Қоғам

Бас қаланың ­құрдасымын

– Осыдан нақ отыз жыл бұрын бодандықтың байлауынан босап, тәуелсіз ел ретінде дербес үй тұрғыздық. Шекара шегеленді, құлашымызды жайғанда байырғы Тұран түгел құшаққа енді. Бауырымызды бүтіндеп, жоғымызды түгендедік. Барымызды ұқсатып бақтық. Аласапыраннан кейін етек-жеңін түзеп, ел ес жиды. Дүйім дүние дағдарып, посткеңестік балаң мемлекеттер де дағдарыс құрсауына қамалған алаң-елең шақта ол көтерілді мінбеге. Иә, әлем сахнасына жаңа, жас қала келді. Сенбеді көбі, көкейде күмән есті. «Түр-түсі тым суық» десті олар. «Өміршең болуы неғайбыл…» деді көп. Арқаның аққұйрық боранынан ықты жұрт. Дегенмен саңлақ саясаттың көзімен қарасақ, тіпті сол кезеңде өзге өңірмен салыстырғанда Ақмола астана тұрғызуға әбден қолайлы мекен болды. Сауда-саттықтың ауаны теріскейге ыққан шақта Арқа нағыз тоғыз жолдың торабы, екі құрлықтың белуары еді. Әрі құрсағы құрғаған алып мемлекеттердің сұқтанған көзі жетпейтін орталық та осы аймақ. Қазақ хандарының астанасы болған Түркістан өлкесіндегі қалалар да осы басымдыққа ие-тұғын. Сондықтан стратегиялық нысан ретінде Ақмола лайықты орталық деп шешілді. Күдік пен күмән, үміт пен арман тоғысында жас астананың қазығы қағылды осылай.

Елорда – менің құрдасым. Екеуміз де жастықтың нағыз отты жылдарын, қайратты кезеңді кешудеміз. Жас астанамызды мен өзім құралпы арман қуған алаулы жігіттей елестетем. Оған «сұлу, әсем» дейтін теңеу жараспайтын сияқты. Арқаның үскірік аязына төтеп беруге қайтпас күш, тоң тегеурін қажет. Нағыз жігіттің бойындағы қасиетті талап етеді бұл дала. Жиырма жылдық тарихта тиісті деңгейде көркейіп келеді қаламыз. Сырттан айтылған сынға сыр беріп керек емес деп білем. Себебі елорда екеуміздің алдымызда зор асу, мол мүмкіндіктер тұр. Қазір арманымызға қарай қарыштап қадам тастап келеміз. Мақсатымыз да ұқсас – даму, жетілу, қанатты кең жаю, дөңгелек әлемге дәрменімізді таныту. Біздің бір-бірімізге кіндігіміз байлаулы. Астана маған өз арманымды жарыққа шығаратын мүмкіндік сыйласа, мен оның атын әлемге паш ететін тұлғаға айналамын. Менің дамуым – елімнің дамуы. Жиырма жылдан соң мен өз әлемімде қолтаңбамды қалдырсам, елорда да бір саты биіктей бермек. Еңсе түзегелі бері елорданың талай сарабдал бастамаларға себепкер болғанына тарихтың өзі тірі куәгер. Айбынды қаланың алар биігі әлі көп. Оны уақыттың еншісіне қалдырамыз. Әлем картасындағы алпауыт республикамыздың жаңа даңғылының бастауы ғана бұл.

Мейіржан ЖИЕНБАЙ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің студенті:

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button