Басты ақпарат

Электромобиль дәуірі есік қағып тұр

Елорда көшелерінде электромобильдердің жүйтки бастағанына біраз жылдың жүзі болды, олардың көпшілігі – жеңіл көлік емес, қоғамдық көлік. Ресми дерек бо­йынша елордада өткен жылы
38 жеңіл электромобиль тіркелген.Елорда көшелерінде электромобильдердің жүйтки бастағанына біраз жылдың жүзі болды, олардың көпшілігі – жеңіл көлік емес, қоғамдық көліктер. Ресми дерек бойынша елордада өткен жылы 38 жеңіл электромобиль тіркелген, ал 2020 жылдың қаңтар айында астана көшелеріне жолаушыларды қоғамдық тасымалдау бағыттарына 15 бірлік «Yutong» электр автобусы жіберілген еді, міне, содан бері экологиялық тұрғыдан тиімді электр автобустардың саны жылдан жылға өсіп келеді, сол жылы электр автобустардың саны 100-ге жетті, 2021 жылы желіге тағы 100 электр автобус қосылды. Биыл тағы да 100 жаңа электр автобус сатып алу жоспарланған. Атап өтер бір жайт, қаладағы электр автобустар жеке инвестициялар есебінен желіге шығарылып
келеді.

[smartslider3 slider=3329]

 

Баламалы энергия көздеріне көшу әлемдік үрдіске айналған біздің заманымызда, электр автобустардың тиімділігі бірден көзге түседі: атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайды әрі үнемді, май немесе басқа да сұйықтық ауыстырудың қажеті жоқ, пайдалануға берілгеннен кейінгі шығыны 80 пайызға дейін үнемделеді. Егер дизель моторлы қоғамдық көліктің шығыны тәулігіне 22-25 мың теңгені құраса, электр автобус­тардың шығыны одан 4-5 есеге аз. Конструкцияны тәулігіне бір рет түнгі уақытта қуаттау жеткілікті. Яғни автобусты күндізгі уақытта қуаттаудың қажеті жоқ, ол бір күнге толық жетеді.

Сондай-ақ желіге шығарылған соңғы үлгідегі электр автобустар интеллектуалды-климаттық бақылау жүйесімен, пандустармен және ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін арнайы орындармен жабдықталған, қазірдің өзінде жаңа электр автобустар автопарктерді жаңартуға, жаңа бағыттар енгізуге, аялдамада күту аралығын қысқартуға мүмкіндік беріп отыр.

Былтыр Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар қалаларында электромобильдерге арналған 110 қуаттау бекеті орнатылды, оның 50-ден астамы елордаға тиеселі, Ұлттық павильон аумағындағы арнайы аймақта бір мезгілде 25 электромобильге қуат алуға жағдай жасаған. Дегенмен, әлемдік нарықпен салыстырғанда электромобильге сұраныстың аздығынан отандық нарықтың адымы ашылмай келеді.

Әлемдік нарықтағы соңғы жағдай

Соңғы статистикаға сүйенсек, 2021 жылы электрлік, гибридті және отындық элементті көлік түрлерін қоса есептегенде, жаңа энергетикалық көліктердің жаһандық сатылымы 6,23 миллион данаға жетіп, сәйкес мезгілдегімен салыстырғанда 118.6%-ға өскен. Жалпы көлік нарығындағы жаңа энергетикалық жеңіл көліктердің үлесі 8.5%-ды құрап, сәйкес мезгілдегіден 4,8 пайыздық пункт деңгейінде көтерілген. Нарықта шығыстағы көршіміздің көш бастап тұрғаны күмән тудырмайды, 2021 жылы Қытайда 3,31 миллион жаңа энергетикалық көлік сатылған, демек, жаһандық нарықтың 53%-ы – Қытайға тиеселі деген сөз. Статистикалық деректер Қытайдың бүгінгі күнде Еуро­паны шаң қаптырып, жаңа энергетикалық көліктің әлемдегі ең ірі нарығына айналғанын айғақтады.

Жапонияның Экономикалық жаңалықтар агенттігі ұсынған соңғы мәліметке сәйкес, жаһандық Электромобиль нарығындағы үздік 20 компанияның 12-сі Қытайдыкі екен. Ал MarkLines компаниясының деректеріне сенсек, Model 3 және Model Y нұсқаларының танымалдығына байланысты Tesla-ның сатылымы 2020 жылмен салыстырғанда 90%-ға өсіп, 930000 данаға жеткен, бұл электромобильдің әлемдік сатылымының (4,5 миллион дана) шамамен 20%-ын құрайды. Дегенмен, Tesla көліктерінің көпшілігі қытайлық тұтынушыларға бұйырғанын айта кеткен жөн, соның арқасында өткен жылы Tesla-ның Қытайдағы өндіріс және сатылым көлемі АҚШ нарығын басып озды.

Сарапшылардың болжауынша, электромобиль сатылымы 2022 жылы да өсе түспек. Әлемдік жеткізілім тізбегінде туындаған қиындыққа қарамастан, бірінші тоқсанда жер жүзінде 2 миллион электромобиль сатылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төрттен үш есеге көп. Алайда электрлік көліктер сатылымының жоғары өсімін сақтау алдағы уақытта біраз тосқауылға тап болуы мүмкін, қысқа мерзімді перспективада батарея өндірісіне қажетті кейбір минералдың күрт қымбаттауы, Украинадағы соғыс жағдайы және Қытайдың кей аймақтарындағы локдаунның салдарынан жеткізілім тізбегінің үзілуі электромобиль өндірісіне салқынын тигізуі кәдік. Дегенмен, электрмобильдердің жаппай қолданысқа енуіне шешімін күткен технологиялық проблемалар бәз-баяғыша кедергі келтіре береді дейді сала мамандары.

Электромобильдің артықшылығы

Электромобильге сұраныстың өсуіне әсер еткен фактор көп, әлем елдері «жасыл экономикаға» бет бұрған жаңа кезеңде, тартымдық аккумулятор мен электржетектің көмегімен қозғалатын, қоршаған ортаға зиянды қалдықтар мен денсаулыққа қауіпті газ шығармайтын электромобильдің өндірісі мен қолданысына үкіметтер мен коммерциялық емес ұйымдар айрықша қолдау білдіріп отыр. Ал қарапайым тұтынушыларды, әрине, бірінші кезекте бензинмен салыстырғанда электр қуатының әлдеқайда арзан түсетіндігі (алайда бензин бағасы салыстыр­малы түрде арзан Қазақстанда бұл электромобильдердің бәсекеге қабілеттігін шын мәнінде нығайта ала ма?) және салық төлеудегі жеңілдіктер қызықтыратыны даусыз. Электромобильдердің шығыны аз, бензинмен қозғалатын көлікпен салыстырғанда, электрлік көліктің шығыны соңғысының шамамен бестен біріндей ғана. Себебі оның майын, білтесін, сүзгішін ауыстыру қажетсіз. Электромобильдің «дыбыссыз» қозғалысы мен кептелісте көп энергия жұмсамайтыны да тұтынушылардың көңілінен шығады. Мысалы, Қытайда электромобиль сатып алушыға айтарлықтай субсидия төленетіні және салықтан босатылуы, көлік кептелісін реттеуге байланысты қабылданған шектеу шараларының электромобильдерге қолданылмауы нарықтың жылдам дамуына оң ықпал еткені даусыз.

Электромобильдердің кемшілігі

Қазіргі таңда жер бетіндегі көліктердің шамамен 8.5 пайызы ғана балама қуат көзімен қозғалады. Электромобиль нарығының қарқынды дамуына кедергі болатындай факторлар аз емес, сөзіміздің дәлелі ретінде электромобильдердің біраз кемшіліктерін атауға болады. Электромобильдердің қуаты ұзақ қашықтыққа жетпейді, электромобиль нарығында көш бастап тұрған Қытайда толық қуатталған электромобиль иесін мықтағанда 150 шақырым қашықтыққа жеткізе алады, алайда қолайсыз ауа райы, кептеліс, батареяның күйі т.б. жағдайларды ескергенде, іс жүзінде 100 шақырымға миземей жетуі неғайбыл. Бұл, әсіресе, қалалар мен елді мекендердің арасы шалғай Қазақстандағы тұтынушылар үшін өте-төте қолайсыз болатыны айтпаса да түсінікті, ал оған еліміздің көпшілік аймақтарында қыстың ұзақтығы мен қытымырлығына байланысты кондиционердің ұдайы жұмыс істеп тұруы қажет екенін қосыңыз. Электромобильдерді қуаттау көп уақыт алатыны да жасырын емес. Әдетте толық қуаттауға шамамен 8 сағаттай уақыт керек, тіпті жылдам қуат­таудың өзіне 1-2 сағат уақыт жұмсалады. Көлікті қуаттайтын бекеттер де тапшы, әлемдік нарықтың жетекшісі Қытай да бұл мәселенің оң шешімін таппай дағдаруда, себебі қуаттау бекеттерін салу айтарлықтай күш-жігер мен шығынды талап етеді, электромобиль нарығындағы сұранысы ең аз елдердің қатарына жататын Қазақстан үшін тіпті солай, өткен жылғы дерек бойынша, электромобиль мен электр автобустарына қажетті инфрақұрылымды дамыту мақсатында Нұр-Сұлтан, Алматы және Павлодар қалаларында 110 қуаттау бекеті орнатылған, алайда дамудың ұзақ мерзімді стратегиясы тұрғысынан бұл көрсеткіштің көңіл көншітпейтінін де мойындау керек.

Электромобильдің ең бас­ты кемшілігі – бағасының қымбаттығы және батареялардың «ғұмырының» қысқалығы. Электромобильдің барлық түрі өзімен қарайлас іштен жанатын қозғалтқышты көліктерден қымбат тұрады, оны қарапайым азаматтардың қалтасы көтере бермейді, оның үстіне, электромобильдердің дәстүрлі көліктерге қарағанда тезірек құнсызданатыны тағы бар, бұл да – тұтынушыны екіұдай күйге түсіретін көп себептің бірі.

Электромобиль бағасының шамамен үштен бірін оның батареясы құрайды, ал қазіргі қолданыстағы батареялардың көпшілігінің жарамдылық мерзімі 8-15 жыл аралығында, басқаша айтқанда, мүмкіндігі сарқылған батареяны ауыстырудың шығыны да шаш етектен. Ескеретін тағы бір жайт, бүгінгі таңда электромобильге пайдаланылатын жоғары сыйымдылықты батареялардың басым көпшілігі литий-ионды батарея тобына жатады, мұндай батареяны қайта өңдеу өте қиынға тоқтайды, Ұлыбританиядағы Лестер университетінің профессоры Эндрю Эбботтің есебінше, батареяны қайта өңдеу үрдісі өте қымбатқа түседі, кең ауқымда қайта өңдеудің қолданыстағы мешеу тәсілдеріне байланысты әлемдегі литий-ионды батарея­ларының шамамен 5%-ы ғана жинап алынады, ал қалған бөлігі жер бетіндегі зиянды қалдықтың қатарын көбейтіп жатыр. Оның үстіне, батарея шығаруға қажетті әр алуан металдарды өндірудің ресурстық шығыны да экология­лық ортаға аз зардап әкеліп жатқан жоқ. Түптеп келгенде, электромобиль саласын одан сайын дамыту үшін батарея өндірісін әртараптандыру қажет дейді мамандар.

Болашаққа болжал

Орын тепкен қиындықтар мен технологиялық проблемаларға қарамастан, сала мамандары электромобиль өндірісінің болашағына оптимистік көзқарас ұстанып отыр. Бұл негізсіз де емес, осыдан бірнеше жыл ілгері отандық сарапшылар батарея құнының айтарлықтай арзандайтынын болжаған еді, бірақ, әлемдегі соңғы оқиғалар, әсіресе жер жүзін жайлаған пандемия мен қымбатшылық бұл болжалдың іске асуын тағы біраз жылға шегеретін секілді, соған қарамастан соңғы технологиялық жаңалықтар электромобильге сұраныс пен қолжетімділікті арттыруға жол ашады. Мысалы, қазақстандық өнертапқыш Санжар Тайжан толық қуатталған электромобильдің жүріс қашықтығын 500-600 шақырымға дейін ұзартуға мүмкіндік беретін жоба ұсынғаны есімізде. Өткен жылы «Toyota» компаниясының 10 минут ішінде толық қуатталып, 500 шақырымға дейін жол басатын электромобильді шығаруға дайындалып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Мамандардың болжауынша, мұндай электромобильдер 2025 жылға қарай жаппай қолданысқа енуі мүмкін. Кореялық Hyundai Motor компаниясы да өткен жылы толық қуатты жүріс қашықтығы 500 шақырымға жететін Genesis eG80 көлігін нарыққа шығарды. Қытайлық сарапшылардың болжауынша, алдағы 3-5 жыл ішінде электр қуатымен қозғалатын «жасыл көліктер» пилоттық жобадан қарқынды дамуға бағытталып, энергетика және көлік революция­сы айтарлықтай синергетикаға қол жеткізеді. Электромобиль саласында интеллектуалды технологиялар кеңінен қолданылып, робот көліктер мен ақылды көліктердің дәурені басталады.

Әлемдік трендтен халық саны аз, тұтыну нарығы шағын Қазақстан да қағыс қалып жатқан жоқ. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсының мәліметтеріне сай, елімізде электромобильдің бірінші партиясы 2014 жылы шығарыла бастаған, қазақстандық «Сарыарқа-АвтоПром» зауыты «JAC iEv7S» электромобилінің сериялық өндірісін іске қосуға дайын. Кәсіп­орын «ANKAI» және «Yutong» электр автобус­тарының өндірісін де игеріпті. Оларды Нұр-Сұлтан, Ақтау және Павлодар қалаларының автопарктері пайдаланады. Сондай-ақ «Hyundai Trans Auto» кәсіпорнында «Golden Dragon» электр автобусының өндірісі игерілген. Электромобиль бағасын арзандатудың басты жолы – импортталған электр көліктерін кедендік төлемдер мен салықтан босату және отандық өндірісті, әсіресе батарея өндірісін дамыту. Жоспар бойынша, Қазақстанда биыл Hyundai Ioniq электромобилі, келесі жылы KIA EV6 өндіріле бастайды, 2022 жылы отандық автокөлік саласы 2000 дана электромобиль өндіреді деп жоспарланған. Ләйім, жасалған жоспар айтылған сөз күйінде қалмай уақытымен орындалып, игілігін ел көрсе, отандық автокөлік өндірісі технологиялық үдерістің көшінен қалмаса, құба-құп болар еді.

Ерлан Мазан 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button