Мәдениет

Дала дауысын дәріптеген дирижер

«Астана Опера» театрындағы Вена классикасының фестиваліне шақырылған шетел музыканттары мен театрдың шығармашылық ұжымы бір ай бойы астаналықтарға классика жауhарларын ұсынады. Осы фестиваль барысында моңғолиялық дирижер, көптеген халықаралық байқаудың лауреаты Мунхбаяр Эрдэнэбаатармен сұхбаттасудың реті келді.

– Бұл сіздің Қазақстанға, Астанаға алғашқы сапарыңыз ба? Біздің ел жайлы әсеріңіз қандай?

– Бұл – Астанаға осымен екінші рет келуім. Елордаға бірінші рет Көкшетауға бара жатқанда атүсті, асығыс соққан едім. Сол сапар барысында Көкшетаудағы филармониялық оркестрмен өнер көрсетіп, «Астана Опера» театрының дирижері Абзал Мұхитдиннің шеберлік сағатына қатыстым.

– Маэстро Абзал Мұхитдинмен қалай таныстыңыз? Осы фестивальге оның шақыруы бойынша қатысып жатырсыз ба?

– Иә. Маэстро Абзал Мұхитдинмен былтыр жазда ол Моңғолияға саяхаттап келгенде танысқан едік. Сол кезде екеуміз тез достасып кеттік. Сөйлесе келе, бір-біріміздің дирижер екенімізді білдік. Абзал Мұхитдин – адам ретінде сенімді, өте жақсы адам, керемет пианист, кәсіби музыкант, әлемдік деңгейдегі дирижер.

– Сіз қай елдерде өнер көрсеттіңіз? Қандай халықаралық фестивальдерге қатыстыңыз?

– Көптеген фестивальдерге қатысып жүрмін. «Астана Операда» өтіп жатқан бұл фестиваль ерекше. Бұл опера және балет театры жаңа болғанмен, Еуропа, Азия елдерінде өте танымал. Мен осы театрда өнер көрсетуге шақырылған Моңғолиядан келген алғашқы дирижер болғаныма қуаныштымын. «Астана Опера» сахнасында классикалық музыка концертімен тұңғыш рет өнер көрсетпекшімін. Бүгін бағдарламасы кеңейтілген ауқымды концерт болмақ. Біз Вольфганг Амадей Моцарттың «Фигароның үйленуі» операсына увертюра, төрт бөлімнен тұратын ірі шығарма – №1 симфонияны және Людвиг ван Бетховеннің скрипкаға арналған концертін ұсынамыз. Концертте скрипканың жеке партиясын әлемге әйгілі скрипкашы Бағдат Әбілханов орындайды. Ол өте кәсіби скрипкашы, сондықтан онымен жұмыс істегеніме қуа­ныштымын.

– Сіз өзіңіздің бағдарламаңыз туралы айттыңыз, ал веналық музыканың сіз үшін мәні неде?

– Мен Азиядан шыққан музыкантпын, дыбыстар әлемінде өмір сүретін музыкантпын. Моңғолия астанасы – Ұлан-­Батырда білім алдым. Моңғол мемлекеттік консерваториясында Ресей, Германия және Францияда оқу оқыған керемет педагогтар болды. Сондай-ақ классикалық музыкамен қатар, халық музыкасымен де айналысамын, моринхур атты халық аспабында дәстүрлі моңғол музыкасын орындап жүрмін. Бұл аспапта жылқының қылынан жасалған екі ішек бар, одан өрілген ұлттық әуендер мен дала сазын көпшілік сүйсіне тыңдайды. «Өнерде жоқ шекара» дегендей, бәлкім, мен келешекте осы жерге қайта келіп, «Астана Опера» симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсететін шығармын, сол кезде осы моринхур аспабында қазақстандық әріптестеріммен бірге ойнаушы едім, ал дирижерім маэстро Абзал Мұхитдин болса деп армандаймын. Бұл өте үлкен жоба болар еді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button