Қала тіршілігі

Электронды әкімдік

БАЛАЛАР АЛАҢҚАЙЫНА БАП КЕРЕК

Өзі тұрып жатқан ауласы мен маңайына бейжай қарай алмайтын кейбір тұрғындардың қырағылығының арқасында қаламыздағы кейбір кемшіліктер дер кезінде анықталып, шара қолданылып жатады. «Халықтық бақылау» айдары арқылы Астана қаласының коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің назарын аударуға бағытталған хаттардың көбі балалар алаңқайының тазалығы мен қауіпсіздігіне қатысты болып жатады. 

Пушкин көшесі, 7-үйдің тұр­ғыны Венера Бехбудова есімді тұрғын Астана қаласы әкімдігінің сайтына балалар ауласының бірнеше айдан бері қоқыстан тазармай жатқанын айтып шағым жазыпты. Тұрғынның айтуынша, шылым қалдықтары, шыны сынықтары аралас қоқыс сонау сәуір айынан бері жатыр. «Сәуір айында аула жинаушылар (КСК қызметкерлері болуы мүмкін ред.) тура балалар ойнайтын алаңқайға қоқыс үйіп кетті. Содан бері бір айдан астам уақыт өтті, ешкім келіп тазалаған жоқ. КСК-ға бірнеше рет хабарласып ескерту жасадық. Алайда, еш нәтиже шыққан жоқ» депті шағым айтушы.

Пушкина д.7
Пушкин көшесі, 7

Алматы ауданы әкімінің аппараты бұл хатқа 7 күннің ішінде жауап жолдапты. «Құрметті, Венера! Алматы ауданы әкімінің аппараты тарапынан сіздің хатыңыз бойынша тексеру жүргізіліп, нақты шаралар қолданылды. Аула қоқыстан тазартылып, үй тұрғындарына қызмет көрсететін «Тұлпар» ПИК-нің бас­шылығына ауланы дер қоқыстан тазартып тұру туралы ескерту беріліп, айыппұл салынды. Пушкин көшесі, 7-үйдің ауласы үнемі бақылауымызда болады» делінген жауап хатта.
Құм салғыш түгіл қоқыс жәшігі жоқ.

Тағы бір хатта тозығы жеткен балалар алаңқайы сөз етілген. Петров, 5 мекенжайынан хат жолдаған Юлия Юнина есімді тұрғын балалар алаң­қайын қайта жарақтандыруды әрі ол жерде тұрған жалғыз әткеншектің 1970 жылдан бері қирап тұрғанын жазған. «Балалар ойнайтын құм түгілі қоқыс тастайтын жәшікке жарымай келеміз» дейді ол.
Алматы ауданы әкімі аппаратының жауабы:
Құрметті Юлия! Петров, 5 мекенжайы бо­йынша балалар алаңқайын жасақтау жұмыстары 2017 жылға жоспарланған. Жоба бойынша ол жерде ойын алаңы, гимнастика ауласы және орындықтары бар қоршаулы алаңқай салынады. Құм төсеуге қатысты мынаны хабарлаймыз: Астана қаласының санитарлық талаптарына сәйкес тұрғын-үй шаруашылығына жауапты
мекемелер 15 сәуір – 15 қазан аралығында кемінде бір рет таза құм төгуге міндетті. Өз ісіне салғырт қарағаны үшін ПИК «Радуга» мекемесінің төрағасы әкімшілік жа­уапкершілікке тартылды. Бүгінде алаңқайға құм төгілді.
Сондай-ақ, Республика даңғылында орналасқан 26-үйдің тұр­ғындары да балаларын ау­лаға жіберуге қорқа­тын­дарын айтып хат жолдапты. Онда 10 жылдан бері жөн­деу жұмыстары жүр­гізіл­мегендіктен, ауладағы ойын­шық атаулы бала өміріне қауіп төндірерлік жағдайға түскені баяндалады. Әсіресе, сырғанақтар мен әткеншектердің халі мүшкіл. Қоқыс жәшігінен шығатын күлімсі иістің кесірінен тұрғындар балаларын құммен ойнауға жібере алмайтын жағдайға түскен. Бұл жағдайды әкімдік сайтына Әлия Қадырбаева баяндап берген.

республика 26
Алматы ауданының әкімі аппаратының мәлімдеуінше, бұл мәселе де қазір шешімін тауып отыр. № 26 үйдің ауласы қалпына кел­тіріліп, шағын архитектуралық нысандар түгелдей қалпына келтірілген. Балалар ойнайтын құм басқа жаққа ауыстырылды.

Республика 26-1

ЖЕРТӨЛЕ МЕ, ӘЛДЕ КӨЛШІК ПЕ?

Әкімдік сайтына шаруашылық қызметіне көңілі толмай хабарласып жататындар баршылық. Риза Нұрғалиева есімді тұрғын жертөлеге жиналып қалған сасық судың тұрғындардың мазасын алып отырғанын айтыпты. 

«Әуезов көшесінде орна­ласқан 45-үйдің жертөлесі тұрмыстық қалдықтар ара­ласқан борсыған судан көз ашпай отыр. Қашан барсаң да жертөлеміз лық толып тұрады. Осы мәселе бойынша «109» қызметіне хабарласқан едім. «109» қызметі «Сұң­қар» ПИК-не хабарласса, мұндағылар жертөледе еш­қандай су жоқ. Құп-құрғақ» деп, жауап қатыпты. Тазартып қойған шығар деп қайта барсам ештеңе өзгермеген. Сол баяғы қолқаны қабатын сасық суға лықып тұр. Көңіл аударуды сұраймын!» депті Риза Нұрғалиева.
Тұрғын үй инспекциясы басқармасы бұл шағымды 4 күннің ішінде қарап, жертөлесі суға толған үйді толықтай өз бақылауына алып отыр. Бас­қарманың мәліметінше, оқыс жағдай кәріз құбырындағы сору жүйесінің істен шығуынан туындаған. Бүгінгі таңда ақау реттеліп, жертөленің суын сорғызу және қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал кемшілікке жол берген «Сұңқар» мекемесіне ескерту жасалған.

КӨШЕ АТАУЫНА ҚЫРАҒЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

Кейде «Халықтық бақылау» айдарына көшедегі сыртқы жарнамалар мен билбордтар, сондай-ақ, көше атауларында кездесетін қателіктерге қатысты арыз-шағымдар түсіп жатады. Мұндай қателіктер, әрине, қала көркін бұзатыны даусыз.  

Ы.Дүкенұлы 10

Мақсұт есімді бір тұрғын Ықылас Дүкенұлы бабамыздың атына берілген көшеден өрескел қателік тауып, «№10 үйдің қабырғасындағы Ы.Дүкенұлы көшесі деген атау Ы.Дұкенұлы деп қате жазылған» деп сайтқа шағым қалдырып, суретін қоса жіберген екен.
Құзырлы мекеме де шағым­данушыға көпке созбай жауап беріпті. Жауап хатта «Кұрметті, Мақсұт Кайратұлы! Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты, Сіздің көше атауының қате жазылғаны жөніндегі үндеуіңізді қарас­тырып, ағымдағы жылы шілде айының 18-не дейін «Информация коммерция строительство» ЖШС мердігерлік ұйымымен аталған ақаулар жойылатыңдығын хабарлайды» делінген.

Дайындаған: Бүркіт НҰРАСЫЛ

Деректер www.astana.kz сайтының «Халықтық бақылау» бөлімінен іріктеліп алынды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button