Жаңалықтар

Бұл қала – қазағымның астанасы

Кеше ҚР Ұлттық архивінде Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Елдің төрі – елорда» атты құжаттық көрме ашылды.


Көрмеде Астана қаласының қалыптасуына қатысты құжаттар мен суреттер қойылған. 1994 жылғы «Жоғарғы Кеңестің Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру туралы» қаулысының, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы», «Ақмола қаласының атауын Астана қаласына ауыс­тыру туралы» Жарлықтарының көшірмелері көрермен назарына ұсынылған. Сонымен қатар, басқа да маңызды құжаттармен танысуға болады.
Тағылымды әрі танымдық көрменің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уянык Невзат және басқа да құрметті меймандар сөз сөйлеп, елордамыз Астана жайын­да жылы лебіздерін білдірді.
Мәжіліс депутаты, «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаев жиналған қауымды алдымен Айт мерекесімен құттықтап, қиын кезеңде жаңа Астана салуға тәуекел еткен Елбасының ерлігі жөнінде әңгімелеп берді. «Астана – бұл бар қазақтың елордасы, ұлттық мақтанышы, болашақтың қаласы. Бұл қаланың тұрғындары, біздер, басқаларға үлгі болуымыз керек» деп атап өтті майдангер депутат.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін жұртшылық көрмені еркін аралап көрді. Шара соңында Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві мемлекеттік мекемесінің директоры Жанкелді Махашов алғашқы көрер­мендерге алғысын білдіріп, көрменің бір ай бойы жалғасатынын жеткізді.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button