Қала мен Сала

Ақылы көлік тұрақтары кімге тиімді?

Жақын күндері қалада ақылы көлік қоятын орындар саны күрт артпақ. Бұл кімге тиімді: жергілікті бюджетке ме, қызмет көрсетуші компания­ға ма, жоқ әлде автожүргізушілерге ме?

Қала әкімдігі мен «Парковочное пространство Астаны» ЖШС арасындағы меморандумға сәйкес, жыл аяғына дейін қала ішінде көлік қоятын орындардың санын 10 мыңға жеткізу жоспарланған. Қазіргі күні қолданыстағы ақылы уақытша автотұрақтардың қызмет аясын кеңейтіп, жаңадан орындар ашу мәселесі туындап отыр. Осыған орай, сол жағалауда – Сығанақ, Сарайшық көшелерінде, Мәңгілік ел, Тұран даңғылдарында, ал оң жағалауда Республика, Сарыарқа, Бөгенбай батыр даңғылдары және Жағалау шағын ауданында ақылы көлік қоятын орындар пайда болады деп жоспарланып отыр.
Аталған аудандарда жергілікті атқарушы органдар, түрлі қызмет көрсету кәсіпорындары көп, сондықтан мұнда қатынайтын автокөліктер нөпірі қалың. Құзырлы мекемелердің шағын алаңдарына көлік қаптағанда, тіпті ине шаншар жер табу машақатқа айналады. Сосын жұмыспен жүрген жұрт көлігін қоятын қалтарыс іздеп әуре-сарсаңға түседі. Ал заңды түрде ақылы көлік қоятын орындар жасалса, бұл проблема түбегейлі жойылып кетпесе де, айтарлықтай оңалар еді. Сонда жүргізуші қауымы бір уайымнан құтылады. Әйтпесе, кейбіреулер темір тұлпарын байлайтын «керме»
таппай, оны рұқсат етілмеген жерлерге қалдырады. Бұл – жаяу жүргіншілердің еркін жүріп-тұруына кедергі. Әйтпесе, жол инспекция­сының құрығына ілігіп, айып­пұл төлеп, басы шатылып жатады.
Қалада ақылы көлік орын­дарының көптеп пайда болуы қозғалыс нөпірін реттеуге, көше-жол торабының жүктемесін жеңілдетуге жағымды әсер ететіні сөзсіз. Бұл – мәселенің бір жағы ғана. Ал ол нарыққа қатысушы тараптардың қаржылық жағдайына қалай әсер етеді? Жүргізушінің қалтасын қаншалықты қа­ғады? Қала бюджеті үшін оның экономикалық нәтижесі қандай болмақ?
– Бірден айта кетейін, әкімдік аталмыш жоба ар­­қылы жүргізуші­лердің қалтасын қағып алайын деп отырған жоқ. Әрине, қаржы құйылған кез келген істің қайтарымы, эконо­микалық нәтижесі болуы тиіс, бірақ бұл жағдайда ол ең маңыз­ды мәселе емес. Егер әкім­дік о баста басқару­шы компанияның алдына осынша қаржы табуы тиіс деген міндет қойса, онда түрлі құралдарды, атап айт­қан­да, сараланған тариф­тер­ді қолданар едік, – деді «Парковочная пространство Астаны» ЖШС басшысы Шыңғыс Досы­баев. – Яғни тек тарифті реттеу арқылы ғана көлік айналымына қол жеткізуге болатын аймақтар бар. Қозғалыс ағысы толассыз жүретін аудандарда кө­лік қоятын орындарды ашу, ең құрығанда уақытша тұ­рақтар ұйымдас­тыру тиімді.
Бүгінде көлік тұрағының қызметін пайдаланушылардың тек 15 пайызы ға­на оның ақысын тұрақты төлеп тұ­рады. «Бұл көрсеткіштің тө­мендігі автосүйер қауым арасында ақы төлеу мәдениетінің әлі қалыптасып болмағанын білдірсе керек» дейді кәсіпкер. Әлбетте, мұндай келеңсіздіктер уақыт өте дұрысталатыны сөзсіз. Ал көлік қоятын орын­­дардың көптеп ашы­луы осы мәдениетті қалыптастыруға азды-көпті ықпал ете түсері анық.
Елордада да көліктер ұдайы шоғырланып қалатын жерлер аз емес. Егер қала көп қаржы табуға мүдделі болса, ол жерлерге сағатына 500 теңгеден тариф белгілеп тастар еді. Бірақ қалалық әкімдік, керісінше, барлық тұрғындарға арналған және сағатына 100 теңге болатын тұрақты тарифті бекітті. Қазақстанның жағдайында ол қымбатшылық етпейді. Оның үстіне төлем бойынша жеңілдіктер берілетін азаматтар санаты бар. Сон­­дықтан әкімдік бірінші ке­зекте көлік қоятын орындардың айналымын, жеке автоқұралдар ағыстарының азаюын, қоғамдық көлікті пайдалануға ынталандыруды шешуге көңіл бөледі.
«Қазіргі кезде көлік орындарынан түсетін пайда қомақты емес. Өйткені бұл жүйе әзірше толыққанды жұмыс істеп кеткен жоқ, әлі жетілдіру үстінде. Нақты цифрды жоба толықтай іске қосылғанда, астанада 10 мың көлік қою орындары жұмыс істеп тұрғанда айтуға болады. Қазір біздің компания айына 1,5 млн теңге өндіреді» деді «Парковочное пространство Астаны» ЖШС басшысы.
Тағы бір баса айта кете­тін жағдай, аталған жоба мемлекеттік-жекеменшік кәсіпорын негізінде құрыл­ғанымен, оған мемлекет қар­жысы құйылмады. Ол то­лықтай инвестициялық қа­ражат арқылы жүзеге асырылады. Жобаның жұмысына жеке инвестор, яғни жеке әріптес жауапты.
Мемлекет 20 жыл бойы жеке әріптеске бір тиын да төлемейді. Яғни бюджетке ешқандай салмақ түспейді.
Жобаның құны келісімшарт бойынша 1,8 млрд тең­гені құрайды. Қазіргі күні оның 800 млн теңгесі айналымға жіберілді. Егер басқарушы компания­мен арадағы келісімшарт мер­зімі аяқталған болса, бұл жоба толықтай қаланың иелігіне көшеді.
Қуантарлығы, қалалық әкімдік қандайда бір жаңа­шылдық жасаса да, алдымен оның халыққа қалай әсер ететінін талдап-таразылап алып, іске бір-ақ кіріседі. Ондай бастамалардың қай-­қайсы да қала тұрғындарының хал-ахуалын арттыруға, өмір сүру жағдайларын жақ­­­сартуға бағытталған. Мә­се­лен, қазір көлік қоятын орындарға абонементтік төлем жүйесін енгізу жо­басы әзірленіп жатыр. Оны қолдану өте қолайлы – адамның уақыты мен ақшасын үнемдейді.

Дәулет АСАУОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button