Басты ақпарат

Дарынды бала – ел болашағы

Оқу жылының аяқталуы қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов Оқушылар сарайында елорда мерейін асырып жүрген дарынды оқушылармен жүздесті.

Басқосу жылы шырайға толы қалыпта өтті. Алдымен қала басшысы оқушылардың зияткерлік және техникалық жобаларымен танысты. Мәселен, №73 мектептің оқушылары жасаған оқыту роботының жұмысы қызық. Бұл жоба үйде оқитын балаларға көмектесу үшін жасалған.
Жүздесуде Бақыт Сұлтанов елордалық оқушылардың халық­аралық және республикалық олимпиадаларда жеткен жетістіктерін жоғары бағалады.
«Биыл Елбасының ұсынысы­мен Жастар жылы» жарияланды. Бүгінгі жастар – елдің болашағы. Ертең сіздер жоғары білім алып, әр саланың кәсіби маманы болып, мемлекетіміздің дамуына өз үлестеріңізді қосатындары­ңыз­ға сенімдімін. Ол үшін ерінбей білім алып, алға ұмтылу керек. Бас қаланың мерейін асырып жүрген сіздермен кездесуім мені қуанышқа бөлеп отыр. Елордалық оқушылар командасы 13 жыл қатарынан мектеп пәндері бо­йынша республикалық олимпиада мен ғылыми жарыстарда «үздік команда» атағын иеленді. Біздің балалардың қоржынында 412 медаль бар. Бұл – үлкен жетістік» деді қала әкімі.
Одан кейін №20 мектептің оқушысы, блогер Ақсұлу Бектасова сөз алып: «Бүгінде менде 3000 жазылушы бар. Сондықтан сізге тікелей эфирде сұрақ қойғым келіп отыр. Елорда тұрғындарының өмір сапасын жақсарту үшін көптеген бағдарламалар қолға алынды. Жақын арада тағы қандай жақсылықтар болады?» деп сұрақ қойды.
Оған қала басшысы осы ба­ғытта іске асып жатқан жобаларды қысқаша айтып өтіп, әсіресе, жастарға ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді. «Қазір астанадағы жастардың үлесі он пайызды қамтиды. Біз оны алдағы күнде 20 пайыздан асырсақ деп ойлаймыз» деді Бақыт Сұлтанов.
Қаладағы №73 мектеп-лицейі­нің оқушысы Әміржан Дулат елорда басшысына өзінің әлеуметтік бағыттағы жобасы «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған» автоматтандырылған әмбебап құрылғысын көрсетті. Бұл арбаның құны қолжетімді, саты­лымдағы бағасы – 80 мың теңге. Бақыт Сұлтанов аталған арбаны жасаған талантты жасқа ризашылығын білдіріп, оның құрылғысын индустриялық парк­те жасауға қарастыратынын жеткізді.
Ресейдің бірінші арнасындағы Максим Галкин жүргізетін «Бәрінен де күшті» бағдарламасына қатысып, көрермендердің ықыласына бөленген №6 гимназияның оқушысы Радомир Романовтың ерекше есте сақтау қабілеті бәрімізді таңғалдырды. Ол көпшіліктің алдында отандық және әлемге танымал тұлғалардың өмірбаянын мүдірмей жатқа соқты. Басқа да балалар өнерлерін көрсетіп, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
Кездесу барысында Бақыт Сұлтанов оқушылармен риясыз әңгімелесіп, өзінің оқушы кезеңінен естелік өрбітті. Алматыдағы республикалық физика-математика мектебіне қабылдау емтиханында Архимед заңын ұмытып қалып, күзгі сында оқуға түскенін айтты. Оқушыларға бұл білім ордасы физика мен математиканы ғана емес, гуманитарлық пәндерді де тереңдетіп оқытылатынын түсіндірді.
Басқосу соңында қала әкімі дарынды оқушыларға әлде де талмай ізденіп, оқуда озат, өмірде табысты болуға тілектестігін білдірді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button