Басты ақпаратЖаңалықтарРуханият

Азаппен өткен өмір

Таяуда Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыка драма театрында Тәуелсіздіктің ширек ғасыр мерекесіне орай Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол – жастар» қанатының талапты әуесқой әртістерінің сомдауымен жазушы-драматург Өтен Ахметтің ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен оның адал жары Александраның (Бәдрисафа) өмірінен сыр шертетін «Азаппен өткен өмір-ай!» атты драмалық туындыны елордалықтарға ұсынды.

img-20161209-wa0190

Жалпы, өмірде Ахаңның адал жары Александра туралы көп айтылмайды. Сондықтан да аяу­лы жан жайындағы деректер де сирек сөйлейді. Ардақтылардың көзін көргендердің жазып қал­дыруынша, Ахмет пен Бәдрисафа Қарқаралыда танысқан. Ахмет атамыз түрмеге түскенде, Александра деген орыс қызы оған тамақ тасып, көмек қолын созады. Ұлт ұстазы кейін Семей түрмесіне қамалғанда, артынан іздеп барады. Абақтыдан шыққаннан кейін Ахаң жаны нәзік, пейілі ақ орыс қызының адалдығына куә болып, оған үйленеді. Александра мұсылман дінін қабылдап, есімін өзгертеді.
Қойылымда осы оқиғалардың бәрі нәзік шеберлікпен өрілген. Сонымен бірге, отызыншы жылдардағы ел өміріндегі жақсылардың соңына шам алып түсіп, бір-бірін сатқан қараусыз пенделердің тірлігі жан ауыртады. Бас кейіпкер Бәдрисафаның өзі қуғында жүрсе де, ардақты Ахаңымен өткен қызыққа толы шақтарды қамығып еске алады. Соңғы демі қалғанша адал жарына деген махаббатын өшірмейді. Оның рөлінде ойнаған актриса да оның теңіздей толқыған жан толғанысын шынайы бейнелейді. Сол дүрбелең уақыттарда әр ауылда Атсызға ұқсаған жағымсыз, сатқын бейнелердің көп болғаны да жасырын емес. Осы бір бейне де қойылымның негізгі өзегін көтерді.
Әрине, спектакльдің кемшілік­тері де жоқ емес. Кейбір рөл­дерде ойнаған актерлердің шеберліктері кемшін түсіп жатты. Бірақ біз олардың бәрі әуесқой әртістер екенін біліп, кешіріммен қарадық. Әсіресе, бізге Ахмет Байтұрсынұлының рөлін сомдаған Маңғыстау энергетикалық колледжінің 2-курс студенті Ғазиз Ізтұрға­новтың, Александраның жас кезін бейнелеген Нұргүл Бек­тұр­сынова­ның, Александра­ның қартайғандағы шағын ойна­ған «Ақ жол – жастар» қанатының жетекшісі Әлия Исаеваның, Атсыздың рөліндегі Рамазан Таңсықбаевтың, Пери­­затты ойнаған Гүлжайна Бақыт­жанованың өнерлері сүйсіндірді.
– «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деп ұлы ақын Абай айтқандай, мен бүгін талай көрерменнің ішкі әсерін ірке алмай жылағанын көрдім. Қаллеки театрының киелі сахнасында қойылған Маңғыстау облыстық «Ақ жол – жастар» қана­тының сомдауымен Алаш көсемдерінің бірі Ахаңның адал жары Бәдрисафа (Александра) өмірінен сыр шерткен спектакль осындай көркемдік қуатқа жетті. Жанры жоқ, уақыты белгісіз, адам тағдыры жоқ, мода салоны боп кеткен қазіргі кәсіпқой театрларымыздың қойылымдарымен салыстыр­ғанда бұл бір ерекше құбылыс болды. Көрермендер әдет­тегідей массовка емес еді, Аста­наның өнерді шын сүйе­тін талғампаз қауымы еді. Әрине, менің пьесам бойынша қойылған спектакльдің осылайша көрерменнің жүрегін елжіреткені төбемді көкке бір жеткізді, – дейді драматург Өтен Ахмет. Сондай-ақ, ол кісі қойылымның 8 желтоқсанға белгіленуінің себебі де жоқ емес, өйткені осы күні Ахмет Байтұрсынұлының оққа ұшқан күні екенін айтты.
Қойылым соңында белгілі ғалым Өмірзақ Озғанбай жас­тардың талантына риза болып, батасын берсе, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық пар­тиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты Азат Перуашев «Тәуел­сіздіктің 25 жылдығы қар­саңында осындай драманың қойыл­ғаны өте орынды және жастардың актерлік шебер­ліктері де көңілден шықты» деп ізгі лебізін білдірді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button