпарыңды тездетіп «қаңтара салып» шаруаңды бітіріп келсең, автомобиліңнің мемлекеттік нөмірі болмай шығады. «Апам да аң-таң, біз де аң-таң» демекші, жол инспекторының алдыңғы әйнекке қыстырып кеткен қолхатын оқимыз. «Нөміріңізді қаланың сыртындағы арнайы қызмет көрсету орталығынан келіп аласыз» депті. Жазығымыз не? «Нұрсая-1» тұрғын үй кешені жанында босаған машинаның орнына біз де көлігімізді қойдық? Сөйтсек, біз қателесіппіз, көлігіміз жаяу жүргіншілер жолынан кем дегенде 5-7 метр кейін тұруы керек екен. 34035 теңге айыппұл төлеуіміз қажет. «Жыласаң, тағы сабаймынның» кері келді де тұрды. Шыр айналып, орын таба алмай, жүйкеміз жұқарғаны аздай енді қып-қызыл ақша төлейтін болдық.
Біз сияқты жүйкесі жұқарған «мұңлықтарды» «Бәйтерек» монументі, «Нұрлы жол» желекжолы, «Нұрсая-2» тұрғын үй кешені айналасынан ондап кездестіресіз. Өйткені бұл жерлерде жол қапталын тыйым салатын сары сызықпен қоршап тастаған. Машинасының нөмірінен айырылғандардың айтатын сөздері бір «орын болмай сенделіп, осы жерге қоя қойып едім» болып келеді. Алайда жол ережесін бұзғаны үшін заң қатал, аяушылықты білмейді. Осы сары жолақ қажет пе? Көлік сыймай жатқанда сары сызық айыппұл алудың оңай әдісі емес пе деп ойлап қаласың.

АҚЫЛЫ БОЛСА, ҚИЫНДЫҚ ЖОЙЫЛА МА?
Түйткілді мәселенің шешілер түйінін іздеп Астана қаласы Жолаушылар көлігі басқармасына келдік. Көрген қиындықтарымызды айта бастап едік Жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік инфрақұрылымы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Руслан Әбдуәлиев алдымызға бірнеше адам қол қойған екі бет қағазды тастай салды.
«Бұл қиындықтар бізге жақсы таныс, мынаны да оқи отырыңыз» деді ол. «Сөйтсек, ол қағаз сенатор Серік Ақылбайдың әрекетіне наразылық білдірген бір топ адамның шағымы болып шықты. Сенатор өзі тұратын «Нұрсая-2-нің» алды заңсыз автотұраққа айналып кетті» деп тұрғын үйдің қапталына көлік тұруына тыйым салғызыпты. Бұл жерде маңызды бірнеше мемлекеттік мекеме бар. Осында шаруамен келген адамдар көлігін қоятын орын таба алмай әрі-сәрі күй кешіп жүргенде, «жығылғанға – жұдырық», халық қалаулысының мұндай тыйымы қарапайым жүргізушілерді қалай ашуландырмасын?!
Осы қиындықтардан қалай шығуға болады? Біз осы сауалдарды бөлім басшысына қойғанымызда ол былай деді: «Осы мамыр айының соңында қалада алғашқы ақылы автотұрақтар ашыла бастайды. Бүгінгі таңда «Астананың тұрақ орындарын басқару» жобасы бойынша қала аумағында 9000-ға тарта ақылы автотұрақ орнын әзірлеу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде Мәңгілік Ел даңғылынан Түркістан көшесіне дейін («Нұрсая-2» ТК) «Нұрлы жол» желек жолы; Түркістан көшесінен Мәңгілік Ел даңғылына дейін («Нұрсая-1» ТК) «Нұрлы жол» желек жолы; Достық көшесінен Қонаев көшесіне дейін Түркістан көшесі; «Бәйтерек» монументі айналасы автотұрақ учаскесі; тағы да басқа, барлығы – 422 ақылы орынды жабдықтау жұмыстары аяқталды.

parktronparkingmanagement
Автотұрақтың бағасы сағатына – 100 теңге. Төлемдерді «Нұржол» желек жолы аумағында орнатылған 12 паркоматтан немесе терминалдар арқылы төлеуге болады».
Рас, қазір әуежай мен вокзалда ғана ақылы автотұрақ жұмыс істеп тұр. Оларда алғашқы жарты сағат тегін. Әрі қарай тұрған уақытыңа сәйкес төлейсіз. Басында біраз дүрліккенімен, халық қазір оның тиімділігін сезе бастағандай.
Алайда ақылы автотұраққа қарсылық білдірушілер де аз емес. Мәселен, заңгер Мұса Әлімұлының пікірінше, авто­тұрақтардың барлығын бірдей ақылы жасау бұл күрмеуі қиын күрделі мәселені түбегейлі шеше алмайтын көрінеді. Өйткені бізде айына 70-80 мың теңге ғана жалақы алатын мемлекеттік қызметкерлер де, былай қызметкерлер де жетіп артылады. Көбі 9-10 сағат жұмыс орнында болады. Сонда ол күніне 900-1000 теңгеге дейін тек машинасының қаңтарылып тұрғаны үшін төлейтін болса, айына орта есеппен отбасылық бюджетіне 18-20 мың теңге шығын келеді екен. Сонда ол кімге пайда, кімге зиян болғаны?
Әрине, ірі мегаполистерде көлік санының күрт өсуі – тек Астананың басындағы қиындық емес, бұл әлемде бар күрделі мәселе. Алайда көптеген елдер оны «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шешіп келеді. Біз де сондай озық тәжірибені үйренсек, сөйтіп, көпшіліктің мүддесімен санаса білсек дегіміз келеді.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button