Мәдениет

Студенттер сайысы

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде «Қажымұқан жолы – student cup» көпсайысы өтті. Қажымұқанның шеберлігі мен ерлігін өнеге тұтқан қара күш иелері бақ сынады. Салауатты өмір салты мен спорттың құндылығын насихаттаған іс-шара көпшіліктің көңілінен шықты.

Ашылу салтанатына Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті Серік Сәпиев, «Қазақстан спортшылар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Қарлығашев және ауыр атлетикадан әлем чемпионы Илья Ильин қатысып, толағайларға сәттілік тіледі. Жоба авторы және Гиннестің рекордтар кітабының рекордшысы Сергей Цырульников шара барысында болат темірді майыстырып, жиналған жұртшылықты таңдай қақтырды.

Жарыс жолына 11 университеттің 22 студентті қатысып, ептілігі мен күш-қайратын дәлелдейтін жаттығу түрлерін орындады. Бірінші сайыста спортшылар 2 минутта 60 келілік қапты басынан асыра көтерсе, екінші жаттығуда шынжырға байланған 24 келі болатын гір тасын 2 команда ұзақ ұстап тұру арқылы жарысты. Үшінші кезеңде ұзындығы 60 сантиметрді құрайтын арматураны уақыт жылдамдығымен майыстырды. Ал төртінші раундта салмағы 80 келі қапшықты 2 минут ішінде 1,2 метр кедергіден мейлінше көп асыруға тырысты. Қорытынды сайыста командалар арқан тартуда сынға түсті.

Қатысушылар арасында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Едіге Емберді, армрестлингтен Азия чемпионы Станислав Слободян да бар.

Турнир қорытындысы бойынша 1-орынды – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, 2-орынды – Astana IT University, 3-орынды Спорт академиясы иеленді.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button