Қоғам

Бас жүлдегер – Бейсенбайұлы

Елорда іргесіндегі «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты республикалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттады.

Шараның ашылу салтанатында министр мемлекеттік тілдің мерейін үстем, мәртебесін биіктетуде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің рөлі зор екендігіне тоқталып, оларды төл мерекесімен құттықтады.

Биылғы дәстүрлі байқауға төрт номинация бойынша 200-ге жуық материал түсіп, 80-нен астам үміткер тұлпарларын үкілеп бәйгеге қосқан. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда бірнеше есе көп. Жүлде қоры да молайған.

Сонымен, конкурстың қорытындысы бойынша «Үздік мақала» аталымында бірінші орынды Нұрлыбек Сафин алса, екінші орынды «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Азамат Қасым иеленді. Үшінші орын М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің деканы Әзімхан Ыбырайымға бұйырды. «Үздік телебағдарлама» номинациясында «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының қызметкері Серік Жұмабек топ жарса, екінші орын осы телеарнадағы «Мәселе» бағдарламасының жүргізушісі, журналист Нартай Аралбайұлына берілді. Үшінші орынды «Сарыарқа» телеарнасының тілшісі Гүлбақша Ақажанова еншіледі. «Үздік радиобағдарлама» аталымында Қазақ радиосының журналисі Ербол Алшынбайдың асығы алшысынан түсті. Екінші орын журналист Әсемгүл Аманжолға табыс етілсе, үшінші орынды «Шалқар» радиосының тілшісі Талант Арғынғали алды. «Үздік сайт мақаласы» номинациясында Мадияр Арыстанбаевтың бағы өрлесе, екінші орынды белгілі журналист, ақын Еркеғали Бейсенов иеленді. Үшінші орын Қымбат Елтайқызына берілді.

Ал байқаудың бас жүлдесі қазақ журналистикасының қара нарларының бірі, кезінде республикалық «Ана тілі» басылымының алғашқы бас редакторы болған тұста мемлекеттік тілдің мұңын мұңдап, жырын жырлаған парасатты публицист, ғибратты ғалым, зерделі зерттеуші Жарылқап Бейсенбайұлына бұйырды. Қазылар алқасы оның «Еліміздегі алғашқы латынша сайт қалай ашылды?» және «Терминологиялық тәжірибе тәлімдері» атты ойлы дүниелерін үздік таныған. Жеңімпазға 1 миллион теңгенің сертификатын қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы тапсырды.

Сондай-ақ, мерекелік кеш аясында Мәдениет және спорт министрі тіл, мәдениет, спорт және туризм саласын БАҚ-та жанжақты насихаттап жүрген бір топ журналиске алғыс хат табыс етті.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button