Басты ақпаратДенсаулық

Екпе: мәжбүрлеу емес, сенім керек

Сөзді «вакцинаны қалай, қандай жағдайда, қандай талаптарға сай алып жатырмыз?» деген сұрақтан бастайық.

Таяудан бері Қазақстан Республикасындағы вакцинаны міндеттеу туралы заңға байланысты әртүрлі әңгімелер туындап отыр. Бір топ адам вакцинаға тіс-тырнағымен қарсы шығуда, олардың ойынша, вакцина ұрпақты құртудың төте жолы және вакцина алғандар ұрпақсыз немесе мүгедек болып қалуы мүмкін екен. Расында, Қазақстанда екпеден кейін әртүрлі жағдайлар орын алатыны өтірік емес, қайтыс болғандар, мүгедек болғандар бар. Ал соңғы жылдары екпе егудің деңгейі­нің төмендеуіне байланысты мектептерде, балабақшаларда қызылша және басқа да жұқпалы аурулар ушығып кетті. Осы жағдайға байланысты жақында ғана тағайындалған ҚР Денсаулық сақтау министрі екпе алмаған балалар үшін балабақшаларды жазаға тартуды ұсынды.

Мектепке дейінгі орталықтарға қызылша мен паротитке қарсы вакцина екпеген балақайды тәрбиешілер кіргізбеу керек. Бұлай етуге олардың толық құқығы бар. Ал бұл жүйемен жұмыс істемегендерге айыппұл салынбақ. Министр осылай балаларға уақытында екпе салуды біріздендірмек. Ақмарал Әлназарова бұл шаралар өскелең ұрпақтың денсаулығы мен болашағы үшін жасалып жатқанын алға тартады. Алайда екпе мәселесін әкімшілік қысыммен атқарту наразылық тудыратыны белгілі. Зорлық немесе қысыммен міндеттеуден басқа да жолдар бар екенін ұмытпағанымыз абзал. Олай болса, вакциналауды әкімшілік күшсіз-ақ, қалай жұрттың сеніміне ие бола отырып, сапалы және қауіпсіз, нәтижелі жүргізуге болады? Осы сауалдар төңірегінде ой өрбітіп көрейік.

21 ғасыр – вирус­тардың, жұқпалы аурулардың ғасыры. Одан шығудың жалғыз жолы – вакциналау. Халықтың қазіргі вакцинаға деген сенімсіздігі жоғары шекке жетті. Халықтың сенімін қайтару үшін вакцинаны тендер (конкурс) арқылы сатып алуды толық тоқтатып, халықаралық қауіпсіздіктер мен стандарттарға сай, сапалы вакцина шығаратын компаниялармен тікелей келсімшарттар жасап, елге сапалы вакцина жеткізу керек

Бірінші: 21 ғасыр – вирустардың, жұқпалы аурулардың ғасыры. Одан шығудың жалғыз жолы – вакциналау. Халықтың қазіргі вакцинаға деген сенімсіздігі жоғары шекке жетті. Халықтың сенімін қайтару үшін вакцинаны тендер (конкурс) арқылы сатып алуды толық тоқтатып, халық­аралық қауіпсіздіктер мен стандарттарға сай, сапалы вакцина шығаратын компаниялармен тікелей келсімшарттар жасап, елге сапалы вакцина жеткізу керек. Өйткені тендер арқылы, вакцина алу арқылы ең арзан, техникалық сақтау талаптары жане сапасы ең төмен, халық­аралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін дамушы елдер шығарған вакциналардан зардап шегушілер көп. Ұрпақ денсаулығын тендерге салмай, сапалы, еуропалық қауіпсіздік және стандарттарға сай, халықаралық жақсы имидж қалыптастырған компаниялардан вакцинаны тіке сатып алу керек.

Екінші: вакцинаны сатып алғаннан кейін өндірушінің тасымалдау-сақтау талаптарына сай температурада, ылғалдықта тасымалдау, сақтауды қамтамасыз ететін медициналық аппараттар және тасымалдау кезіндегі күйді көрсететін және тіркейтін жүйелер, оларды қадағалайтын, күтімін жасайтын мамандар қосынын жасақтау. Вакцина ғана емес, кез келген дәрі-дәрмек, құрал-расходтардың стандартқа сай жасалуы, сертификатталуы, талапқа сай тасымалдануы, дұрыс жағдайда сақталуы бәрі тікелей клиникалық инженерияның дамуына байланысты. Жоғарыдағы талаптарды жүйеге келтіру – клиникалық инженер атты маманның бір функциясы. Ал Қазақстанда қазірге дейін «халықаралық стандарт» жайлы ауыз толтырып жарнама жасағанымызбен, денсаулық сақтау саласында клиникалық инженерия бағдарламасы да, клиникалы инженер деген статус та, маман да жоқ. Клиникалық инженерлердің міндетін атқарып жүрген клиникада істейтін сервис инженерлердің заңдық статусы, функциясы, міндеттері айқындалмаған.

Жоғарыдағы шарт-жағдай, талаптармен мамандар қазір ірі қалалардың өзінде жоқ. Қажетті талаптарға сай тасымалданбау, сақталмау, жарамдылық мерзімі өткен вакцина қолдану, нұсқау­лыққа сай қолданбау сияқты жағдайлардың соңы өлімге, мүгедектікке әкелуі мүмкін. Ал аудан-ауылдарда қалай сақталатыны, тасымалданатыны жайлы айтудың өзі ұят. Сондықтан Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі тез арада клиникалық инженерия бағдарламасын қабылдап, әрбір ауруханада жоқ дегенде бір клиникалық инженер штатын ашып, вакцинаны тасымалдау, сақтаудың инженерлік жүйесін жасап, біртұтас стандарттарға келтіру керек.

Үшінші: вакцина егу кезінде міндетті орындауды ғана көздеп, топырлатып, белгіленген қысқа мерзімде вакцина егуді аяқтау үшін екпенің қолдану талаптарын, нұсқау бойынша жұмыс ережесі сақталмау, вакцина жасалатын адамдардың дәл сол кездегі денсаулық жағдайы бағаланбай, адам әртүрлі жедел қабыну, вакцина жасауға болмайтын жағдайда егу соңы да трагедияға әкелуі мүмкін. Сондықтан вакциналау кезінде өндіруші тараптың нұсқаулығы бойынша әрекет етуді қатаң қадағалап, ережені бұзғандарға қатаң шара қолдану керек.

Төртінші: кейбір вакцина өндірушілер климаттық жағдайларға, өңірлік жағдайға байланысты ұсынылған мезгілде, ауа райына сай егілмейді. Оның өзі вакцинаның өнімділігін төмендетіп қоймай, келеңсіз жағдайлар болуы мүмкін. Мысалы: жай тұмауға қарсы міндеттелмеген вакцинаны Алматы мен Астанада бірдей уақытта егудің өзі дұрыс емес. Астанаға суық бір жарым ай ерте түссе, вакцина да соған сай ерте егілу керек. Әйтпегенде оның өнімі болмайды. Себебі суықтап тұмау тиетін уақытқа дейін антидене толықтай қалыптасып үлгермеуі мүмкін.

Осы жағдайларды шешкен кезде елімізде вакцинаға деген сенім де артады, сапасына да көзі жетеді. Сонымен бірге маусымдық және кездейсоқ жұқпалы аурулар азайып, еліміздің Денсаулық сақтау саласына бөлген бюджет қаржысын үнемдеуге болады.

Қорытып айтқанда, вакцина жайлы талас болғанда «керек, керек емес!» деген тұрғыдағы дау емес, қайта «қалай, қандай жағдайда, қандай талаптарға сай вакцина алып жатырмыз?» деген сұрақтар қойып, халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға Денсаулық сақтау министрлігі және ақпарат құралдары біріге жұмыс істеу керек. Халықаралық талаптарға сай медициналық инженерияны қолға алмай, клиникалық инженерлерді дайындамай, статустарын көтермей вакциналар да, дәрі-дәрмектер де, медициналық құрал-жабдықтар да қауіпсіз, өнімді қолданылмайды, тиімділігі, өнімділігі болмайды. Бұл түйінді халық болып, тиісті мамандар болып шешу керек. Сонда ғана біздің елде де өзге өркениетті елдердегідей қауіпсіз, сапалы медициналық қызметтер ала алатын боламыз.

 Серік МҰРАТХАНҰЛЫ,

«Ұлттық нейрохирургия­лық орталық» АҚ

медициналық аппараттар бөлімінің бас инженері

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button