Басты ақпаратРуханият

Тілендиевтің тұяғы

Көрнекті күйші-композитор, дирижер, КСРО Халық әртісі, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің Алмас-Әлкен атты ұлы бар екені туралы кезінде журналист, ақын Сайлау Байбосын «Жас Алаш» газетіне жазды. Сол асылдың сынығы, тектінің тұяғы – 3-4 жылдан бері Астана қаласының тұрғыны. «Ұлылардың ұрпағы» атты жобаны бастаған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі Алмас ТІЛЕНДИЕВПЕН кездесу ұйымдастырып, сыр-сұхбат өткізді.

Кездесуді үйлестіруші аталмыш бірлестік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Кенжеғали Мыржықбай қонақты таныстыра келе, бір сырдың бетін ашты. Оның айтуынша, Нұрғиса Тілендиевтің ағасы Қаймолда 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен. Нұрғиса соғыс­тан оралған соң, Қаймолданың зайыбы Фатима Байтасқызы оған әмеңгерлік жолмен тұрмысқа шыққан. Осылайша 1947 жылы арада ұл бала дүниеге келіп, оған Нұрғисаның өзі Алмас деген есім берген.

«Нұрғиса ағамен кезінде бірге істегенбіз, мінезін жақсы білеміз. Сол мінезінен бе, әлде Фатима апамыз өнеріне кедергі келтірмейін деген бе, әйтеуір кейіннен екеуінің жолы екі жаққа айырылды. Фатима апамыз туралы айтқанда, ол кісі өз уақытысында әйелдер арасында сирек кездесетін заңгер мамандығын алып, Қырғызстанда судья, адвокат болып қызмет істеді. Алматыға оралғанда Қаймолдаға қосылып, екеуінен Лариса атты қыз бала туған» деді Кенжеғали Мыржықбай.

Нұрғиса Тілендиевтің көзін көрген әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов композитор туралы естелік айтты. Ерекше атап өтерлігі, келесі жылы Нұрғиса Атабайұлының туғанына 100 жыл толады. Даңқты өнер иесінің ғасырлық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті тапсырма берді.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің тұлғатанудағы үлкен еңбегін атап өтіп, Нұрғиса Тілендиевтің қазақ өнеріне қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталды. «Ұлылардың ұрпағы» жобасы туралы айта келе, алда осы жоба аясында ақын Шәкір Әбеновтің қызы Санамен кездесу өткізу жоспарланғанын жеткізді.

Кездесуге Алмас Тілендиевтің зайыбы Галина Да­йырбекқызы да қатысып, өзі және жұбайы туралы, Нұрғиса Тілендиевтің туыстарымен араластығы туралы кеңірек әңгімелеп берді.

«Нұрғиса атамыз бен Фатима енеміздің әмеңгерлік жолмен қосылғанын көрген адамдар әлі де арамызда бар. Бұлар мешітке барып, некесін қиған. Бірақ жас алшақтығы бар еді, шешеміздің атамыздан 5-6 жас үлкендігі де болды. Нұрғиса атамыздың мінезі туралы осы жерде айтылды, сот, адвокат болған енемізде де мінез баршылық еді. Екеуінің мінезі келіспеді. Сол уақытта Қарағанды пединститутының ректоры болған шешеміздің ағасы Кәбзәкір Байтасов енемізді Баянауылға көшіріп алды. Бірақ екеуі ажырасып кеткенмен, байланысты үзбей араласып жүрді. Шешей Алматыға барып жүрді, Нұрғиса атамыз бізге келіп жүретін. Баянға бірнеше рет гастрольмен келді. Өзім де атамыздың үйінде болып, дәм таттым. Қызым Алтынай сол үйде болғанда атамыз «Отырар сазы» оркестрі ұжымына «Бұл – менің немерем» деп таныстыр­ған. Атамыз қызымды Қонаевтың үйіне қонаққа да бірге ертіп барған. Қазір Жамбыл ауылындағы атамыз­дың туыстарымен араласып тұрамыз. Мен 1969 жылы келін болып түстім. Бертінде өмірден өткен енеміз атақты композитормен қарым-қатынасы туралы ештеңе айтпайтын. Біз қазбалап сұрасақ, ол кісі ренжитін. Әлекеңнің қанында бар ғой, ол гитарада, аккордеонда, тромбонда ойнайды. Мектепте оқып жүргенде музыкант болғысы да келді. Бірақ шешеміз рұқсат бермеді» дейді Галина Дайырбекқызы.

Оның айтуынша, кезінде Баянауылда музыка мектебінде жұмыс істеген, кейін Семейде музыкалық колледжді басқарған Серік Манаев Нұрғиса Тілен­диевтің өз аузынан ұлының бар екенін естіген. Мұның анық-­қанығына көз жеткізу үшін Алмас Тілендиевтің отбасымен танысқан.

«Әлекең кітап оқығанды жақсы көреді. Бір күні болмай мені кітапхана ертіп апарды. Сонда барғанда «Өнер» деген бөлімнен Нұраға туралы кітап сұрадым. Кітапханашы маған «Қаһарман Нұрғиса» деген кітапты берді. Соны парақтап шыққанымда 20-бетте «Ата, сізді Халық қаһарманы атағын алуыңызға байланысты шын жүректен құттықтаймыз! Өзіңізге денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз! Тілендиев Алмас жанұясы: немерелеріңіз Тимур, Алтынай, Нұрлан. Баянауыл, 1998 жыл» деп жазылған. Мұны біз жіберген жоқпыз. Нұрғиса атамыздың өзі жазып, кітап авторы Серік Әбдірайымовқа берген деп топшылаймыз. Себебі жұбайымды Алмас деп өзі ғана атайтын. Әйтпесе жұрт Әлкен деп атап кеткен» дейді Галина Дайырбекқызы. Отбасының Нұрғиса Тілендиевке қатысы туралы «Тұлпардан қалған бір тұяқ» атты кітап та жазып, баспадан шығарды.

«Кітап шығарудағы мақсатым балаларымыз, немерелеріміз бар. Әйтпесе атақ, даңқты, танымалдықты қуып отырған жоқпын. Екі ұлымыздан да ұлдар тарады. Ертең кетіп қалсам, шешеміз сияқты шындықты бірге алып кетпейін деп ойладым» дейді Галина Дайырбекқызы. Оның сөзінше, олардың отбасының Нұрғиса Тілендиевке қатысы туралы фильм де түсірілген.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасының» директоры Бақытжан Оразалиев естелік айтты. Университет студенттері Әсем Жанатова мен Бауыржан Маратұлы Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әні» және «Әке туралы ой» әндерін салды. Кездесуді жүргізген Кенжеғали Мыржықбай «Өз елім» туындысын әуелетіп, Нұрғиса Тілен­диевпен бірге жүрген күндерден естелік жаңғыртты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button