Қоғам

Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті

2024 жылғы 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толды. 1979 жылы желтоқсанда Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы өз әскерлерін Ауғанстан Демократиялық Рес­публикасының аумағына енгізді. Он жылдық соғыс басталды, ол 1979 жылдың 27 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін созылды.

Ауған соғысындағы қайтымсыз шығын 15051 адамды құрады, 417 әскери қызметші тұтқында болды, 53753 адам жараланды, жарақаттар мен контузия алды, 115308 адам жұқпалы гепатитпен, 31080 адам іш сүзегімен, 140665 адам басқа жұқпалы аурулармен ауырды.

Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Астана қаласы мемлекеттік архивінің қызметкерлері ауған соғысының ардагерлерімен кездесу іс-шарасын өткізді. Оған М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті әскери кафедрасының аға оқытушысы, отставкадағы полковник, ауған соғысы ардагері Бауыржан Алайнайұлы, ауған соғысы ардагері, КМG-security Сембек Мәжитұлы, Қазақстан Рес­публикасы Ауғанстан соғысының ардагері мен мүгедектерінің заңды тұлғалар бірлестігінің ардагер-заңгері Сәкен Жүсіпбекұлы, елордалық №73 мектеп-лицейдің алғашқы әскери және техникалық дайындық пәнінің оқытушысы Әлихан Елубайұлы және Астана халықаралық университеті тарих және археология мамандығының 4-курс студенттері мен архив мекемесінің қызметкерлері қатысты.

Іс-шараны ашқан архив басшысы Ж.Бимолдин Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ұзақ соғысқа айналған Ауғанстан соғысы Кеңес Одағына ешбір даңқ әкелмегенін, құрбан болғандардың туыстары мен жақындары үшін бұл қасіретті соғыс 1989 жылы ақпандағы әскерлердің шығарылуымен де аяқталмағанын, қантөгіс оқиға әр мемлекет пен халық үшін сабақ болғанын атап өтті.

Қатысушылар ауған соғысы алапатында ерлікпен қаза тапқан, бейбіт өмірде соғыс жарақатынан айықпай қайтыс болған ардагер азаматтарды еске алды.

Сөз алған ардагер полковник Бауыржан Алайнайұлы ауған соғысында болған жанкешті оқиғаларды әңгімелеп, сол кезде қаза болған достарының ерлігімен бөлісті. Шараға қатысушылар ардагерлерге көкейінде жүрген сұрағын қойып, пікір алысты. Ардагер қазіргі уақытта жастарды ерлікке, ұлтжандылыққа, өз елінің патриоты болуға, үлкенге құрмет көрсетуге және әскерге барудан бас тартпауға шақырды.

Ауған ардагері, заңгер Сәкен Жүсіпбекұлы ауған соғысы ардагерлер қоғамының қазіргі таңда атқарып жатқан қызметі мен жұмысы жөнінде баяндады.

Ғылыми-зерттеу жұмысы қызметінің басшысы Ғазиза Тұрмағанбетқызы елімізге, соның ішінде қаламыздағы ауған соғыс ардагерлерінің өткен жылдардан сыр шертетін, қандай да бір тарихи факт немесе оқиғаның маңызын ашатын халқымыздың тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі – қайталанбас құжаттарды жинақтау, еңбегі сіңген құрметті азаматтарды ұлықтау және қызмет ету барысында жинақталған құжаттардан «жеке қор» қалыптастыру, елімізге сіңірген еңбегін бағалай отырып, құжаттардың келешек ұрпаққа мәні зор екенін жеткізді.

Дөңгелек үстел аясында архив мамандары мен ардагерлер тарапынан Ауғанстан соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің заңды тұлғалар бірлестігі архив қорын құрып, болашақта жеке тұлғалардың қоғам мен мемлекеттің өміріндегі айтулы оқиғалардың, соның ішінде Ауғанстан соғысының оқиғаларына қатысушысы, куәгері ретіндегі рөлі, соғыстан кейінгі тұлғалардың ғылымды, мәдениетті және қызметтің басқа да салаларын дамытуға қосқан үлесі, достық, шығармашылық байланысы, жұмыс орны, жеке тұлғалардың атқаратын лауазымын айқындап, тізімін жасап, архив құжаттарын жинақтауда бірлесе жұмыс жүргізу туралы шешім қабылдады.

Іс-шараға қатысушыларға ­фотоқұжатты көрме, «Ауған соғысынан» атты қысқа­метражды фильм көрсетілді.

Қорытындылай келе, Астана қаласы мемлекеттік архивінің басшысы барлық ардагерге алғыс айтып, Ауғанстаннан өткендердің бәрі сағы сынбаған жандар, азаматтық өмірде аяғынан көтеріле алғандар деді. Соғыстың аты – соғыс, ол адамзатқа тек қасірет алып келетінімен белгілі. Тарих бетіне өзінің қанды ізін қалдырған ауған соғысы да талай ердің тағдырын оққа байлады. Иә, өлгендер қайтып келмейді, бірақ соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз.

«Бұл кездесу оқушылар үшін тәрбиелік мәні зор мағыналы іс-шара болды деп есептейміз. Бейбіт өмірдің баға жетпес бақытты күндерінде амандық­пен осылай дидарласайық!» деп қонақтарға алғыс білдіріп, архивтік құжаттар негізінде жарияланған жинақтар та­бысталды.

 Ардақ ҚАЙЫПЖАНОВА,

архив жұмысы ­қызметінің басшысы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button