Мерей

Мемлекеттік қызметкер

Ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері, Ақмола қаласының қадірлі азаматы Еркін Дәуешұлы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында қызмет бабымен облыстағы Қарабұлақ елді мекеніне ауыстырылады. Сол кезеңде жеңгеміз Хамиланың аяғы ауыр еді. Жалпы кім болса да отбасында бірыңғай ұл болса, келесі сәбиі қыз болуын, ал қыз балалар болса, ұл болуын қалайтыны заңдылық емес пе?! Ерекең мен жеңгеміз болса Гүлнара, Гүлшат және Динара есімді қыздарына іні болуын тілеп жүреді. Кеңшар басшылығы жас маманның отбасына жаңа салынған үйден пәтер береді. Мектеп директорының жұмысы біткен бе, Еркін Дәуешұлы жұмысқа білек түреніп кірісіп кеткен. Сол жылғы қыстың алғашқы айының екінші жартысында ­Хамила Құлбекқызы Степногорск қаласының ауруханасының босану бөліміне жатты. Дәл осы тұста істемей тұрған құрылғылар іске қосылып, үйге жылу да беріледі. Осындай күндердің бірінде перзентханадан қуанышты хабар да жетеді. Ақжолтай хабарды естіген Ерекеңнің тәні де, ішкі дүниесі де жылып кетеді. Жан дүниесі қалаған ұл баласы өмір есігін ашады. Паң Нұрмағамбеттің елінде туғандықтан, үлкендер сол кісінің есімін беруді ұсынады. Бірақ отағасы балалармен ақылдаса отырып, Марат деген есімді беруді шешеді. Осылай ата-ана арманы орындалып, қазақтың бір ұлы бірте-бірте өсіп жетіле бастады. Әрине, басқа отбасындағыдай жалғыз ұл ерекше қамқорлықта болды, әсіресе бұған анасы ерекше көңіл бөліп жүрді, үлкен балаларына Маратты ренжітпеңдер деп айтатын. Еркелігі сондай үйдің сыртында шоқ қарағай болыпты, балабақшаға бара жатқанда сол ағашқа өрмелеп шығып кетіп, анасын, апаларын біраз әурелейтін көрінеді. Бірде балабақшада аулаға ойнауға шыққанда бір-екі досын ертіп алып, бес-алты шақырым жердегі Степногорск қаласына кетіп қалады. Тәрбиешілерінің зәрелері ұшып, бірақ ата-анасына хабарламайды. Балалар болса қала дүкендерін аралап, тиын-тебендеріне тәттілер алып жеп, жұмыс аяғына дейін балабақшаға қайтып келіпті.
Ата-бабамызда «Алла бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деген сөз бар. Марат саналы, ерке болыпты. Мектепте оқып жүргенінде ата-анасына сездірмей қырманда түнгі аусымда жұмыс істеп, табыс тауып, оны үйге әкеліп беріп жүріпті.
Қазан қаласында университетте оқып жүргенінде, тоқсаныншы жылдардың орта шенінде, қиын жылдары, коммерцияның жаңа басталған кезеңінде саудамен айналысып, ата-анасына салмақ салмай өзін-өзі қаржыландыра отырып, қосымша қаражат тауып, сол кездегі Ақмола қаласынан екі бөлмелі пәтер сатып алады.
Сілеті орта мектебінде оқып жүргенде анасы Хамила Құлбекқызы сынып жетекшісі болады. Анасына жолдастарын ұйымдастырып сыныптарының алда болуына қолғабысын тигізіп жүріпті. Ақкөл қаласының №1 орта мектебін үздік бітіріп, Қазан қаласындағы техникалық университетті де ойдағыдай аяқтап, Ақмола қаласына оралады. Сол кезде компьютерлік техниканы білетіндер өте аз болатын. Өзімен компьютерлер ала келіп, өз үйінде қала қызметкерлерін оқыта бастайды. Ақмола облысының бір салалық басқармасы қыз­метке шақырады. Онда біраз істегеннен кейін Президенттің Іс Басқармасына қызметке ауысады. Бұл қызметте де ұзақ болмай республикалық Мемлекеттік қызмет Агенттігіне конкурс жарияланып, сонда жеңіп шығып, осы агенттіктің қызметкері болып шыға келеді. Міне, осы кезеңнен бастап мемлекеттік қызметті атқарып келеді. Одан кейін Президент әкімшілігіне де конкурспен өтеді. Осы мекемеде жиыр­ма жылдан астам қызмет атқарып, бөлім меңгерушісі дәрежесіне дейін көтеріледі. Өткен жылы Мемлекеттік қызмет Агенттігі құрылғанда тәжірибелі маман ретінде басшының бірінші орынбасары қызметіне ауыс­тырады.
Марат Еркінұлы ғұмырының жартысынан артығын мемлекеттік қызметке арнап келеді. Осы абыройлы ісі бағалау­сыз қалған жоқ. «Парасат», «Құрмет» ордендерімен қоса көптеген мемлекеттік марапаттардың иегері.
Осындай жоғары дәрежелі қызметте жүрсе де, өмірде қарапайым, үлкенге іні, кішіге аға болып, қолынан келгенінше көмектесуге тырысады. Сыныптас достарымен осы күнге дейін байланысын үзбепті. Сексеннің сеңгіріне шыққан ата-анасының қамқоршысы. АҚШ, Израиль, Германия, Корея сияқты медицинасы дамыған елдерге барғанда бізде жоқ дәрілерді, витаминдерді әкеліп беріп, үлкендерінің ұзақ бақытты ғұмыр кешуіне тілеуқор болып жүр.
Кейіпкеріміз – өнегелі отбасының отағасы. Алты баланың әкесі, үлкендері Хадиша Мәскеуде оқыса, Рабиға қазақ-түрік лицейінің соңғы сыныбында алдыңғы қатарлы оқушы, Ибраһим математикалық мектепке түсті, Фатима мен Әлихан гимназияның бастауыш сынып оқушылары, кенжелері Хайдар биыл көктемде дүние есігін ашыпты.
Жыл соңында біздің кейіпкеріміз Марат Еркінұлы Дәуешов өзінің жарты ғасырлық ғұмырын осындай егемен еліне адал қызмет етуімен, өнегелі отбасы болуымен, адамгершілігін сақтап, әлі де халқына қызмет етемін деген ниетпен қарсы алмақшы ойы бар. Біз тек қана сәттілік тілейміз!

 

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button