Қала тіршілігі

Дубай тәжірибесі тиімді болмақ

Астана әкімдігі жанынан Қалалық даму акселераторы құры­луда. Бұл – қалалық iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығының базасында құрылатын жаңа жұмыс тобы.

Елорда тұрғындары «109» жедел желісіне қаладағы түрлі мәселе бо­йынша өз өтініштері мен ұсыныстарын, шағымдарын тәулік бойы жолдап, аталмыш сервисті белсенді түрде пайдалануда. iKomek орталығы арқылы астаналықтар биылғы 11 ай ішінде 793 мыңнан аса өтініш-тілектерін айтып, мәселе көтерсе, оның 99 пайызы оң шешімін тапқан.
Қалалық даму акселераторының құрамына әкімдік қызметкерлері мен қоғамдық бірлестік өкілдері, сарапшылар, ғалымдар, кәсіпкерлер, белсенді тұрғындар кіріп, жұмыс тобына шаһар басшысы мен оның орынбасарлары жетекшілік етеді. Бұл жұмыс тобын құрудағы мақсат – аз уақыт ішінде, яғни ұзағаны 100 күнде қаладағы көптеген түйткілдің түйінін шешу. Жалпы, даму акселераторының міндеті – мәселені шешумен қатар, дамудың стратегиялық көрсеткіштеріне де қол жеткізу.
Мұндай даму акселераторы осыған дейін Дубай қаласында мемлекеттік дең­гейде жұмыс жүргізіп, қысқа мер­зім ішінде жоғары жетістіктерге қол жеткізіпті. Атап айтқанда, 60 күн ішінде ең қауіпті бес жолға өзгеріс ен­гізіліп, нәтижесінде 24 адамның өмірі құтқарылып, мемлекеттік бюджеттің 63 пайызының үнемделуіне әсер еткен. Сонымен қатар 100 күн ішінде қаржы секторында мыңнан аса жұмыс орны ашылып, Emirates Global Aluminium зауытының шығындары 16 пайызға кеміген деседі. Бұл тәжірибе енді Астанада жүзеге асырылмақ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button