Ақтаңдақтар ақиқатыБасты ақпарат

Тың эпопеясы: тарих таразысында

(Соңы. Басы газетіміздің №30 (4618) және №31 (4619) сандарында)

Мемлекетке алғаш­қы қазақстандық миллиард пұт астықты тапсыруға байланысты желік ұзаққа созылған жоқ. Келесі жылы, 1957 жылы астық 2,5 есе кем жиналды, ал 1963, 1964 жылдары астық өндіру 1953 жылғы деңгейден сәл артты. Бірақ сол кезде себу алаңдары, егіс алқаптары бес есе аз болды. Аяусыз жыртылған кең байтақ қазақ даласында ғасырлар бойы жиналған құнарлы жер қабатын ұшырған шаңды боран басталды. Осы себепті 1958-1965 жылдардағы агротехниканың нашарлығынан 3 миллион гектарға дейінгі егіс алқаптары есептен шығарылды, айтарлықтай үлкен алқаптарда астық өнімі бірден төмендеді.

Тек 60-жылдары ғана тың шаруашылығының маңызды бөлігі диқаншылыққа жарамсыз аудандарда орналасқаны туралы белгілі болды, эрозияға қарсы техника мен агротехниканы жасау және қолдану қажеттігі туралы сөз бола бастады. Осы кезде КОКП ОК КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен қаулысында «Қазақ КСР-да жыл сайын шаңды борандар егіс даласының құнарлы қабатын ұшыруда, біршама ауқымды алқаптарда егісті құртып, зиян келтіруде, ал кейбір аудандарда суармалы жерлерді, ирригациялық каналдарды, су көздерін шаң-топырақ басып қалуда» деп мойындады.

Жыртылған тың жерден алғашқы мол астықты өндіргенде тың игерушілерге шеттен келетін көмексіз жинап алу мүмкін еместей көрінді. Қарапайым егін жинау науқаны бүкіл Одақтың жұмыла кірісетін шаруасына айналды. Мысалы, 1956 жылы астық жинауға Қазақстандағы тың алқаптарына елдің түкпір-түкпірінен 11700 комбайнер өз комбайнымен, 20 мың шофер келді. БЛКЖО ОК 200 мың қыз бен жігіт, студенттерді жіберді. Келесі екі жылда астық көп болмаса да, астық жинауға елдің басқа аудандарынан миллионнан артық жас жұмысшы, қызметкер, студент қатысты.

Ғалымдардың есебі бойынша тың игеру кезінде топырақ гумусының жоғалуы 15-20 пайызға, кейбір жерлерде 23 пайызға дейін жеткен. Ал бүгінде бұрынғы тың жерлердегі гумус құрамының жоғалуы 35 пайызға жетті және бұл процесті қалпына келтіру мүмкін емес. Осы қарқын сақталса, келесі он жылдан кейін қайтарымы қиын процесс басталатынын есептеу қиын емес, басты байлығымыз – жер құнарлы қыртысынан айырылады. Келесі ұрпаққа қандай мұра қалдырғанымызды ойлауымыз керек

Жыл сайын астық жинау кезеңінде ондаған әскери бөлімше келді. Жүздеген мың адамды, ондаған мың техниканы елдің бір шетінен екінші шетіне астық жинауға жіберу ақылға сыятын іс емес.

Тың игеру туралы әдебиетте өндіріс күштерін пайдаланудың тиімділігін сараптау ауыл шаруашылығындағы материалды-техникалық базаның өсуін зерттеумен жиі ауыстырылады. Бір топ ғалым осы тақырыпты зерттеуде қор қайтымы мәселесіне соқпай, айналып өтеді. Сол екі арада айналымдағы қор бірлігін өндіру төмендеді және төмендеу жалғасуда. Қор қайтымының ­коэффициенті 1961-65 жылдардан бастап 1976-78 жылдары аралығында тыңдағы совхоздарда 0,70-тен 0,43-ке дейін төмендеді. Ал 1 центнер астықтың өзіндік құны 1958-60 жылдары 9,92 рубльден, 1981-84 жылдары 8,5 рубльге өсті. Көптеген зерттеу­ші тың өндірісінің әлеуметтік тиімділігіне сараптама жасаған кезде орташа өмір сүру деңгейі, балалар өлімі, кадрлар ауысымы, қылмыстық және шаруашылық қылмыстар, жасырын жұмыс­сыздық, жергілікті тұрғындардың көңіл күйі, алкоголизмнің таралуы, жер экологиясы және басқа мәселелерге соқпай айналып өткен.

Ғалымдардың есебі бойынша тың игеру кезінде топырақ гумусының жоғалуы 15-20 па­йызға, кейбір жерлерде 23 па­йызға дейін жеткен. Ал бүгінде бұрынғы тың жерлердегі гумус құрамының жоғалуы 35 па­йызға жетті және бұл процесті қалпына келтіру мүмкін емес. Осы қарқын сақталса, келесі он жылдан кейін қайтарымы қиын процесс басталатынын есептеу қиын емес, басты байлығымыз – жер құнарлы қыртысынан айырылады. Келесі ұрпаққа қандай мұра қалдырғанымызды ойлауымыз керек.

Көп жылдық тәжірибе көрсеткендей, Солтүстік Қазақстан жағдайында табысты диқаншылыққа жету шартының бірі – таза бу жағдайы. Бұл басқа елдердің, әсіресе біздің рес­публикадағы тың алқаптарының климаттық жағдайына ұқсас Канаданың тәжірибесінде кеңінен пайдаланылады. Онда қазіргі күнге дейін жыртылған жердің 30-35% пар астында жатады. Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұсынысы бо­йынша тың жерлердің 20-25% пар астында болуы қажет. Бірақ отандық және әлемдік тәжірибені елеп-ескермеген Хрущев жер-ана байлығын тап қазір алуға тиіспін деп мәлімдеп, егіс алқаптарын кеңейтуді талап етті. Бұл – қазақ халқы үшін өтеуінің орны толмас, Хрущев тарапынан жасалған нағыз кешірілмес қателік. Тың игерушілерде көтеріңкі рух, еңбекке деген құлшыныс жоғары болғаны рас. Еңбек озаттары көптеп шығып, социалистік жарыстар ұйымдастырылды. Астық жинаудың түрлі әдісі дүниеге келді. Тың игеру бидайды ғана емес, астықтың өзге түрлерін өсіруге де мәжбүрледі.

1954-1964 жылдары Тың өлкесі құрамына енген 5 облыстың 200-ден астам селолық және аудандық кеңестерінің атауы орыс тілінде қайта өзгертілген немесе жаңадан ат қойылған.

1951-1965 жылдары елімізде жылқы саны 365,7 мыңға аза­йып кеткен, біржақты саясаттың салдарынан жалпы мал шаруа­шылығы, оның ішінде ірі қара өсіру кенжеледі, жайылымы мол қазақ даласында қой өсіруге көңіл бөлінген жоқ. Рас, жыл өткен сайын мал басының өскені байқалады, бірақ бұл кеңес өкіметінің аграрлық саясатының жемісі емес, табиғи құбылыс болатын. Қазақстанда 1980 жылдардың өзінде мал саны жыл сайын баяу өсіп отырды. Тың игеру жылдары шошқа саны артып, 4 еседен астам өскен деген мәлімет коммунистік жетістік ретінде жария етіліп келді, алайда салыстырмалы түрде қорытынды жасау үшін алдымен соның алдындағы көрсеткішті алу қажет. Демек, бұрын шошқа өсірілмеген қазақ даласында бұл түліктің саны туралы сөз етудің өзі артық. 1954-1964 жылдары астық сатып алу жоспары Одақ көлемінде үш рет қана (1956, 1958, 1964 жылдары) орындалды. Соған қарамастан, агротехниканың әлемдік жетістіктерін қолданып, егін шығымы мен алынған астықтың сапасын халықаралық стандарттарға жеткізу жөнінде мардымды жұмыс атқарылған жоқ. Кеңес жүйесінің артықшылығы, коммунистік партияның кемеңгер басшылығы сияқты даңғаза ұран мен жалған мәліметке әуестенген қоғамда шын мәніндегі аграрлық реформа жасалмады. Соның салдарынан тың жерлерді игеру 60-ыншы, тіпті 80-жылдары да толастамады. Табиғаттың сәйкестігі өрескел бұзылып, Қазақстанның егіншілікке жарамды аймағына орасан зор зиян келтіру үрдісін тежейтін күш болмады.

Орайы келгенде астық молшылығы проблемасын тек қана Қазақстан Республикасының аумағында шешуге негізгі күш жұмсалуы неліктен, Ресейдің, Украинаның жер көлемі де жеткілікті ғой деген сұрақ тууы мүмкін. Бұған берілетін жауап, Қазақстанның ұлан-байтақ жері иесіз сияқты көрінді, республикада халық саны аз, шаруашылығы шашыраңқы, жер мөлшеріне шаққанда өнім түрлері мен саны жеткіліксіз деп саналды. Екіншіден, Қазақстан жерінде өзіндік құны арзан, аз шығынмен алынатын ең сапалы астық өседі. Демек, шаруашылықтың басқа салаларынан гөрі Қазақстанда астық өндіру және мал өсіру тиімді болған. Мәселен, Ресейдің қара топырақты емес аймағында 1958-1959 жылдары 1 центнер астықтың өзіндік құны – 332 сом (сол кездегі баға бойынша), ал Қазақстанда 30 сом ғана болған. Мемлекет ол кезде бидайдың әрбір центнеріне 47-62 сом төлеп сатып алған. Яғни Қазақстан тыңы өзін-өзі қаржыландырып қана қоймай, мемлекетке орасан зор пайда түсірген. Оның үстіне сол жылдары Қазақстан жерінің дүниежүзілік стандартқа сәйкес және сұранысы жақсы бидайдың қатты және күшті сорттарын көп өсіруге мүмкіндігі жеткілікті екені анықталды.

Сонымен, зерттеулеріміздің нәтижесінде 1950-1960 жылдары жасалған аграрлық реформаның нәтижесі және оның Қазақстанның солтүстік аймақтары үшін тигізген әсері және салдары туралы былай деуге болады:

Аталған кезеңдегі кеңес аграрлық реформаның ең негізгі мазмұны – тың және тыңайған жерлерді жыртып, елде астық молшылығын жасау, сөйтіп ауыл шаруашылығындағы дағдарысты жою. Қыруар қаржы, орасан материалдық қорлар мен адам күші халық шаруашылығының басқа салаларынан тартып алынып, тек қана тың және тыңайған жерлерді игеру мүддесіне жұмсалды. Еліміздің астық балансы нығайды. Қазақстан Кеңес Одағы бойынша астық өндіретін негізгі аймақтың біріне айналды. Астық өндіретін шаруашылықтардың тұрғындарына әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалды, селода қажетті инфрақұрылым қалыптасты. Алайда аграрлық реформа ғылыми негізделген экономикалық заңдылықтарға сүйене отырып жасалған жоқ. Мемлекет деңгейінде ондаған жылға арналған күрделі жоспарлар әміршіл-әкімшілік тәсілмен, жеке биліктің еркімен жүргізілген өзгерістер, көп жағдайда асыра сілтеушілікке, даңғаза насихаттың жеңісі деген желеу­мен көзбояушылыққа, жалған мәлімет беруге, соның салдары ретінде тұтас ұрпақтың санасын тұмандатып, халықтың бос қиял­ға еліктеуіне әкеліп соқтырды.

Экстенсивті түрде жүргізілген егіншілік салдарынан Қазақстанның солтүстік аймақтарында мыңдаған гектар алқап жарамсыз болып қалды, табиғат ерекшеліктері ескерілмей, ауа райының құбылмалы жағдайында, астықтан жыл сайын тұрақты мөлшерде түсім алуды қамтамасыз ететін агротехникалық шаралар кеш ойластырылып, кешенді түрде жүргізілмеді, сападан гөрі санға әуестенушілік басым болды. Мал шаруашылығы назардан тыс қалды, Қазақстан жағдайында тиімді болатын мал өсіру ісі баяу дамыды.

Тың және тыңайған жерлерді игеру ұранымен асығыс жүргізілген шаралардың қоғамдық-әлеуметтік, демографиялық салдары ретінде аз уақыт ішінде Қазақстанның солтүстік аймағында қазақ ұлты аз болды, жаңа совхоздарды жұмысшы күшімен қамтамасыз ету үшін Кеңес Одағының түрлі аймағынан ондаған ұлттың өкілдері, жұмыссыз жүргендер, қылмыстық элементтер, ауыл шаруашылығы кәсіптеріне машықтанбаған әскери қызметкерлер, бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының өмір салты, мінез-құлқы жөнінде ешқандай түсінігі жоқ мыңдаған адам келді. Осылайша, қазақ халқының мыңдаған жыл бойы қалыптасқан ұлттық ерекшеліктері мен салт-дәстүрлері, мәдени құндылықтары аяққа басылды.

Тың игеру ісіне ғалымдар да ауқымды үлес қосты. Олардың арқасында егін шаруашылығына жарамды тың жерлерге зерттеулер жүргізіліп, бөлінген жер телімдері іріктеліп, жаңа совхоздарда шаруашылық пен тұрғын үй құрылыстары жоспарланды, сусыз жерлерді суландыру жобасы жасалды. Тың жердің жағдайына сәйкес келетін машиналар ойлап табылды. Бірақ осы кезеңге дейін тың игеру ісіндегі ғалымдардың алатын рөлі жеткіліксіз зерттелді. Нақты материалдар тек тың игеру тарихына арналған кейбір еңбектерде ғана кездеседі. Олар шағын әрі ғалымдардың үлесі туралы толық мәлімет бере алмайды. Сондықтан бұл мәселенің терең зерттелмеуі тың игеру тарихының ақтаңдақ беттерін арттырады.

Сәуле МӘЛІКОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты, Солтүстік

Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button