Мәдениет

Қазақ киносының саңлағы

Биыл елімізде қазақ киносының саңлағы Шәкен Аймановтың 110 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтуде. Жолдастары мен қызметтес әріптестерінің айтуынша, Шәкен Кенжетайұлы жайдарлы мінезді, айналасына шарапатын тигізіп жүретін, дүние-байлыққа қызықпайтын, жомарт, кеңпейілді, мәрт, өнерлі, сегіз қырлы, бір сырлы адам болыпты. Осы қасиеттері үшін «Біздің заманымыздың серісі» атанған екен.

Атына заты сай кинематограф корифейінің мерейтойына орай жуырда Қазақ ұлттық өнер университетінің «Кино, арт-менеджмент және операторлық өнер» факультетінде Шәкен Аймановтың шығармашылығына арналған «Заманауи ұлттық киноның даму ерекшеліктері» деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция өтті. Басқосу барысында кино өнерінің майталмандары, жетекші ұстаз-мамандар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, жас педагогтар мен студенттерге, магистранттар мен докторанттарға дәріс жүргізді.

Мәселен, кинорежиссер, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тәуекел Сламбек пен кинооператор, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі Әубәкір Сүлеев Шәкен Аймановпен алғашқы танысуы туралы қызықты етіп әңгімелеп берді. Ал тәжірибелі ұстаз Оралбек Сарыбасов ұлы режиссердің шығармашылық феномені мен мінезінің ерекшелігіне тоқталды. Әңгіме барысында Шәкеннің соңғы жылдары қойылған «Алдар көсе» (1965 ж.), «Атамекен» (1966 ж.), «Тақиялы періште» (1969 ж.), «Атаманның ақыры» (1973 ж.) кинофильмдерінің шығу тарихы мен кейбір эпизодтарының қойылуы жөнінде қатысушыларға қызықты деректер көрсетілді.

Конференцияға «Шәкен Аймановтың қазақ ұлттық киносындағы орны», «Ұлы дала режиссёрі», «Қазақстандық кинематографтағы Шәкен Аймановтың музыкалық мұрасы: ұлттық мәдениетке және әлемдік киноиндустрияға әсері», «Киноиндустрия экономика саласы ретінде: өзекті мәселелер мен үрдістер», «Келешек анимациясы: заманауи анимациялық кинодағы ағымдық тенденциялар мен перспективалар», «Киножобаларды ұйымдастырудағы арт-менеджмент: заманауи кинематографиядағы өнер», «Арт-менеджменттегі жобалау мен коммуникативтік саясат», «Қазақстандық кинодағы музыка зерттеу мәселелері» деген тақырыптарға баяндамаларды тыңдады.

Конференцияға қатысқан студенттер, магистранттар мен докторанттар кинематография саласына қатысты қызықты, тың ақпараттарды игеріп, өзінің білім көкжиегін байытты. Ұлы режиссердің рухани әлеміне саяхат жасап, аса пайдалы дәріс тыңдады. Расында да, ұлы адамдардың басқалардан бір ерекшелігі, арамыздан алыстаған сайын тұлғасы биіктей береді.

Гүлнахия БІРЖАНОВА,

Қазақ ұлттық өнер

университетінің баспасөз хатшысы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button