Мәдениет

Диана Гурцкая: ҚАМКӨҢІЛ ЖАНДАРДЫ ҚУАНТУ – БІР БАҚЫТ

slide1

Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, қоғамдық палата өкілі әнші Диана Гурцкая Астанадағы зағип балаларға арналған мектеп-интернатта қайырымдылық концертін өткізбек. Бұл туралы «Муз-ТВ 2015. Гравитация» жүлдесін табыстау рәсіміне қатысты осы жобаның жетекшісі Арман Дәулетияров ұйымдастырған брифингте әншінің өзі мәлімдеді.

Алдын ала белгілі болғандай, эстрада жұлдызы балалармен қайырымдылық концертін өткізуді 4 маусымға жоспарлаған. Ол үшін Астана қаласындағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатын таңдағаны да тегін емес.
«Мен ондағы балалардың әрқайсысының жанын түсінемін. Өйткені, өзім де сондай интернатта жатып оқыдым. Әр жолы ата-анаңмен қоштасып, интернатта қалудың қандай қиын, жас-тай өмірдің сынағын көрудің қаншалықты ауыр екенін білемін. Бірақ, қиналса да, адамға кейде төзімділік танытуға тура келеді екен. Мен де сондай күйді бастан кештім. Он бір жыл бойы өз үйімді аңсап, анамды сағынсам да, шыдап, интернатта жатып білім алдым», – деді ол.
Әншінің айтуынша, бұл күнгі кездесуге өзінің репертуарындағы таңдаулы әндерді іріктеп, жақсы бағдарлама әзірлеуде екен. Үлкен сахнадағыдай, Диана Астананың балаларына арнап ән салып бермек. Сонымен бірге, әнші интернаттағы балалар да өзі үшін қандай да бір бағдарлама әзірлеп, өнер көрсетеді деп күтетінін жасырмады.
«Біз ол күні балалармен әңгімелесіп, ой бөліссек, сырлассақ деймін. Өзгелерге жаутаңдаған, көмекке, қамқорлыққа мұқтаж балалар үшін аз ғана аялдап, көңіл бөлгеннің өзі қандай бақыт екенін мен өзгелерден артық сезетін шығармын… Астанаға келген осы сапарымдағы ең басты мақсатым да, осындай бейкүнә балалармен бірге болып, оларға аз да болса жан жылуымды сездіру, қуаныш сыйлау», – дейді Диана Гурцкая.
Қайырымдылық жасаудан талмайтын, қайырымдылық шараларынан ешқашан бас тартпайтын әншінің бұл сапардағы тағы бір міндеті, әрине, «Муз-ТВ 2015. Гравитация» жүлдесін табыстау салтанатына қатысу. Бұл шара елордамызда 5 маусым күні өтетіні баршаға мәлім. Бұл кештегі концерттік бағдарламада жергілікті өнер жұлдыздары мен Ресей эстрадасы өкілдері қатысып, ән салмақ.
Әңгіме осы жөнінде өрбігенде Диана Гурцкая Ресейге барып, «Муз-ТВ» арнасына жетекшілік етіп, үлкен бір мемлекеттің өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал етіп отырған қазақ азаматы Арман Даулетияровқа ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, «Мен осы бір мәдени мереке үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да алғысымды білдіргім келеді. Себебі, ел дамып, өркендеп, халқының еңсесі көтеріліп, жүзі жадырап, жақсы өмір сүре бастағанда ғана «Муз-ТВ» премиясы секілді үлкен шара өткізуге мүмкіндік алады. Бұл шара осы күнге дейін Ресейде өтіп келген. Енді Арман Дәулетияровтай азаматының арқасында бұл мереке Астанаға да шуағын шашқалы отыр» деді ол.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button