Тәуелсіздікке 30 жыл

Азамат асуы

Халқымыздың «кісі танымақ болсаң – ісіне қара, қасиетін таны» деген дана сөзі бар. Тасқа басылғандай, жадымызда жатталып қалған осы теңеу біздің жазбамызға арқау болып отырған ел азаматы, ­Нұр-Сұлтан қаласы ­ардагерлер ұйымының басшысы Сансызбай Сейтжанұлы Есіловке арнап айтылғандай.

[smartslider3 slider=938]

Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған ­Сәкеңнің туып өскен жері, қызмет еткен ортасы, бірге жүріп біте қайнасқан әріптестері жайлы мазмұнды әңгімелері тыңдаушысын өзіне еліктіріп әкетеді екен. Облыс орталығындағы теміржол техникумын тәмамдап, Астрахан ауданындағы Жалтыр стансасына жұмысқа келген жас жігітті ұжым мүшелері жылы қабылдады. Бастапқыда монтер, техник болып еңбек етті. Аға мастер, инженер міндеттерін атқарды. «Жұмыс десе ішер асын жерге қояды» деген де тіркес бар емес пе, жас маман өзінің елгезектігімен, тапсырылған істі жауапкершілікпен атқаруының нәтижесінде аз уақытта ұжым басшыларының көзіне түсіп үлгереді. Арада үш жылдан астам уақыт өткенде жас коммунист, білікті маманды аудандық партия комитеті қызметке шақырды.

Астрахан аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы міндетін атқарған Сансызбай Сейтжанұлы 1980 жылы облыс өңірінде Қорғалжын ауданынан бөлініп, шаңырақ көтерген Теңіз аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып бекітіледі. Жаңа жер, жаңа таныстар. Өңір, негізінен, мал шаруа­шылығымен айналысады. Кадр мәселесі, жаңа қызмет орындары. Уақыт бәріне сыншы. Жаңа ауданның өзіндік ерекшеліктері бар. Әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, жол мәселелері дегендей. Өмірден мол тәжірибе жинақтаған Сансызбайды біршама уақыттан кейін аудандық партия комитеті хатшы етіп сайлап, осы аталған мәселелердің күрмеуін шешуді жүктейді.

1985 жылы облыстың территориялық аумақтық құрылымдарына өзгерістер енгізіліп, Теңіз ауданы Қарағанды облысының құрамына беріледі. 1986 жылы Сансызбай Сейтжанұлы Алматыдағы партия мектебінің тыңдаушысы болды. Оқу мерзімі аяқталып, елге оралған Сансызбайды облыстық партия комитетінің ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындайды.

1991 жылдың тамыз дүрбелеңі бәрімізге жақсы таныс. Одақтық шарт. Нарықтық, аймақтық құрылымдардың, басқару, қатынастар нысандарының өзгеруі, аудандарда, облыстарда жаңа қызмет орындарының пайда болуы. Міне, нақ осы кезде облысымызда «Мемлекеттік меншік және жекешелендіру жөніндегі облыстық аумақтық комитет» деген мекеме өз жұмысын бастайды. Бұл дегеніміз – нарықтық қатынастарға байланысты мемлекет құрамындағы мекеме, құрылыс, басқалай нысандардың жекеменшікке сатылуын реттеп, қадағалап, заңға сәйкес жүзеге асыру. Біздің кейіпкеріміз осы құрылым төрағасының орынбасары болып жарты жылдай еңбек етіп, 1992 жылы мамыр айында төрағасы болып тағайындалады. Осыған орай, Сансызбай Сейтжанұлы мына төмендегі оқиғаны бізге мәлім етті:

– Облысымызға жаңадан прокурор келіп қызметіне кіріскен уақыт. Апта сайын жиналыс, оның бер жағында күнара қарамағындағы қызметкерлерін жіберіп, біздің іс-қағаздарымызды тексеріп, уақытымызды алады. Артық сөз айта алмайсың.

Бір күні сұранып қабылдауына бардым.

– Олег Иванович, біз жұмысымызды тиісті заңнамаға сәйкес жүргізіп жатырмыз. Республикадағы басшыларымыз бар, әкімшілік бар дегендей. Тек тексеретін болсаңыздар арнаулы бір адамды тағайындаңызшы, әйтпесе апта сайын біреу келіп әбігерімізді шығарып жатқаны, – дедім.

Сөйтіп мәмілеге келіп, бізге арнайы бір прокурорын та­ғайындады. Мына бір оқиғаны да ­Сансызбай Сейтжанұлы өзінің қызмет барысындағы қызық жай ретінде еске алады:

– Облысымызда «Целиноградсельхозводопровод» деген мекеме болды. Соның басшысы Иванов деген мырза заңсыз жолмен қарамағындағы қыруар техниканы жекешелендіріп, Мәскеу іргесіндегі баласына вагондарға тиеп аттандырып жіберген ғой. Содан іздеу салдық, таптық. Бұл кезде жоғарыда айтып өткен облыс прокуроры О.Гайдинов Мәскеу қаласының прокуроры қызметінде еді. Таныстығымды пайдаланып телефон шалдым. «Осылай да осылай, Олег Иванович, ­Ивановты тауып, техникамызды қайтаруға жәрдемдесіңіз…». Мақұл деді. Ертеңіне өзі телефон соғып, Ивановтың баласының қолындағы біздің техникаларымыз бар екенін, қайтып алып кетуіме кепіл болатынын мәлім етті. «Қайтқан малда қайыр бар» деген емес пе, арнайы адамдар жіберіп, техникаларымызды қайтарып алдық. Бұл да сол кездегі жекешелендірудің кейбір жайттарының сәтті аяқталуының бір көрінісі дер едік.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ардагерлер қозғалысы белсенділерінің тәуелсіздік құрдастарымен кездесуі өте әсерлі жағдайда өтті. Жалғызбасты, мүгедек ардагерлерге әлеуметтік жәрдем көрсету сияқты шаралар да назардан тыс қалмайды. Қырықтан астам ардагерлердің шағын орталықтарының жұмыстары да атап өтуге лайық. Жуырда Ардагерлер үйі пайдалануға берілді, онда олардың бос уақытын тиімді, пайдалы өткізуге барлық жағдай жасалған.

– Астананың Ақмолаға көшірілуі – Елбасының кемеңгерлік көрегендігі, – дейді ол әңгіме арасында. Өзіңіз ойлап қараңыз, Арқа төсінде осындай әсем Астана бой көтерді, қаншама тамаша мәдени нысандар, тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, көпірлер салынды. Қала халқының саны енді, міне, 4 есе артты. Соңғы дерек бойынша 1 миллион 200 мыңнан астам тұрғынымыз бар. Елорда жобасын жасауға 50 елдің сәулетшісі қатысты. Оның 27-сі іріктеліп, жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның жобасы таңдап алынғанын білеміз. Бүгінде сәулетті қаламыз үшінші онжылдықтың күнтізбесін парақтауда. Көгілдір газ тартылып, тұрғындарымыз оның игілігін көре бастады да. Қала іргесі де кең қанат жаюда, бүгінде аумағы 79,7 мың гектарға жайылыпты. Сарыарқа, Алматы, Есіл және Байқоңыр аудандарымыз бар. Қала халқының саны жылма-жыл артып келеді. Бұған неге қуанбассың?! Астананың ыстық-суығында шыңдалған біздің кейіпкеріміз 2007 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV шақырылымының депутаты ­болып сайланып, оның қаржы-бюджет комиссиясының құрамында болды.

2011 жылдың желтоқсан айында қалалық мәслихаттың хатшысы болып сайланып, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық бөлімшесінің тұңғыш төрағасы, партия саяси кеңесінің мүшесі болды. Сансызбай Сейтжанұлы соңғы 6-7 жылдың көлемінде «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің төралқа мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер кеңесінің басшысы, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңес төрағасы қызметін қатар атқарып келеді. Бүгінде елордамыздағы зейнет жасындағы зейнеткерлердің саны 105 мыңнан асады. Оның 21-і – Ұлы Отан соғысына қатысушылар, екеуі – Отан соғысының мүгедегі. Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілген ардагеріміз, тыл еңбеккерлері, концлагерде зардап шеккендер, тұтқында, Ленинград блокадасында болғандар да бар. Кеңес Одағы кезінде түрлі аймақтың әскери ұрыс қимылдарына қатысқандар саны 1976 адамды құрайды.

Осы орайда Сансызбай Сейтжанұлы басшылық етіп отырған қалалық Қоғамдық кеңес ардагерлердің денсаулығын, тұрмыс жағдайын басты назарда ұстау­да. Олардың тиісті дәрежедегі сауықтыру орындарына барып, денсаулықтарын түзеу мәселесі де күн тәртібінде бірінші орында. Төрағаның бастамасымен мерекелік шараларға орай арнайы басылымдар шығарылып, жас ұрпақ өкілдерінің ардагерлермен кездесулері өткізіліп тұрады. Қала әкімінің қатысуымен қоғамдық тыңдау шарасын өткізудің нақты кестелері бекітілген. Билікпен ынтымақтаса жұмыс істеу өз нәтижесін беруде. Қоғам мүшелері елордамызды көгалдандыру шараларында ұдайы белсенділік танытуда.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ардагерлер қозғалысы белсенділерінің тәуелсіздік құрдастарымен кездесуі өте әсерлі жағдайда өтті. Жалғызбасты, мүгедек ардагерлерге әлеуметтік жәрдем көрсету сияқты шаралар да назардан тыс қалмайды. Қырықтан астам ардагерлердің шағын орталықтарының жұмыстары да атап өтуге лайық. Жуырда Ардагерлер үйі пайдалануға берілді, онда олардың бос уақытын тиімді, пайдалы өткізуге барлық жағдай жасалған.

Әрине, бәріне уақыт төреші. Дегенмен де Сансызбай Сейтжанұлы қандай да бір лауазымды қызмет атқарсын, қай ортада, қай ұлт өкілімен бірге қызмет етсін, өзінің қарапайым қалпымен, адами болмысымен айналасындағыларға жүрек жылуын аямаған азамат екендігін онымен бірге бір ортада араласып жүрген біздер жақсы білеміз. Оның осындай мәрттік адами қасиеттерін ­зайыбы Күнайым да толықтырып, ұл-қыз өсіріп, немерелерінің көз қуанышына бөленіп отырған бақытты шаңырақ иелері.

Бұған қоса айтарымыз, Сәкең – Сансызбай Сейтжанұлы осы күндері асқаралы 70 жастың тұғырына көтерілгелі тұр. Астана қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері, «Құрмет», «Достық», «Парасат» ордендерінің, басқа да мемлекеттік наградалардың иегері атанған қадірлі азаматтың тілеуі – қазақ елінің береке-бірлігі мен іргесінің шайқалмауы. Демек, үлкен асуға иек артқан тұлғамыздың мерейі өсе берсін!

Бақтықожа  ІЗМҰХАМБЕТОВ,

«Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің төрағасы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button