Басты ақпаратҚала мен Сала

Ауқымды шаралар атқарылды

Сарыарқа ауданының әкімдігінде өткен жылы біршама шаруа атқарылды. Көктем, жаз, күз айында аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, көгалдандыру, жол құрылысы, инженерлік желілер салу жұмыстары жүргізіліп, қыс бойы аудан аумағынан қар шығарылып, көшелер мен аулалар тазартылды.

Көгалдандыру – көшелі іс

Сарыарқа ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұловтың айтуынша, 2022 жылы барлық бағыт бойынша нәтижелерге қол жеткізілді. Абаттандыру және скверлер салу есебінен аудан көгалдандырылды.

– Көктемнен күзге дейін ауданның жасыл қоры 3004 ағаш пен бұтаға ұлғайтылды. Отырғызу алдында ағаш түрлерінің топыраққа келу-келмеуін қарап, жер бедері таңдалды. Өткен жылы аудан аумағында тағы 640 мың біржылдық және көпжылдық гүлдер отырғызылды. Жыл са­йын біржылдық гүлдерді ­азайтып, орнына көпжылдық гүлдер отырғызып келеміз. Олардың ішінде: петуния, гортензия, арша және т. б. бар. Мұндай гүлдердің күтімі де оңай, өздері де көзге көрнекі көрінеді. 30478 ағаш пен бұтаны санитарлық кесу жұмысын жүргіздік. Көпжылдық ағаштарды отырғызу алдында олардың аймаққа өсу мүмкіндігін анықтау үшін талдау жасаймыз, – деді Ж.Жұмағұлов.

Сонымен қатар аталмыш ауданда жергілікті суару жүйесін дамыту жалғасады. Бұл – өзінің артықшылығын сөзсіз дәлелдеген жүйе. Бір мау­сымда 2 арнайы техникамен суару жергілікті суару жүйесінен 9 есе қымбатқа түседі. Арнайы техникамен суару кезінде плиткалар, төсеніштер жиі зақымдалды, гүлзарлардың маңы балшыққа айналады. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, 2022 жылы 3 жүйе жаңадан қосылып, 20 жүйенің 2-еуі қайта жаңартылды. Осындай жергілікті суару жүйелерінің санын көбейту биыл да жалғасады.

Өткен жылы 3 ЖСЖ пайдалануға берілді. 2 жергілікті суару жүйесі қайта құрылды. 1 ЖСЖ нысаны арқылы суару 2 арнайы техникамен суаруға қарағанда 9 есе арзан болды.

Аулалар абаттандырылып, жолдар салынды

Абаттандырудың қысқа маусымында аудандағы 45 аулада күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Олардың бір бөлігі, яғни 23 аула «Халық қатысатын бюджет» жобасының нәтижесінде жүзеге асырылды.

– Абаттандыру кезінде ойын алаңдарын ғана емес, сонымен қатар автотұрақтарды да ­жаңарттық, барлық жастағы адамдар үшін жаңа тротуар­лар салынып, көшелер көгалдандырылды, шамдар ауыстырылып, аулалар асфальтталды. Осылайша, өткен жылы Сарыарқа ауданында 11 қоғамдық кеңістік салынды, жаңартылды және қайта құрылды. Бұл ретте ауданның орталық бөлігіне де, аудан аумағынан ­сыртқары орналасқан тұрғын алаптарға да назар аударылды. «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы аудан бойынша 23 аула абаттандырылды. Одан бөлек, тағы 22 аула күрделі жөндеуден өтті. 77 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізілді, – деді аудан басшысы.

Жөндеу жұмысы кешенді жүргізілуде. Оның ішінде ойын алаңдары бой көтеріп, автотұрақтар салынды, аудан аумағында ағаштар отырғызылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар жасалды.

Жарықтандыру жұмыстары жалғасады

Аудан аумағындағы 95 көшенің шамы 2250 жарықдиодты шамға ауыс­тырылды. Өткен жылы 224 аулада 600 шам орнатылды. Сарыбұлақ өзенінің бойындағы жарықтандыру мәселесі де оң шешілді.

Аудан әкімінің айтуынша, 3500 с.м. кабельдік желі және 185 жарықтандыру тірегі ауыстырылды. 7 көшеде жарықтандыру жүргізілді. Аудан аумағының 97,8%-ы жарықдиодты шаммен жарықтандырылған. 2019 жылдан бастап басқа шамдарды жарықдиодты шамға ауыстыру электр энергиясының құнын 67%, ал тұтынылатын электр энергиясының көлемін 49%-ға төмендетті.

Түнде аудан келбетіне декоративті жарықтандыру ерекше әсер береді. осындай шамдармен ағаштар, ғимараттар және тұрғын үй кешендері жарықтандырылды.

Инфрақұрылым жүйелері жаңартылды

Өткен жылы аудан аумағында 7 үлкен автотұрақ абаттандырылып, 31 көшеге орташа жөндеу жұмысы жүргізілді. 5 көшеде жаяу жүргіншілер жолы абаттандырылды. Сонымен бірге аудан аумағында 9 жылы және 20 ашық аялдама орнатылды. 57 бейнебақылау камерасы мен 8 бағдаршам қондырылды.

Халықтың қатысуымен 11 қоғамдық кеңістік жаңа келбетке ие болып, 2151 с.м. су өткізу құбыры төселді. 57 дренаж құдығы орнатылды.

Газға қосылу бойынша жұмыс жоспарлы түрде жүріп жатыр. Бір жыл ішінде тағы 2318 абонент газға көшті. Нәтижесінде газдандырылған үйлердің саны 1285-тен 3603-ке дейін, яғни 180%-ға өсіп, тұрғын үй алаптарындағы жеке үйлердің 70%-ы газдандырылды. Жеке үйлерден басқа газ көпқабатты тұрғын үйлерге және әлеуметтік нысандарға да өткізілді. Жыл соңында аудан аумағындағы 3603 абонент газды пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button