Білім

Балалар ұйымдарының халі қандай?

Қалай десек те, кеңес заманында балаларға патриоттық тәрбие беру жағы пионер, комсомол ұйымдары арқылы жүзеге асты. Ол кезде қызыл галстук тағу әрбір баланың басты арманы болған. Алайда тәуелсіздік алғаннан кейін балалар ұйымдары өз мәнін жоғалтып, назардан тыс қалды. Уыстан шығарып алған оқушылар ұйымы бүгінгі таңда қалай жұмыс істеуде?

Мектеп – баланы жеке тұлға ретінде ғана емес, қоғамға жарамды азамат етіп қалыптастыратын бірегей орын. Оқушы білім алумен қатар, ұжымдық тәрбиені де көріп өседі. Әлемнің қай елін алып қарасаңыз да, балалар ұйымдарына ерекше көңіл бөлген.

Бәрі де Скауттардан басталды

Дүниежүзіндегі ең алғашқы балалар ұйымы жиырмасыншы ғасырдың басында пайда болып, «scout» деп аталды. Қазақшаласақ, «барлаушы» деген мағынаны білдіреді. Скауттардың ережесін ағылшын полковнигі Роберт Баден-Поуэлл өзінің «Скауттар инструкциясы» және «Жастарға арналған скаут өнері» сияқты еңбектерінде жазып қалдырған. Ұйым жер бетіндегі балалар мен жасөспірімдердің барлығы бір-бірімен дос, бауыр деген қағиданы ұстанады. Скауттар ешқандай партия құрамына кірмей, өз алдына жеке жұмыс жүргізген. Ұлдардан ғана құралған ұйымды boyscouts, ал қыз балалардың ұйымын gіrlscouts деп атаған. Скаутизм­нің негізгі мақсаты – жастардың зияткерлік, қоғамдық және рухани әлеуеттерінің дамуына, олардың жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасуына көмектесу. 1921 жылы скауттар ұйымы 63 мемлекетте (Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Италия, Франция, Швеция, Үндістан, Ресей, т.б.) жұмыс істесе, қазіргі таңда 160-тан астам елге таралған. Құрамында 16 млн-нан астам балалар мен жасөспірімдер бар.
КСРО-да Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарынан-ақ коммунистік партияның, кәсіподақ ұйымдарының басшылығымен бірлесе қызмет атқаратын балалар ұйымдары құрылды. Бастапқыда жеке топтар ретінде қалыптасып, 1922 жылы В.И.Ленин атындағы бүкілодақтық пионерлер ұйымы болды. Екінші дүние­жүзілік соғыстан кейін аталмыш ұйым көптеген елдерге таралып, арнайы демалыс орындары, сарайлары мен спорт кешендері ашылған.
Егемендік алғаннан кейін пионерлердің аты түгіл, заты да қалмады. Тек үлкендер балалық шақтағы естеліктері мен қатал тәртібін аңыз қылып айтып жүрді. Елімізде 1991 жылдан кейін құрылған балалар ұйымдары ерікті қоғамдық бірлестіктер ретінде әр өңірде, әр мектепте әртүрлі атаумен аталып жұмыс істеді. Атақты ойшыл әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» дейді. Жүйесіз берілген тәрбие ешкімге опа таптырған жоқ. Салдарынан ештеңеге сенбейтін, ешнәрсеге иланбайтын жастар өсті. Ел тәуелсіздік алғанына 20 жыл өткеннен соң ғана 2011 жылы 11 ақпанда «Нұр Отан» ХДП XIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жас азаматтарының басын біріктіретін «Жас ұлан» бірыңғай қозғалысы мен «Жас қыран» балалар ұйымдарының жаңа жүйесін құру керектігін атап өтті. Кеш болса да «Жас қыран», «Жас ұлан» ұйымдарының құрылып, балалармен жұмыс жүргізе бастауы көпті қуантқаны анық.

«Жас ұлан» мен «Жас қыран» қозғалысы

«Жас ұлан» мен «Жас қыран» ұйымдарының негізгі мақсаты – мектеп табалдырығында жалпы адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген ұлтжанды, рухани дүниесі бай тұлға қалыптас­тыру. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу. Ұлттық білім беру базасының деректері бойынша «Жас Ұлан» ұйымының қатарында 1,5 млн оқушы бар.
«Ұйымның төменгі буынына «Жас қыран» 1-4 сынып оқушылары, жоғары буынына «Жас ұлан» 5-11 сынып оқушылары қабылданады. Барлық жұмыстар 7 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтсам, Отан, зерде, руханият, салауат, еңбек, жеті жарғы, экоәлем. Осы бағыттар бойынша балалардың бойында париоттықты, интеллектуалдылықты, спортқа құштарлығын, еңбекқорлығын, құқығын, табиғатқа деген құрметін дамытамыз. Қазіргі таңда бұл бағыттар бойынша оқушылар белсенді жұмыс істеп, бірнеше жобаларын дайындап, жүзеге асыруда. «Жас ұлан» ұйымы Қазақстанның 7000-нан астам мектептерімен тығыз байланыста. Мектеп комитетінде Ұланбасы, ұйымның 7 бағытының жетекшілері, баспасөз қызметі, «Жас қыран» жетекшісі жүйелі түрде жұмыс атқарады. 7 бағыт үйлестірушілері өздерінің бағыттарына қатысты іс-шаралар ұйымдастырады. Сәйкесінше, баспасөз қызметі олардың атқарған жұмыстарын әлеуметтік желілерде, баспасөзде жариялаумен айналысады. Ал Ұланбасы болса ұйымның жұмыстарының уақтылы, дұрыс атқарылуына жауап беріп, барлық жерде «Жас ұлан» ұйымының айнасы ретінде сөз сөйлеп, ұйым жайлы сұрақтарға жауап береді» деді ұйым төрағасы Динара Садуақасова.
Дегенмен, оқушылар ұйымының жұмысы барлығының бірдей көңілінен шықпай жүр. Бұл жақта да бітпейтін науқаншылдық пен қағазбастылық көп. Кейде «Біз осы балаларды ерте бастан қоғамның қарабайыр өміріне үйретіп жатқан жоқпыз ба?» деп ойлаймыз.
«Қазақстан оқушыларының басын қосатын ұйымның құрылғанына да 10 жылға жуық уақыт болды. Жыл сайын бюджеттен жүздеген миллион қаржы бөлінсе де, аталған ұйымның осы уақытқа дейін өткізген ауқымды бір шарасын естімедік. Үйдегі балаларым да осы ұйымға мүше. Бірақ галстук пен төсбелгіні өзіміз сатып алдық. «Ұйымға кіресіңдер ме, жоқ па?» деп ешкім сұрамады. Мектептегілер жыл сайын арнайы рәсім өткізіп табыстағаннан кейін, ол галстук тағылмай үйде шаң басып жатады. Анау жылы ауылдағы ағайынымыз­дың баласы осы ұйымның бір шарасына келіп қатысты. Қалаға келу қаражатын табу үшін ауылдағылар малдарын сатып, баласын жіберген» деп базынасын білдірді елорда тұрғыны Бибіжан Қасымова.
«Жас ұлан» ұйымына мүше болу үшін оқушылар төсбелгі мен галстукты өз ақшаларына сатып алып жүр. Үздік оқыған оқушыны ынталандыру мақсатында неге тегін бермеске? Әлде ұйымның қалтасы көтермей ме?» деп сұрадық ұйым төрағасы ­Динара Садуақасовадан.
«Жас ұлан» ұйымына мүше болу үшін оқушылар төсбелгі мен галстукты өздері сатып алса жауапкершілікпен қарайды деп ойлаймыз. Ата-­аналарының да өз қаражатына алынған дүние болғандықтан балаларын оған ұқыпты қарауға үйретеді» деп жауап берді төраға.
Балалардың құқықтарын қорғау – «Жас ұлан» ұйымының негізгі міндеттерінің бірі. «Жас ұлан» ұйымы – балалардың құқықтарын қорғау бойынша кейбір актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын дайындау жөніндегі топтың сарапшысы. Әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты осы жылы «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылдау салтанаты онлайн түрде өтіп жатыр.

Бұрынғы пионер ұйымының жалғасы ма?

«Біз Лениннің бала бейнесі суреттелген төсбелгіні тағып октябрят, сосын пионер болдық. Жұмысқа араласа бастаған шағымызда комсомол ережесін өліп-тіріліп жаттап комсомол қатарына өттік. Соның арқасында қоғамға ерте араластық. Еңбектің, оқу-білімнің қадірін білдік. Көшедегі қартқа көмек қолын созуға даяр қайырымды едік. Ал бүгінгі күні жастардың бойынан бұл қасиеттерді табу қиын. Сол себепті жастарды мектеп қабырғасынан бастап мемлекеттік идеология арқылы тәрбиелеудің маңызы зор деп ойлаймын. Әсіресе, жастардың бойына адамгершілік қасиеттер мен ұлтжандылықты сіңіру керек. Осы бағытта пионер ұйымдарының тәжірибесіне сүйенсек артық етпейді. Өйткені пионерден еш жамандық көрген жоқпыз. Керісінше, біздің балаларға беретіні көп болады деп ойлаймын» деді зейнеткер ұстаз Бауыржан Нұрахметов.
Шынында да, оқушылар ұйымы дәл бұрынғыдай тәртіп пен тәрбиені жүйелі түрде ұйымдастырып, оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар нұсқай білсе жақсы. Пионерлік партия­ға дайындау емес, пионерлік сол заманның өмір сүру салты болған.
«Жас қыран» мен «Жас ұлан» ұйымдары пионер ұйымының жалғасы болмауы керек. Түптеп келгенде, Кеңестік кезеңде пионер мен комсомол ұйымдары белгілі бір партияға қызмет етіп, насихаттау жұмыстарын жүргізді. Негізгі мақсаты – балаларды қаршадайынан партияға дайын­дау. Ал жастар үшін партия қатарынан шығып қалу өліммен тең еді. Осылайша қоғамдық жұмыста көзге түскен белсенділерді партия өз қатарына қосты. Ал біздің тәуелсіз, азат ұрпақтарымызға ол ұйымдардың жұмысы үлгі болмауы керек. Батысқа еліктеп, түрлі ағымдарға сеніп, патриоттық рухы әлсіреген балаларымызға мектеп жанында жұмыс істейтін «Жас ұлан» сынды ұйымдар ауадай қажет. Сондықтан оқушылар ұйымының өз сара жолы болуы тиіс. Оқушылар арасындағы шараларды ұлттық тәрбиеге негіздей отырып жүргізсе, көштен қалмасымыз анық» деді тәлімгер Нұргүл Асанқызы.
«Жас ұлан» ұйымының төрағасы Динара Сәдуақасованың айтуынша оқушылар ұйымын бұрынғы пионер ұйымының жалғасы деп есептеуге келмейді. Ұқсастығы – тек екеуінің де балалар ұйымдары болып табылатындығында. Себебі «Жас ұлан» ұйымы жаңа заманауи әдіс-тәсілдерге негізделіп жұмыс атқарады. Жасұландықтар еркін түрде өз ойларын жеткізіп, идеяларын жүзеге асырып, шығармашылық жағынан дами алады.
Жас ұрпақтың болашағын жарқын ету мақсатында әлі талай еңбек етілері анық. Мақаланы жазудағы мақсатымыз, балалар ұйымын жоққа шығару яки керексіз санау емес. Қолымыздан келгенінше қамшылау деп түсініңіз.

Көктем ҚАРҚЫН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button