Мәдениет

Балет арқауы – Абай жырлары

Жақында «Астана Балет» театрында хореограф Мукарам Авахри қойған «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл…» балеті бес жылдық үзілістен соң сахнаға қайта оралды. Ренат Салаватов, Карл Дженкинс және Хамит Шаңғалиевтің музыкасына қойылған «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл…» бір актілі балетінің либретто авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков.

«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл…» – Абай поэзиясына арналған жарқын әрі мазмұны пәлсапалық спектакль. Көптеген техникалық тәсілдер, балетмейстерлік табыстар арқылы қоюшы-хореограф қазақ әдебиеті классигінің поэзиясына деген құрметін білдіреді. Балет «Нұрға бөлену», «Сегiз аяқ», «Жыл мезгілдері», «Көзімнің қарасы», «Той бастар», «Татьянаның хаты», «Ақын мұңы», «Желсіз түнде» аталатын сегіз вариациядан тұрады.

«Бұл ұлы Абайдың шығарма­шылығына, оның терең пәлсапалық ой толғамдарына арналған вариациялар, биографиялық балет емес. Мен үшін оның әйел көркін, табиғат сұлулығын суреттеген сәттегі күйін бейнелеу әлдеқайда маңызды көрінді. Бұл қойылымнан суреткердің өмір жолын да аңғаруға болады: өзіне қуат берген туған жермен байланысы, әйел затына деген нәзік сезімі, салтанатты сауық-сайраннан алған әсері мен жанына жақын адамды іздеуі, жалғыздықты ұғыну және махаббаттың сарқылмастығы мен шексіздігін түсіну» дейді хореограф Мукарам Авахри.

Кеше аталмыш өнер ошағы премьера ұсынды. Бұл – Сергей Прокофьевтің музыкасына Ресей және Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Владимир Яковлев қойған «Ромео мен Джульетта» спектаклі. Бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрі сүйемелдейтін премьераны бүгін де тамашалауға болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button