Мерей

Ғылым майталманы

Саналы ғұмырын ғылымға арнаған Раушанбек Боранбайұлы Әбсаттаров биыл 80-нің сеңгіріне шығып отыр. Раушанбек ағаны барша Қазақстан халқы біледі десек артық емес. Себебі ол – ұстаз, ол – ғалым, ол – қоғам және мемлекет қайраткері.

Раушанбек ағаны көптеген білікті ғалымдар, ел басқарған азаматтар өзіне ұстаз тұтады, сыйлайды, жазған ғылыми еңбектерін қадағалап оқиды. Раушанбек аға осындай құрмет пен сыйға өзінің адал еңбегімен, маңдай терімен, ойшылдығы және жаңашылдығымен қол жеткізгендігі ақиқат. Ағамыз біздің институтта жиі болып, ақыл-кеңес беріп тұрады. Ұжымның жетістіктеріне де қуанады. Жұмыста олқылықтар болса жөн-жобаға салудан бас тартпайды.
Раушанбек Әбсаттаров абыройдың асқарына асықпай, күнделікті жасаған еңбегімен, тірнектеп жинаған білімімен, жазған ғылыми жұмыстарымен, студенттерге оқыған дәрістерімен қол жеткізді. Ол ғылымның даңғыл да, ауыр жолына түсті. Сонау ХХ ғасырдың 60-шы жылдарының басында Раушанбек аға еңбек жолын, 1958 жылы мектеп бітіргеннен кейін, туған ауылы Ленин атындағы кеңшарда жүргізуші болып бастаған болатын. 1959-1962 жылдар аралығында Кеңес Армиясы қатарында әскери міндетін өтеп, бөлімше, взвод командирі қызметтерін атқарды. Ол әскерде әбден шынығып, орыс тілін өте жатық меңгеруге қол жеткізді. Әскерде жүрген жылдары бос уақытта әлем ойшылдарының еңбектерін қызыға оқи бастады. Осы қызығушылық оны Киев университетінің философия факультетіне алып келген болатын. Ол университетті 1967 жылы бітіреді. Киев университетінің ғалымдары талантты қазақ жігітін өз аспирантурасына алып қалды. 1971 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған Раушанбек Боранбайұлы 1982 жылы осы білім ордасында докторантураны да тәмамдады. Ол аса күрделі, ауқымды «Ғылыми-техникалық революция және қоғамдық өмірдің интернационализациялануы: Әлеуметтік-философиялық талдау» тақырыбынан 1990 жылы докторлық диссертация қорғайды.
Қоғамдық өмірдің даму диалектикасын, заңдылықтарын дөп басып көре білу, олар туралы ой қозғау – қиямет-қиын шаруа. Бұл жұмысты саналы өмірін ғылым жолында сарп еткен ойшыл ғалымдар ғана жасай алады. Раушанбек ағамыз осындай, қоғамдық қатынастардың күрмеулі мәселелерін зерттеген ойшыл ғалымдардан оқыды, үйренді, өнеге алды және өзі де осындай ойшыл ғалымдар дәрежесіне көтеріле алды. Философияның теориялық және методологиялық танымы мен тәлімін жетік меңгерген Р.Әбсаттаров әлеуметтану және саясаттану ғылымдарында да айтары бар, кең диапазондағы сирек кездесетін ғалымдар дәрежесіне көтеріле алды. Қазақстанның қоғамдық ғылымдар тізбесінде Р.Әбсаттаровтай философиядан, саясаттанудан, әлеуметтанудан қатарластыра іргелі еңбектер жазған ғалым жоқтың қасы. Әсіресе, оның этникалық қатынастар, этноәлеуметтану, этносаясат мәселелеріне қатысты жазған ғылыми еңбектерін ғылыми қауым өте жылы қабылдап, жоғары бағасын берді.
Ол көп жылдар бойы, 1971-1988 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде философия пәнінен оқытушы, аға оқытушы, доцент болды. Осы жылдарда ол Қазақстан халқына патриоттық тәрбие беру, полиэтникалық Қазақстан қоғамында этнос­аралық қатынастарды жетілдіру мәселелеріне ерекше ден қойды. Саяси тұрақтылық, қоғамдық келісім, этносаралық татулық категорияларының жай ғана ұғымдар емес, халық үшін тағдыршешті маңызы бар, терең тамырлы әлеуметтік-саяси құбылыстар екендігін негіздеді. Біздің институт «Қазақстан халқы» атты ғылыми тарихи интерактивті карта жасағанда ағаның еңбектеріне де сүйеніп отырды. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғанда Раушанбек ­Боранбайұлы жасаған осы ғылыми тұжырымдар мен идеялардың маңыздылығы тіптен арта түсті. Аталған категориялар ұлттық идея дәрежесіне көтерілді. Ғалымның түйінді ойларын билік те байқады. Оны 1988-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті өзіне қызметке тартты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Р.Әбсаттаровты Президент Н.Назарбаев өзіне кеңесшілікке шақырды. Осы 1991-1997 жылдарда ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының саясаттану және философия кафедрасының меңгерушісі қызметін қоса атқарды. 1998 жылдан бүгінгі күнге дейін Раушанбек ағамыздың өмірі мен шығармашылығы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетімен байланысты. Ол осы оқу орнының саясаттану және әлеуметтік-философия­лық пәндер кафедрасында 20 жыл меңгеруші болды. Қазір осы кафедраның құрметті меңгерушісі, профессор консультанты.
Өзінің ғылыми ғұмырында профессор Р.Әбсаттаров өте қарымды еңбек жасаумен болды, әлі де жасап келеді. Оның еңбектері 9 тілде жарық көрді. 40-тан астам монографиялары, оқу құралдары, оқулықтары мен кітаптары жарық көрді. 600-дей түрлі тақырыптарға жазған мақалаларын алыс, жақын шетел ғалымдары мен студент, магистранттары оқуда. Шағын мақала көлемінде ғалымның жазған дүниелерін санамалап шығу тіптен мүмкін емес. Десек те, олардың іргелілерін атап өтейік: Ғылыми-техникалық прогресс және ұлтаралық қарым-қатынастар. Алматы, 1977; Ұлттық қатынастардың дамуы. Алматы, 1982; Ұлттық процестер: ерекшеліктері және проблемалары. Алматы, 1995; Саясаттану және оның проблемалары. Алматы, 2007; Әлеуметтану негіздері, 2-том. Алматы, 2018 т.б. еңбектері. Рәкең неміс ғалымы Иоганн Роумен бірге «Қоғамның әлеу­меттік-саяси проблемалары туралы ойлану мен толғану» атты 35 баспа табақ болатын еңбегін дайындап «Ұлағат» баспасына өткізіп берді.
Оның шығармашылық лабораториясы мен зерттеу объектісі, негізінен, этносфера екендігі белгілі. Этникалық өмір өте күрделі даму үстінде. Қазіргі адамзат қоғамы этникалық, діни жандану үдерісімен қатар ғаламдық жаһандану үдерістерін қатарласа жүруін бастан өткеруде. Әлемдегі негізгі қайшылықтардың біріне осы екі жаһандық тенденциялар арасындағы қайшылықтар шығуы ықтималдығы туралы ойды Р.Әбсаттаров ғалым ретінде өз еңбектерінде негіздеп келеді. Осындай келелі ойларымен Р.Әбсаттаров Германияда, Францияда, Оңтүстік Кореяда, Жапонияда т.б. 7 елде өз дәрістерін оқыды. Әлемдік деңгейдегі ғалымдар оның пікірлерімен келісті.
Әбсаттаров өзінің ғылым жолында жинап-терген білімін ізбасарларымен бөлісті. Оның жетекшілігімен 5 ғылым докторы, 20 ғылым кандидаты, 10 PhD докторы, 40 магистрант даярланды. Бұл шаруаны ел болашағы мен ғылымының дамуына ықпал еткен үлкен жұмыс деп бағалаймыз. Ол өз бастамасымен Корея мемлекеттік университетімен тығыз байланыстар орнатты. Чоннам ұлттық университетінің саясаттану кафедрасымен бірге «Қазіргі әлемдегі диаспоралардың өзекті мәселелері» тақырыбын жан-жақты зерттеу үстінде.
Раушанбек ағамыз – үлгілі отбасы иесі. Меруерт жеңгеміз де – профессор, екі ұл Марат пен Ғалымжан – ғылым кандидаттары, қызы Майя – магистр.
Еңбегінің арқасында Раушанбек ағамыз марапаттан кенде болған жоқ. Ол өзі туып-өскен «Қармақшы ауданының құрметті азаматы», «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және
этнология институтының директоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі,
т.ғ.д., профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button